Дәрігерге де араша керек
Дәрігерге де араша керек
© коллаж: Елдар Қаба
655
оқылды
Адам болған соң ауыр­май тұрмайды. Ондайда ем алу үшін дәрігерге бару қа­лыпты нәрсе. Алайда сол дә­рігердің кө­мегіне мұқтаж болуы мүм­кін екеніне қара­мастан, олар­ды балағаттап, қол жұмсай­тын­дар көбейді. Қоғамның қит етсе, дәрі­герге кінә артып шығатыны жасырын емес. Жақында Қарағандыдағы ау­ру­ханалардың бірінде науқас жі­гіттің дәрігерге шабуыл жаса­ған сәті бейнекамераға түсіп қалған. Әлеу­меттік желілерде бейне­ба­қылау камерасынан алынған видео тарап кетті. Онда науқастың дәрі­герді жағынан ұрған сәті таспалан­ған. Жанжал Қарағанды қаласы­ның Х.Мақа­жанов атындағы трав­ма­тология және ортопедия облыс­тық ор­талығында болған. Видеода ер адам дәрігерді иығынан құшақ­тайды. Ол өз кезегінде жігіттің қо­лын алып тастайды. Алайда нау­қас бұл әрекетке ашуланып, дәрігердің бетінен ұра бастайды. Ауруханада дәрігерге шабуыл жасау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалды. «Аталмыш факт тіркелді. Сот-ме­дициналық сараптама та­­­ғайын­далды. Тергеу жүріп жа­тыр», – деп хабарлады Қара­ған­ды облысы ПД баспасөз қыз­меті. Сонымен қатар бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау бас­қар­масы да мәлімдеме жасады. «16 сәуірде профессор Х.Мақа­­жа­нов атындағы ауруха­на­ның жара­қат пунктіне 1986 жылы туған ер адам оң жақ қол аумағындағы ор­таша ауырсыну мен ісінуге ша­ғым­данған. Нау­қастың айтуын­ша, ол құлап, саусағын жарақаттап ал­ған. Тексеру нәтижесінде «оң қо­лы­ның жабық сынығы» диаг­но­зы қойылып, бекітетін таңғыш са­лынған. Осыдан кейін пациент сүйектің қайта жылжуына жол бер­меу мақсатында жедел ем­деуге жіберілді. Алайда науқас гипс қоюдан үзілді-кесілді бас тартты. Ол дөрекі мінез таны­тып, кезекші травматолоті жара­қат­тады», – деп хабарлады ве­дом­ство­­дан. Зардап шеккен дәрігер құ­қық­бұзушыны кешірмейтінін айтып, заңға сай жазалануын талап ет­пекші. Ал мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет қайталанған бо­латын. Кейде бас салып, бар­лық кі­нәні медициналық қыз­меткер­лер­ге арта салатынымыз да бар. Осы мәселемен хабарлас­қа­ны­мызда SENIM Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы бүгінде дәрігер­лер­дің арнайы мәртебесі жоқ екенін алға тартты. Респуб­ликалық қо­ғам­дық бірлестіктің Қарағанды об­лы­сындағы фи­лиалы төрағасы­ның орынбасары Сұлтан Медеубаев дәрігерлерге қарсы әрекет­тер­дің болатынын жасырмайды. – Соңғы жылдары біздің кә­сіподақ медициналық қызмет­кер­лерге қатысты төрт жағдайда заң­намалық көмек көрсетті. Оның бә­рінде біз медициналық қызмет­кердің мүддесін қорғауға тырыс­тық. Бірақ біздің медици­налық қызметкеріміздің барлы­ғы бірдей мұндай жағдай болса айтпайды, істі әрі қарай сотқа дейін жеткізу­ден қашады. Мә­селен, №4 емха­наның дәрігеріне қабылдауға кел­ген әйел мен оның ересек ұлы бо­қауыз сөздер айтқан. Тіпті, орын­­дықпен ұр­мақ болған. Мед­би­келер болма­ғанда ұрар ма еді. Біз ол кісіге «өз ар-намысыңызды қорғаңыз, біз көмектесеміз» деп әрең көн­дірдік. Біздің дәрігерлерде «болары болды, бояуы сіңді» деген пікір қалыптасқан. Ауыл­дық жер­лердегі мамандар өз құқығын қорғаудан тіптен қа­шады. Дәрігер де осы елдің аза­маты. Ол да заң ал­дында құқы­ғының қорғалуына құқылы, – дейді Сұлтан Медеубаев. Әуеліде «Дәрігерлер мәрте­бесі туралы» заң қабылданатын бол­ған. Кейін бұл мәселелер заң­да емес, кодексте қамтылады делінді. Дегенмен қабылданған кодексте бұл мәселе тыс қалған. Qmed ұлт­тық медицина пала­та­сының пре­зи­денті Әкім Тұрсұн солай дейді. – Медицина саласы қызмет­керлерінің құқығы «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс негізінде қорғалады. Былтыр бұл кодекске қосымша біраз нәрсе енгізілді. Сол заңнамада дәрігерлер ста­тусы және олардың өзін қорғауы туралы нақты жазылуы керек еді. Өкі­нішке қарай, өте аз қам­тылды. Қан­шама үкіметтік емес ұйым, меди­циналық қауымдас­тық дәрі­гер­лер мәртебесін заң жүзінде бе­кі­туді айтты, бірақ біраз нәрсе то­лық­тырусыз қал­ды. Екінші жағы­нан дәрігерлер конфликтіге көп бармайды, ме­диадан көріне бермейді. Мы­салы, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң шықпай тұр­ғанда қоғам педагогтерге қа­тыс­ты нақ­ты бір статусты талап етті. Біріншіден, елімізде мұғалім көп. Екіншіден, олардың бәрі қо­ғамда болсын, әлеуметтік желіде болсын салыстырмалы түрде бел­сен­ді. Қандай да бір мұғалімге заң­ға қайшы келетін­дей әрекет жасалса, елдегі бар­лық мұғалім кө­теріледі. Соның арқасында «Мұға­лімдер мәр­тебесі туралы» заң шығарылып, онда білім сала­сының қызмет­керлерінің ста­тусы айқындалды. Дәрігерлердің спе­ци­фикасы басқа. Олар мұн­дай оқиғаларды айта бермейді, – дейді Әкім Тұрсұн. Осыған қарап отырып-ақ ем іздеп барып, қол жұмсап, не ба­ла­­ғаттап жатсақ та шыдай бере­тін ақ халатты абзал жандар­ға шынымен де араша керек пе дерсің...

Қарағанды облысы