Жемқорлардың есімі желіде жарияланады
Жемқорлардың есімі желіде жарияланады
© коллаж: Елдар Қаба
230
оқылды
Пара алып, атақты болып кетпеңіз. Енді жемқорлардың есімі желіде жариялануы мүмкін. Сондай-ақ пара берген адамның да аты-жөні әлеуметтік желілерде көрсетілмек. Мұндай заң жобасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынып отыр. Жаңа заң талаптары қашан қолданысқа енеді?  Және мұндай жүйе  жемқорларды жүгендей ала ма? Заң жобасы қашан күшіне енуі мүмкін? Жаңа заң жобасы қолдау тапса, жағдай қандай болмақ? Жемқор­лар­дың есімі қалай жария етілетін болады? – Негізі, заң жобасына 16 бағыт бойынша өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл –қолдау табады, әлде таппайды деп қарайтын дүние емес. Агенттік ұсынып отырған өзгерістер толықтай енгізіледі. Алайда біз халықтың пікірін біліп, бәлкім басқаша өзгерту үшін жария талқыға салып отырмыз. Жаңа өзгеріс­тер 13 мамыр күні жариялан­ған­дықтан, нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді. Егер агенттік ұсыныстары ешқандай толық­тыру­сыз қалатын болса, заң жобасы Парламентке ұсынылады. Ол жақ­тың қарауынан еш кедергісіз өтсе, заң жобасы 2023 жылы толықтай күшіне енеді. Әзірге бұрынғы жемқорлардың да есімі жариялана ма, әлде кейін ұсталған­дардың ғана ма, ол жағы нақтыланбай тұр. Бірақ бұл жоба аяғына дейін бара­тыны анық, – дейді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша депар­таменті­нің бас маманы Айбек Әжібаев. Жамбылда  жемқорлық фактілері қай деңгейде? Осы орайда Жамбыл облысында осы жылдың бірінші тоқсанында болған жемқорлық фактілеріне көз жүгірткен едік. Департамент мәліметінше, жыл басынан бері 118 қылмыстық іс тір­келіпті. Оның 52-ін департамент анық­таса, 28-і өзге органдардың алдынан өткен. Айыптау актісімен 15 тұлғаға қатысты 11 қылмыстық іс аяқталған. Ақталатын негіз­дер­мен 22 қылмыс­тық іс тоқтатылған. Қылмыстық істер шеңберінде анықталған залал сомасы 389 миллион теңгені құраса,  оның 378 миллион теңгесі  мемлекетке қай­тарыл­ған. Сонымен қатар  19,5 миллион теңгеге тыйым салынған. Есепті кезеңде  қылмыстық істер шеңберінде мемлекеттік органдарға 17 ұсыну енгізіліп, нәтижесінде 5 лауазым­ды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.  Мәселен,  Жуалы аудандық полиция бөліміне  Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабының аясында қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайлар­ды жою туралы ұсыныс жолданған.  Осылайша,   Жамбыл облысының Полиция департаменті басшысы­ның бұйрығы­мен  қарамағын­дағы қызметкер пара алу түріндегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шылық  жасағаны үшін қатаң сөгіс беруден бастап, қызметтік талап­тарды толық орындамағаны туралы ескертуге дейінгі тәртіптік жауап­кершілікке бірқатар шенді тартыл­ған. Тағы бір айта кетерлігі, сыбай­лас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған екі азаматқа 367 мың теңге көлемінде сыйақы берілген.
P.S. Міне, осылайша жемқорлықпен күрес елімізде жаңаша көрініс алғалы тұр. Бұл жоба жемқорлықты қанша­лықты жүгендей алатыны әзірге белгісіз. Алайда Ресей мемлекетінде осындай заң жобасы 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Көрші мемлекетте жемқор­лардың аты-жөнінен бөлек қай лауазым­ды қызметте ұсталғаны тура­лы да анық көрсетілген. Сон­дық­тан елімізде ұсынылып отырған заң жобасы әлемдік тәжірибеде бар дүние. Егер жаңа өзгерістер барлық құзырлы ұйымнан оң қолдау тапса, онда шенділерге аяғын аңдап басуға тура келеді. Әйтпесе, аты-жөні әлеуметтік желіде жария­ланып, абыройы бір-ақ күнде төгілмек.

Жамбыл облысы