5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтетіні көпке мәлім. Осыған орай, Орталық референдум комиссиясы бірнеше мәселені талқылап, жиын өткізді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен болған басқосуда референдум өткізу тәртібі нақтыланып, бірнеше қаулы шықты. Сонымен республикалық референдумға қанша азамат қатысады, ел аумағында неше учаске жұмыс істемек? Осы істердің ұйымдастырылу жағына кеңінен тоқталсақ. Өңірлердің дайындығы пысықталды Маңызды жиында әуелі республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің референдумға дайындық мәселесі қаралды. Жалпы, талап бойынша әкімдіктер референдум болардан 20 күн бұрын қатысуға құқы бар азаматтардың тізімін жасақтап үлгеруі тиіс. Яғни, бір облыстан қанша адам референдумға қатысады, неше учаске құрылады, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қалай дауыс беретіні алдын ала жоспарланғаны жөн. Орталық референдум комиссиясына осы мәселе бойынша есеп берген әкімдіктер барлығын алдын ала әзірлеп қойғанын аңғартты. Комиссия мүшелері де еш проблема болмайтынына сенім артты. Ал мүмкіндігі шектеулі, учаскелерге қатынап бара алмайтын жандарға жылжымалы учаскелер қызмет көрсетпек. Егер кез келген азамат өзінің қай учаскеге тіркелгенін білмесе, WhatsApp, Telegram желісіндегі арнаулы боттар арқылы жауап ала алады. Яғни, халықты референдум жайында ақпараттандыру жағына басымдық берілген. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елге жылдам ақпарат жеткізудің маңызын атап, әкімдіктерге тапсырма жүктеді. Сондай-ақ төраға жергілікті атқарушы органдар учаскелердің дауыс беру күніне дайындық мәселелерін бақылауда ұстауы қажеттігін айтты. 10 мыңнан астам учаске құрылды Елімізде өтетін жалпыхалықтық науқан күні 10 013 референдум учаскесі жұмыс істейтін болды. Оның 9 468-і азаматтарды тіркеу орны бойынша жасақталады. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады. Енді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне тоқталсақ. 15 мамырдағы ақпарат бойынша, бұл тізімге 11 млн 722 мың 536 адам енгізілген. Яғни, осынша азамат жалпыхалықтық науқанда өз дауысын беріп, таңдау жасайды. – Біз республикалық референдумды әзірлеудің маңызды мәселелерін қарастырдық. Осылайша референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі науқан жаңа кезеңге аяқ басты. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кірісті. Тыңдалған есептерге сүйенсек, нақты жұмыстар жүргізілді, – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Бюллетеньдер 28 мамырда дайын болмақ Осыдан соң Орталық референдум комиссиясы бюллетеньдерді дайындауға қатысты қаулы қабылдады. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау тәртібін Орталық референдум комиссиясы белгілейді. Ал учаскелік референдум комиссиялары дауыс берілетін күннен кемінде 7 күн бұрын бюллетеньдер дайындап қоюы тиіс. Яғни, 28 мамырға келіп тұр. Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері алдымен референдум комиссиясына ұсынылған. Ол үшін алдымен есеп жүргізіп, санды нақтылаған өңір әкімдерінің қолы қойылды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман бюллетень саны азаматтар санынан сәл артық болатынын айтты. – Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес, тізімдерге 11 722 536 адам енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындаудың кейбір мәселелерін қозғадық. Орталық референдум комиссиясының қаулысымен дауыс беруге арналған бюллетеньдер 1 пайыз резервпен референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізілген санға тең мөлшерде дайындалады деп белгіленді. Демек, 11 839 761 дауыс беруге арналған бюллетень шығарылуы тиіс, – деп түйіндеді ОСК хатшысы. Оның айтуынша, белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау және референдум учаскелеріне заңнамада көзделген мерзімде жеткізу облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың референдум комиссияларына тапсырылады. Аумақтық референдум комиссиялары бюллетеньдерді референдум учаскелеріне жеткізу үшін белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындауды 2022 жылғы 28 мамырға дейін қамтамасыз етуге тиіс. Осылай Орталық референдум комиссиясының «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу туралы» қаулысы қабылданды. Жиын соңында референдумға қатысты онлайн қызмет көрсету жағы да айтылды. Бұл мәселе жөнінде есеп берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің өкілдері сервистер дайын тұрғанын жеткізді. Референдумның жоғары дәрежеде өтуі жергілікті әкімдіктердің жұмысына тікелей байланысты. Бұл міндет әр өңірдегі әкім аппаратының басшыларына тапсырылды.