Қызылордалықтар күлімсі иіспен тыныстауға мәжбүр
Қызылордалықтар күлімсі иіспен тыныстауға мәжбүр
337
оқылды
Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі шет аймақ тұрғындары кәріз суынан пайда болған көлшіктен шыққан күлімсі иіс ауаны ластап, тіршілік ету мүмкін болмай қалғанын айтып, мұңын шақты. Тіпті, соңғы күндері ассенизаторлық көліктер сүзгі алаңына жетпей, сасық суды жол бойына төгіп кетіп жүргенін жеткізді. «Осы аумақта тұрып жатқанымызға біраз жыл болды. Жаз басталса, көрер күніміз осы. Кәріз суын тазалауға арналған сүзгі алаңы жақын орналасқандықтан, одан тараған күлімсі иіс айналаны ластап, таза ауаға мұқтаж болып отырмыз. Есік алдымен таң атқаннан кеш қарайғанша 20-30 шақты ассенизаторлық көлік өтеді. Лас қалдықтарды сүзгі алаңына төгеді. Кейбір көліктер лас қалдықты арнайы құдыққа құймай, көлшікке төге салады. Соның салдарынан ауа ластанып, есік алдына шығу мүмкін болмай тұр», – деп ІІІ топ мүгедегі, кент тұрғыны Күнғабыл Байназаров жанайқайын жеткізді. Бұл аздай, осы аумаққа жол салу мақсатында тегістеліп, төселген құмның үстіне ассенизаторлық көлікпен су сеп­кенін ашына айтты. Сумен бірге ассени­заторлық көліктен лас қалдықтар жолды ластайтынын айтқанымен, ешбірі құлақ аспаған. «Әсіресе, түн жарымында  көліктер сүзгі алаңына жетпей, жол бойына лас қалдықтарды төгіп жатады. Өткен мамырдың 1-і күні күлімсі иістен дем алу тіпті мүмкін болмады. Жолға лас қалдықтарды төгіп кеткенін ертесіне білдік. Соның салдарынан сасық иіс айналаны түгелдей алып кетті. Мұндай жағдай бұған дейін де қайталанған. Құзырлы орындарға осы төңірегінде қаншама рет айтсақ та, нәтиже болар емес. Сүзгі алаңын бүгін-ертең жөнге келтірмейтіні белгілі. Ең болмаса лас суды сүзгі алаңына жеткізбей, жолға төгіп жүрген жүгенсіз жүргізушілерге шара қолданылса екен», – деп ашынды кент тұрғыны. Кенттің тағы бір тұрғыны Ербол Жұманов аталмыш аумақта балалар ойын алаңы да салынбай отырғанын айтып, мұңын шақты. Соның салдарынан балалар жол бойына төгілген лас қалдықтардың үстінде ойнауға мәжбүр. «Сасық көлден шыққан иіс аздай, енді үйіміздің жанына сасық суларды төгіп жатқанына ешкім бас ауыртпай отыр. Оның үстіне, күл-қоқыстар да осы аумаққа төгіледі. Электр бағаналарының басындағы тоқ сымдарын бұған дейін ұрлап та кетті. Айта берсек, бұл аумақта небір сұмдық болып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті әкімдіктен, құқық қорғаушылар назарынан тыс қалып отырмыз. Астана қаласына арнайы барып, Мемлекет басшысының қабылдауына да жазылған болатынмын. Бірақ хабар келмеді», – деп ойын толықтырды ол. Осы мәселе төңірегінде «Қызылорда су жүйесі» МКК-ға хабарласқанымызда лас қалдықтар төңірегінде арыз-шағымд­ардың көбеюіне байланысты кәріз су­ларды осы сүзгі алаңынан Титов қыстағын­дағы биологиялық тазарту стансасына бұру бағытында  тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта түйіткілдің түйіні тарқатылатынын мәлім­деді. Алайда құрғақ уәдеден шаршаған аумақ тұрғындары құзырлы орындардың уәжіне күмәнмен қарайды. Сүзгі алаңын басқа арнаға бұрғанға дейін жол бойына лас суларды төгуге тосқауыл қойылғанын қалайды. Ал қала орталығындағы «Құралай» ЖК меншігіндегі 8 қабатты тұрғын үй халқы күні-түні сасық иістен есік-терезелерін аша алмай, зардап шегіп келеді.  Тұрғындардың айтуынша, лас сулар көп­қабатты тұрғын үйлердің жанындағы кәріз суын тазалауға арналған сүзгі алаңына құйылады. Ал одан шыққан сасық иіс ауаға тарап, еркін тыныс алуға мүмкіндік бермей отыр. Осы жайында құзырлы орындарға хабарлағанымен, ешқандай шара қолға алынбай келеді екен. «Көпқабатты тұрғын үй қаланың орта­лық алаңының жанында орналасқан. 8 қабатты тұрғын үйде көптеген отбасы тұра­ды. Ойын балалары кешкілік мезгілде аулада ойнайды. Өзіміз де кешкі салқынмен таза ауада серуендегіміз келеді. Алайда кәріз суын тазалайтын  сүзгі алаңынан шыққан күлімсі иіс өкпені қабады. Есік алдында еркін тыныстауға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, балала­рымыз­дың денсаулығына да алаңдау­лымыз», – деп осы аумақ тұрғыны Роза Кан ашынып отыр. Жергілікті құзырлы орындарға осы мәселе төңірегінде бірнеше хат жазғаны­мен, қанағаттанарлық жауап ала алма­ғанын алға тартады. «Өткен жолы бірнеше тұрғын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне барып, мәселенің шешілуіне ықпал жасауын сұраған еді. Соған орай бір-екі күнде арнайы комиссия барып, тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтып, сендірген болатын. Алайда ешбір адам келмеді. Мұны қалай түсінерімізді білмей отырмыз», – деп мұңын шақты Р.Кан. Осы мәселе төңірегінде Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан «Қызылорда су жүйесі» МКК «Қызылорда электр тарату торабы» АҚ-да жұмыстарын жүргізу тапсырылған. Алайда тұрғындар бұдан да нәтиже болмай тұрғанын жет­кізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы