Сақтандыру қызметі не үшін қажет?
Сақтандыру қызметі не үшін қажет?
Кейінгі кездерде Қазақстанда сақтандыру қызметтері жайлы жиі айтыла бастады. Осыған орай Fingramota.kz сақтандыру не үшін қажет және оның қандай түрлері бар деген сұрақтарға жауап берді. Елімізде сақтандыру қорларындағы ең негізгі үлес – мүліктік сақтандыруға тиесілі. Оның мөлшері шамамен 60%-тен астам. Қазіргі таңда азаматтар мен кәсіпкерлер өз ғимараттарын, түрлі үй-жайларын, техникалық жабдықтарды, тіпті жиһаздарды да ерікті түрде сақтандырады. Сақтандыру дегеніміз не? Сақтандыру адамдарға өзін немесе дүние-мүлкін түрлі күтпеген жағдайлардан қорғауға көмектеседі. Олар мынадай себептер болуы мүмкін:
  • өрт немесе су тасқынынан зардап шегу;
  • кенеттен ауырып қалған жағдайда;
  • уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде.
Сақтандырудың болуы толық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Бірақ шығындарды жабуға көмектеседі. Сақтандыру төлемі – бұл сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемінің қажеттілігі туындағанда немесе жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзім басталған кезде сақтандыру сомасы шегінде төленетін ақша. Сақтандырудың қандай түрлері бар? Сақтандырудың екі түрі бар: заң талаптары бойынша жүзеге асырылатын міндетті сақтандыру және ерікті, яғни сақтандыру шарты тараптарының еркі бойынша. Ерікті сақтандырудың негізгі түрлері:
  • мүлікті сақтандыру;
  • өмірді жинақтаушы сақтандыру;
  • ауырған жағдайда сақтандыру;
  • жазатайым жағдайлардан сақтандыру;
  • CASCO;
  • азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру.
Сақтандыру қызметтерін онлайн түрде алуға бола ма? Міндетті және ерікті сақтандырудың барлық түрлері бойынша онлайн шарт жасасуға болады. Бүгінде автомобиль мен жылжымайтын мүлікке арналған сақтандыру полисінің көбісі онлайн-форматқа ауыстырылып жатыр. Мысалы, елімізде автосақтандырудың барлығы дерлік онлайн режимде жасалады. Сақтандыру компаниясын таңдауда неге мән беру керек?
  1. Қаржы реттегіш лицензиясының болуы
Сақтандыру компаниясы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы болған жағдайда ғана жұмыс істеуге құқылы. Оны тексеру үшін Агенттіктің интернет-ресурсына «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөліміне өтіп анықтауға болады.
  1. Компанияның тарифтеріне назар аударыңыз
Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша тарифтер заңнамалық деңгейде белгіленеді. Ерікті сақтандыру түрлері бойынша полистің болжамды құнын сақтандыру компаниясының сайтында онлайн есептеуге болады. Сақтандыру компаниясын таңдауда олар ұсынатын тарифтер мен сақтандыру полистерінің құнын салыстыру маңызды.
  1. Компания беделі
Жақсы беделге ие компанияларды таңдау қажет. Сондай-ақ сайттағы пікірлерге мән беріп, тәжірибелі таныстардан кеңес алуға болады.
  1. Сақтандыру шартының (сақтандыру полисінің) талаптары
Ешқашан Шартқа оның талаптарын оқымай қол қоймау қажет. Сақтандырушымен байланысты реттеудегі маңызды құжатта сақтандыру жағдайының белгілері көрсетілген тармаққа баса назар аударған жөн. Сақтандырудың қандай жағдайларда қолданылатынын және қандай жағдайлар сақтандыру ретінде танылмайтынын нақты түсіну маңызды.
  1. Онлайн сақтандыруды рәсімдеу кезінде сақ болыңыз
Сақтандыру полисін онлайн-режимде ресімдеудің бірқатар маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, ыңғайлылық, екіншіден, уақытты үнемдеу. Бірақ кемшіліктері де бар, олардың негізгісі кибер алаяқтарға тап болу қаупі. Мысалы, кез келген сақтандыру компаниясының сайтын қайталайтын фишингтік бетке түсуге болады. Сондықтан полисті онлайн рәсімдеу және сатып алу алдында сайтты мұқият оқып шығу керек.