Оралда кәсіпкерден қой беруді талап етіп, пышақтап өлтірген оралдық 11 жылға сотталды, – деп хабарлайды AstanaTV. Телеарнаның мәліметінше, марқұмның туыстары сот үкімімен келіспейді. Олардың айтуынша, бұл қылмысқа қатысы бар оның сыбайластары жазадан құтылып кеткен. Сот материалдарынан белгілі болғандай, шаруа қожалығының иесі Серік Мұхамбетьяровты әлдебір танысы түн ішінде үйінен алып кеткен. Оны оңаша жерге апарып, он екі рет пышақтаған көрінеді. Ауыр жараланған шаруа осылай кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары қылмыскер жалғыз еместігін айтады. «Топ болып ұйымдасқандар бауырымызды осыған дейін де мазалап, қой беруін талап еткен. Бірақ бопсаға көнбеген Серікті ақыры өлтіріп тынды», – дейді туыстары. Енді олар Жоғары сотқа шағымданбақ. Марқұм кәсіпкердің жұбайы Нұрия Мұрзалиева: «Сол бесеуі ештеңе көрген жоқпыз, тек қана Мауышов болды, Мауышов өлтірді деп отыр. Ал мен оған сенбеймін. Өйткені менің жолдасым әлді, ұзын бойлы. Мауышовты көріп тұрсыздар. Жас адам. 20 минуттың ішінде болған оқиға дейді. 20 минутта бір адам 11 жерден соншама жарақат салуы мүмкін емес. Ешқандай әділдік жоқ. Телефоны мен қалтасындағы ақшасы да табылған жоқ», – дейді. Бұған дейін фермер қол астындағы жұмысшысын Lexus-470 көлігімен таптап өткенін жазған болатынбыз.