Клубтардың бюджеті қысқарды – Асхат Сейсембек
Клубтардың бюджеті қысқарды – Асхат Сейсембек
260
оқылды
Ел спортының, оның ішінде кәсіпқой клубтарымыздың лайықты болашағы үшін уақыт талабы мен жаңа заман талабына сай жұмыс істеп келе жатқан SportQory туралы көпшілік біле бермейді. Аталған қордың нақты немен айналысатынын, қаражаттың қалай бөлінетінін және «Астана» кәсіби спорт клубының болашағы туралы Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының директоры Асхат Сейсембек айтып берді. – SportQory өткен жылдан бастап «Астана» футбол клубы, «Барыс» ХК, Astana Qazaqstan Team велокомандасы және «Ас­тана» кәсіби баскетбол клубының құрылтайшысы атанғанын біле­міз. Бұл қордың жұмыс процесіне қаншалықты өзгеріс әкелді? Қысқаша қорытынды жасай ала­сыз ба? – SportQory кәсіби клуб­тар­дың құрылтайшысы атанған уақыттан бастап ауқымды жұ­мыс атқарды деп сеніммен айта аламын. Осы уақыт аралығында қорда кәсіби спорт клубтарының жұмысымен айналысатын арнайы бөлім құрылды. Клуб­тардың атқарған жұмыстарына талдау жүргіздік. Командалардың қаржылық мәселесін ғана емес, штаттық құрамын, демеуші­лермен байланысын, медиа-маркетингтік бөлімін де бақы­лауда ұстадық. Қазір «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» кәсіби баскетбол клубы толық­тай аттестациядан өтті. Жақында «Астана» футбол клубы мен Astana Qazaqstan Team велокоман­дасы атқарып жатқан жұмыстар­ға арнайы талдау жасаймыз. Бұл жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Одан бөлек клубтардың бюд­жетін оңтайландыру бойынша да нақты қадамдарға бардық. Орташа есеппен алғанда кәсіби клубтардың бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға қысқарды. – Кәсіби клубтар толықтай SportQory құрамына енгенімен, «Астана» кәсіби спорт клубы да қатар жұмыс істеп жатыр. Бұл ұйымның негізгі функциясы қандай? – Бұл жерде айта кететін негізгі бір фактор бар. Естеріңіз­де болса, Astana Qazaqstan Team велокомандасының 50 пайыз құқығы канадалық Premier Tech компаниясына тиесілі болатын. Былтыр біз командаға, ат­қар­ған жұмыстарға талдау жаса­ғаннан кейін, канадалық ком­пания өз тарапынан екіжақты келісімді тоқтатып, әріптестікті үзу туралы шешім қабылдады. Ал велоұжым осыған дейін «Астана» кәсіби спорт клубы құрамында болғанын ескерсек, оны біздің қатарға қосу заң тұрғысынан біршама уақытты қажет етеді. Сондықтан да өткен жылдың соңында команда атауы өзгеріп, отандық жас велошабан­доздарға мүмкін­діктер беріліп, құрам қайтадан жасақталды. Жыл соңына таман спорт клубы­ның ары қарай немен айна­лысатыны нақты­ланып, тиісті шешімдер қабыл­данады. «Астана» футбол клубының  кредиторлық қарызы туралы көп ақпарат жарық көрді. Өзіңіз де бірнеше мәрте сұхбат бердіңіз. Футбол клубының қазіргі жағдайы қалай? Қарыз­дары толық өтелді ме? – «Астана» футбол клубының кредиторлық қарызы бойынша арнайы аудит жүргізіліп, қарыз­дар толық өтелді. Тағы бір айта кететін жайт, осы маусымнан бастап ойыншылардың агент­теріне қаржы төленбейтін болды. Команда құрамына келген ойыншылардың барлығы дерлік «еркін агент» ретінде қосылды. Қазір клуб басшы­лығымен бірлесе отырып клуб­тың 2022-2026 жылдарға арнал­ған стратегиялық жоспарын бекітуді қолға алдық. Онда клуб академиясын құру, жанкүйер­лермен жұмыс, демеушілер тарту, команданың отандық және еуропалық аренадағы жетістіктері т.б. көптеген бөлім­дер бойынша атқарылатын қыз­меттер нақты көрсетіледі. Ал осы жылы клуб алдында Қазақстан чемпионаты мен ел кубогінде топ жару, UEFA Конференция лигасының топтық кезеңіне шығу міндеті тұр. Егер команда осы тапсырманы толықтай орындайтын болса, Қазақстан кубогі жеңімпазына 50 миллион теңге көлемінде, сондай-ақ Конференция Лигасының топтық кезеңі үшін көлемді қаржылай сыйақы алады. Жаңа маусымда ішкі біріншілік жылдағыдан қараған­да өте тартысты өтуде. Өздеріңіз байқағандай, чемпионаттағы командалардың деңгейі теңес­кен, нақты бір фаворит жоқ. Бірінші орындағы команда мен оныншы орындағы команда арасында ұпай саны бойынша аса көп айырмашылық байқал­майды. Айта кететін тағы бір жайт, ішкі біріншілікте VAR жүйесінің іске қосылуымен чемпионат та қызықты бола түсті. – Ұлттық лиганың чемпионы атанған «Астана» кәсіби баскет­бол клубына тоқталсақ. Клубтың алдағы жоспары қандай? – Біз бірінші кезекте өз ойын­шыларымызға сенім артуы­­мыз керек. Қазақстандық сайыпқырандардың болашақта жоғары деңгейдегі спортшы атануы үшін оларға дұрыс жағдай жасай білу маңызды. Осы мақсатта 2017 жылы клуб жаны­нан құрылған академия түлектері ойын тәжірибесіне ие болсын деп, өткен жылы «Астана-2» фарм-клубын құрдық. Онда тек қана өзіміздің қаракөздеріміз ойнап, кәсіби спортшы ретінде толысып келеді. Сондай-ақ клубтың жанкүйерлер базасын, танымалдығын арттыру мақ­сатында маусым соңындағы бірқатар ойындарды Алматы қаласында өткіздік. Ол жақтағы баскетболға деген қызығушылық жоғары екенін байқадық. Ал­дағы маусымда да осы тәжірибені қолданып көру жоспары бар. Жақында клуб құрылымында айтарлықтай өзгерістер болады. Қазір клуб басшысы қызметіне жергілікті маман тағайындалды. Astana Qazaqstan Team вело­командасы құрылған жылдан бастап бірнеше рет атауын өзгер­тіп үлгерді. Команда құрамы то­лық­тай жаңарды. 17 веломаусым­дағы команданың мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Жоба қанша­лықты өзін ақтап жатыр? – Бастапқыда команданы құрудағы мақсат астана атын шығару болатын. Сол үшін клуб Лэнс Армстронг, Альберто Контадор, Андреас Клёден, Вин­ченцо Нибали сияқты жұлдыздарды сапына қосты. Соның арқасында қазақстандық велокоманда халықаралық жарыстарда айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік Гранд-турларда 8 рет жеңіске жеткен, кезеңдік жарыстарда 48 рет тұғырға көтерілген команда бұл мақсатты артығымен орындады десе болады. Бірақ кейінгі 6-7 жылда команда әлемдік арена­дағы өз позициясын жоғалтып алды. Өкінішке қарай, Алексей Луценкодан басқа жарқ етер жұлдыз әлі шықпады. Басқа командаларға ауысып жатқан отандық спортшылар мүлде жоқ. Осыған қарап-ақ команда өзінің алғашқыдағы жоспарынан жаңылғанын байқауға болады. Қазір жоғарыда атап өткендей, жаңа маусымға команда жаңа құраммен, жаңа атаумен қадам басты. Astana Qazaqstan Team-нің жаңа маусымдағы басты міндеті – отандық велошабан­доздардың шеберлігін шыңдау, еуропалық гранд-турда, кезеңдік жарыстарда топ жару. – «Барыс» хоккей клубы биылғы маусымды аяқтады. Жаңа маусымда команда нендей өзгеріс­тер жасамақ?  – «Барыс» хоккей клубы – өз позициясын нақты айқындаған, клубтық құрылымдық жұмыс­тарды жоғары деңгейде жүргізе алатын ұжым. Оны қор құрамы­на кірген уақыттан бастап бай­қадық. Бірақ алда атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Қазір командада маусымаралық үзіліс кезеңі. Алдағы жылы клуб сапындағы легионерлер санын азайтып, отандық спортшы­ларға, оның ішінде «Барыс» хоккей академиясының түлек­теріне барынша назар аударамыз.