Балаға бапты байыппен жасайық!

бала

Мемлекет басшысы 2022 жыл­ды «Балалар жылы» деп жа­рия­лады. Президент Бала­лар жылын тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақ­са­тында ең алдымен билік та­ра­пынан денсаулық сақтау, бі­лім беру және әлеуметтік қам­сыздандыру саласында нақ­ты іс-шаралар жасалуы ке­рек екенін қадап айтты. «Өске­лең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық, бұл – біз­дің жалпыұлттық мінде­ті­міз», – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Байқаулардан құралған жоспар

Ендеше оңтүстік өңірдің билігі балаларына қаншалықты көңіл бөледі екен?

Бүгінде еліміздің барлық айма­ғында Балалар жылын өткізуге ар­налған республикалық іс-шаралар жоспары негізінде облыстық, қала­лық кешенді жоспарлар қабыл­дан­ған. Мәтіні республикада бекітілген іс-жоспарлар аясында түзілгенімен, оларға бөлінетін қаржы көлемі әр өңірде әртүрлі. Сонымен қатар жос­пар өңір ерекшелігіне, жергілікті биліктің шама-шарқына, балаларға деген ықыласына қарай өзгеруі де мүмкін.

Мәселен, Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бекітуімен Балалар жылына орай 50 іс-шарадан тұратын кешенді және облыс көлемінде түзілген 74 іс-шара қаралған. Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бекітуімен 84 іс-шараны өткізу жоспарланып­ты. Мегаполисте кешенді жоспар ке­ңей­тіліп, қала көлеміндегі ен­гі­зілген шаралардың барлығы осында жи­нақталған. Республика көлемінде түзілген 7 бағыттың ішінде «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Баласын жетім­сірет­пеген ел», «Жайлы мекен», «Ба­ла­ларды қорғау» және BALA_TIME.KZ. бөлімдері бар. Әрқай­сысы бірнеше шарадан тұрады. Алайда біз екі өңірдің шараларын қарап отырып, бірқатар ерекшелікті байқадық.

Түркістан облысы бекіткен рес­публика деңгейіндегі кешенді және облыс көлеміндегі жалпы 124 іс-шараның барлығы дерлік іс-шараға құрылғанын көрдік. Яғни, байқау­лар мен спартакиадалар, акциялар, мәдени шаралар, әскери-патриот­тық жиын, өңірлік конкурс, «Бала мен театр жобасы», шығармашылық фестиваль, дебаттық турнир, көшет отырғызу акциясы, туристік-спорт­тық жарыс, пән олимпиадалары сияқты толып жатқан жиындар. Президенттің Балалар жылын тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өтпей, балаларды қорғау мақсатын­да ең алдымен билік тарапынан ден­саулық сақтау, білім беру және әлеу­меттік қамсыздандыру сала­сында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін айтқаны қаперден шығып кеткен секілді.

Қамқорлықта қалыс қалмаса екен

Оған қарағанда Шымкент қала­сының кешенді жоспары 86 іс-шарадан тұрса да көңілге қонатын тұстары көп екен. Мәселен, «Жайлы мекен» бөлімі аясында жергілікті бюджет есебінен 5 млрд теңге көле­мін­дегі қаржыға Шымкенттегі тұр­ғын үй алаптарында балаларға ар­нал­ған спорт және ойын алаңшала­рын салу жоспарланған. Сонымен бірге 6 мектептің жанынан қосымша спорт алаңшаларын салуды, 3 ауы­сымды 4 мектепке қосымша ғима­рат­тар тұрғызуды Балалар жылына енгізіпті. Оған едәуір қаржы да қа­растырылған. Ал Түркістан облы­сының жоспа­рын­дағы дәл осындай «Жайлы мекен» бөлімінен нақты еш­нәрсе таппадық. Тіпті, облыста қаралған қаржы кө­лемі де көрсетіл­меген.

Бәрінен бұрын бізді Шымкент қа­ласының 1-4-сынып аралығын­дағы балаларды бөліп-жармай, барлығын бірдей бірреттік ыстық тамақпен қамтуы қызықтырды. Оған жергілікті бюджеттен 8 млрд 185 млн теңге, ал аз қамтылған отба­сылардың 5-11-сыныптағы балала­рына бірреттік ыстық тамағы үшін 6 млрд 799 млн теңге көзделген. Өкі­нішке қарай, Түркістан облы­сын­да аз қамтамасыз етілген отба­сы­лардың балаларына бірреттік ыс­тық тамақ берілгенімен, бас­тауыш сыныптарды жаппай тамақ­тандыру үрдісі жоқ. Логикалық түр­де қарағанда қала балаларынан гөрі ауылдықтар үйінде дәрумені көп тағамды тұтына бермейтіні анық. Сондықтан мегаполистегі бұл жақсы үрдіс негізінен ауыл-аймағы көп Түркістан облысының бала­ла­ры­на да керек-ақ.

бала

Шымкент қаласында Балалар жы­лы аясында 2022 жылдың соңы­на дейін әр айдың соңғы жұмасы күні қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері бала­лар­ды арнайы жолдамасыз қабыл­дайды. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан соңғы үш айда 1 602 бала оңалту, 1 003 бала сауықтыру емін қабыл­дапты.

