Алаш аманатын ардақтаған ұстаз
Алаш аманатын ардақтаған ұстаз
610
оқылды
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Мектептің жаны – мұғалім», – деп айтатыны бар. Бұл қазақ халқын әлемдік өркениет пен ғылымға жетелеген Алаш ардақтысының келер ұрпақтың көкірегеіне білім сәулесін түсірігісі келеген жандарға нұсқаған бағдары іспетті бағалы сөзі еді. Алаш арыстарының арман-мұрат жолындағы келелі кеңестеріне төр берген шаңырақта өмірге келген ұланның бұл киелі ұғымды ғұмыр сапарына темірқазық етпеуі мүмкін емес еді. Өткен ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Арғы-бергі тарихта, өркениет дамуында азаттықты ту еткен, бостандық жолын мұрат тұтқан , осы бағытты таңдаған ұлт пен ұлыстар көп-ақ. Алайда, азаттық жолына түсу, тәуелсіздік мұраттарына қол жеткізу оңай болмағаны анық. Ел тарихы мен дамуында – Алаш жолы, азаттық пен тұтастық мәселесі айырықша орын алады. Алаш жолы – ұлт тарихының айнасы, елдік мұрат-мүдденің асыл арнасы. Ел тарихының арғы-бергі кезеңінің өрнекті өрісі, азаттық арқауы. Біз сөз еткелі отырған Татухан Төлеуғазыұлы Абылайханов «соқтықпалы, соқпалы» ғұмырында сол бір Алаш аманатын ада етуді өзіне перезенттік парыз санаған тұлға еді. Татухан ағаның әкесі Төлеуғазы Серғазыұлы Абылайханов Санкт-Петербургте оқыған, өз заманындағы өте білімді қазақтардің бірі болған деседі. Сонымен қоса, Төлеуғазы Абылайханов атақты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа жақын жандардың, саяси серіктерінің санатында болған. Бұл жайында Татухан Абылайханов өз еңбегінде: «ХХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов қасында екі серігі бар, 1922 жылы қазан айының соңғы күндерінің бірінде қазіргі Шығыс қазақстан облысы, Абай ауданы, Сарыжалды мекендеп отырған Төлеуғазы Серғазыұлы Абылайхановтың ауылына келіп түсті. Жолаушыларды қарсы алған Болатқазы Серғазыұлы Әлекеңді танып, абыржып, сасқалақтап қалды да есін тез жинап алды...», – деп әке шаңырағына Әлекеңнің атбасын бұрғаны туралы жазады. Тарихи деректерде, Алаш көсемінің 1922 жылы Семей жерінде болғаны, ал кейін тұтқындалып Қарқаралы абақтысына қамалғаны айтылады. Алаш арыстарына көлеңке түсірген ала бұлт Төлеуғазы шаңырағында айналып өткен жоқ. Қалай десекте, ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді.Осы бір тағдыр тауқыметі жайлы Татухан аға өзінің «Сұрапыл жылдар» кітабінде: «1926 жылы ұлт көсемі үй қамауына алынып, Москвадан аттап шықпайтын шектеу қойылған соң, большевиктер Алаш арыстарының көзін құртуға белсене кіріскені мәлім. Солардың қатарына Төлеуғазы да тұтқындалып, Карлагта азапты жылдарды өткерген соң, шындықтың жоқтығына көзі әбден жеткен соң, тірі қалаудың бірден-бір жолы – қашып құтылуды ерікісіз таңдаған еді» -, деп қалам тербейді.Тарихи деректерге көз салар болсақ, саяси репрессия жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Зиялыны зиянды деп қаралаған зұлым заманда қаншама қоғам қайраткерлеріне қасақана қиянат жасалды. Арыстарымыз атылып, тектілер тентіреген тауқыметке толы кезең халқымыздың жазылмас жарасы болып тарихтың қойнауында қалды. Бірақ, сол бір жылаулы жылдар Татухан Төлеуғазыұлының өмірінен жыр болып өріліп, қасіретті күндердің сызаты мен сырқаты сыр болып төгілгені тағы бар. Татухан Төлеуғазыұлы Абылайханов 1937 жылы 10 қарашада КХР-дың Алатай аймағына қарасты Жеменей қаласына өмірге келді. Ата- анасы Төлеуғазы Серғазыұлы Абылайханов пен Әлима Омарбекқызы Оспанова 1937-1939 жылдардағы саяси қуғын сүргінің құрбаны болды. Балалық шақтың кермек дәмін татқан тадғыр иесінің пешенесіне жас ұрпақтың жүрегіне сөнбес сәуле жағатын ұстаз болу бақыты бұйырыпты. Татухан Төлеуғазыұлы Абылайханов Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылында жарты ғасырға жуық мұғалім, оның онбес жылында мектеп директоры болып қызмет атқарды. Татухан аға білікті ұстаз ретінде «Алгебра және анализдер бастамасы» атты бірқатар оқулықтар жазды. Білім және Ғылым министрлігі бекіткен, Алматыдағы «Білім» баспасынан жарық көрген аталмыш оқулықтың аннотациясында: «Мұнда замана талабын, оқушылар тілегін және қазақ мектептерінде арнаулы төл оқулықтың жоқтығы ескеріліп, болашақ оқу бағдарламасын қамту көзделді» деген жинақты ой-тұжырым жазылған. Саналы ғұмырын ағартушылық пен халықының рухани кемелденуіне арнаған ардақты ұстаз еселі еңбегі үшін «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» сынды марапаттарға ие болды. Татухан Төлеуғазыұлы ұлағатты ұстаз ғана емес, қарымды қаламгер, жүрек қылын шертетін мың ырғақты сарындарды өмірге әкелген сазгер еді. Ардагер ұстаздың Алаш арыстарының ұлт - азаттық қоғалысы мен сан алуан дәуір тынысын, өзінің өткен өмір белестерінен сыр толғайтын «Айтылмай жүрген құпия», «Сұрапыл жылдар», «Сыр сандық» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қоса, Татухан ағамыз «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сынды көптеген мерзімді басылымдарда да әңгімелер мен түрлі тарихи деректерді зерделейтін мақалаларын үзбей жариялап отырды. Саны қырлы дарын иесі артына өзінің өлеңдері мен қазақтың ғажап ақыны Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған 30 – ға жуық ән қалдырды. Ол әндер елін сүйген ұланға ерлік дарытатын, сұлулықтың сан қатпарлы сырына бойлататын, қазақтың сары даласын самал болып тербеген сарындар, бұлақтай сыңғырлы әуендер еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» –, деген тағылымын бар өмірінің бағдары еткен Татухан Абылайханов өз жүртының өркениет көшінен қалмауына, елінің еңсе көтеру жолына аянбай тер төкті. Ардагер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» Татухан Төлеуғазыұлы 2020 жылы тамыздың 29 жұлдызында 83 жасқа қараған шағында жарық дүниеге хош айтты. Паймы бөлек, парасаты биік тұлға көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Ол шындығында «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлекең айтқан ар ұстанымынан айныған емес. Татухан Абылайханов шын мәнінде Алаш аманатын ада ете білген ардақты ұстаз бола білді. Оның шығарашылық мұрасы кейінгі ұрпаққа мол рухани қазына, ал өмірі өшпес өнеге болып қалатыны ақиқат. Олай дейтініміз, Татухан Абылайхановтың тағдыр жолы өзінің рухани ұстаздары саналатын Алаш арыстарынан қалған сара жол еді. Ол тағдыр - тәлейіне жазылған сан соқпақты көрседе, сол бір тағылымды жолдан таймағанына әсте көнбесе керек.

Ерзат АСЫЛ