Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысқан Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында мәлім етілді. Бұған дейін жауапты мемлекеттік органдарға салалық объектілер мен ұйымдарды жекешелендірудің негізділігіне, оның ішінде жеке операторларды құру тұрғысынан талдау жүргізу тапсырылған еді. Оның нәтижесінде бірқатар коммуникациялық, инфрақұрылымдық және өндірістік компанияны мемлекеттік меншікке беру ұсынылды. Бүгінде республикалық меншікке бірқатар кәсіпорын мен мекеменің акциялары мен қатысу үлестері қабылданды. Атап айтқанда, «Көлік сервисі орталығы» АҚ мүлкінің құрамында ұзындығы 250 шақырым болатын 400-ден астам кірме теміржол желілері қабылданды. Мемлекеттік меншікке ұзындығы 178 шақырым болатын 138 кірме теміржолына иелік ететін тағы 25 компанияны қабылдау жүргізіліп жатыр. Бұл компаниялардың мемлекет меншігіне қабылдануы теміржол инфрақұрылымы саласында делдалдарды болдырмауға және осы қызметтерге бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге комиссия отырысында Жекешелендірудің кешенді жоспарынан халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін 205 объектіні алып тастау мәселесі талқыланды. Оның ішінде жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және басқа да коммуналдық қызметтер бар.