Биыл жан басына қаржылан­дыру бағыты бойынша, яғни ба­ла­ларға арналған үйірмелер мен спорт­тық кешендерді көбейтуге мем­­лекет субсидия беріп жатыр. Былтырдан бері жүзеге асып жат­қан бұл бастама жемісін беріп ке­леді. Өкінішке қарай, 2 миллион­нан аса тұрғыны бар, бала туу көр­сет­кіші ең жоғары, халқының ба­сым бөлігі ауылда тұратын Түркістан облы­сын­да осынау шараға қаралған қар­жы­ның көлемі тым аз. Спорттық тапсырысқа 700 миллион теңге, ал шығармашылыққа қарастырылғаны 484 миллион теңге.

Ал 1 миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент бұл жағынан да көш ілгері болып тұр. Спорт түрлерін да­мыту үшін 2 млрд-тан аса, шығар­ма­шылығына 1 миллионға жуық теңге қаралған. Жергілікті билік бұл жағынан балаларға ерекше көңіл бөліп отыр деуге болады. Қазір Шым­кенттің қай ауданын қараса­ңыз да тегін үйір­мелер мен спорт сек­цияларын бай­қайсыз. Бос жүр­ген бала некен-саяқ.

Түркістан облысы Балалар жы­лында ең болмаса осы шараға қо­мақ­тылау қаржы бөліп, балаларға ең керекті дүниені қолға алса игі. Әри­не, іс-шаралар, байқаулар мен жиын­дар керек. Бірақ олардың ба­сым бөлігі құр даңғаза мереке. Жалпы, айтса айтқандай, Түркістан об­лысының билігіне балалардың бола­шағынан гөрі Түркістан қа­ла­сының кіреберісін жыл сайын түр­ліше әсемдеп, безендіру маңыз­ды­рақ сияқты. Ал өңірдің ауыл-аймағы ұмытылып барады.

Пойыз іске қосыла ма?

Сонымен, Түркістан облыстық әкім­дігінен балалар жылына бөлін­ген жалпы қаржы көлемін сұраға­нымызбен, айтқысы келмеді. Де­генмен кейбір құжатта Президент шыршасын өткізуге 25 млн теңге қаржы қарастырылғанын көруге болады. Ал Шымкент қаласының әкімдігі Президент шыршасын өткізу үшін 20 млн теңге бөліпті. Сон­дай-ақ Шымкент қаласында Бала­лар жылына орай 7 бағыт бойынша 84 іс-шараға 42,9 млрд теңге қаралған. Бүгінде бөлінген қаржының 45 пайызы игеріліпті. Ша­мамен ай сайын жүргізілген іс-шара­ларға 7 млрд теңгенің жоба­сында қаржы кетіп отырған.

Шымкентте 1980 жылы салын­ған бірегей балалар темір жолы бар. Алайда локомотивті жөндеу проб­ле­маларына байланысты балалар те­мір жолын бірнеше рет жабуға тура келген. Яғни, пайдаланғаннан гөрі тоқтап тұрғаны көп балалар пойызы 2005-2006 және 2010 жыл­дары жұ­мыс істеп, тоқтап қалған. Одан соң 2015 жылы жол қайта іске қосылып, бірақ қала тұрғында­рының арасын­да сұраныс аз бол­ғандықтан, пойыз біржола тоқта­ған. Алайда сонау әдемі шақты сағынышпен еске ала­тын кейбір қала тұрғындары биыл Балалар жылында пойызды қалпы­на кел­тірсе деген аракідік өтінішін де ай­тып қалады. Біз Шымкент қа­ла­лық Жайлы ортаны дамыту бас­қармасының басшысы Ғалым­жан Ильясовтан балалар пойыз жолы­ның болашағын сұрадық. Басқарма басшысы балалар пойыз жолын қай­та қалпына келтіру қауіп­сіздік шара­ларына сай келмейтінін айт­ты. «Бізге тұрғындардан тікелей өті­ніш келген жоқ. Бірақ оны қал­пы­на келтіру үшін көп қаржы керек болады. Жақын арада мұны реттеу жоспарда жоқ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың шеткі аумақтары­ның ауызсуы, электр жа­­рығы, жолы шешілмей тұрып басқа арнаға ақша бұра алмаймыз», – деп үнемі айтып жүр. Сол себептен біз­дің басты мә­селеміз инфрақұрылым жұмыс­тары», – деді ол.

Міне, екі өңірдің де Балалар жы­лына орай түзген іс-шаралар жос­пары қолға түскенімен, ішінен іліп аларын ұсындық. Шымкент қаласының Балалар жылына қыруар қаржы бөлгені де байқалады. Әри­не, әңгіме оның қалай игерілетінінде емес, жалпы балаларға деген ықы­лас­тың ерекшелігінде болып тұр. Ал осындайда Шымкент қаласымен ауылы аралас Түркістан облысының балалары өгей баланың күйін кешіп отырғаны өкінішті...

Шымкент қаласы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.