Соңғы кезде мектептегі жемқорлық жайлы жиі айтылып жүр. Пара алды деген күдікке ілініп істі болған директорлар да бар. Әділдікті мектептен үйренсін деп балалардың болашағын директор мен педагогке сеніп тапсырған ата-ана енді кімге үміт артады? Желідегі жұрттың жазбайтыны жоқ. Жақында мектепке мұғалім болып кіру үшін төленетін параның әр өңірлердегі орташа көрсеткіші жарияланды. Тәуелсіз сараптаманың дерегінше елімізде мұғалім болып жұмысқа орналасу құны 500 мың теңгеден басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Әсіресе, оңтүстік өңірлердегі Түркістан облысында, Қызылорда, Жамбыл облыстарында бұл баға шарықтап тұр. Шалғайдағы мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылары ойларына не келсе, соны істейтін көрінеді. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктері 2021 жылы білім саласында 250 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Ауылды жерде мұғалім мен дәрігерліктен басқа жұмыс көзі жоқ болғандықтан жас маманның амалсыздығын пайдаланып осылай ақша табатын директорлар бар. Ал олардың пара алуына еңбекақыларының мұғалімдердікінен төмендігі мен жүйедегі жүйесіздікті ауыздықтайтын қатаң шараның қолданылмайтыны да себеп. – Директорлар мұғалімдерді жұмысқа қабылдау үшін, көбірек сағат беру үшін пара алады. Сосын санитарлық бақылау мен өрт сөндірушілер мектепке үлкен көлемде айыппұл салған кезде директордың айлығы жетпейді. Осындай жағдайда мұғалімдерден ақша талап етуі мүмкін. Заңда бұл айыппұлды кімнің төлейтіні нақты көрсетілмеген. Осындай жағдайлардан кейін шу шығады, – дейді білім саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. Мәселенің анық-қанығын директорлардың өз аузынан естімек болып, өңірлердегі бірқатар мектеп директорына хабарласып шықтық. Олардың бәрі де бірауыздан мектеп директорлары пара алмайтынын айтты. Бибігүл ГАПУОВА, Атырау қаласы №19 мектеп-гимназия директоры: – Мұндай жағдай туралы естіген жоқпын. Қазір мұғалімдерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы комиссия құрылады. Мен пара алмайтын директормын. «Директорлар пара алады» деген бұрыннан қалыптасқан стереотип. Бұл пікірдің қалыптасуына мектеп бухгалтерлерінің де әсері болуы мүмкін. Әділ САЙЛАУБЕКҰЛЫ, Өскемен қаласы Шәкәрім атындағы №1 орта мектеп директоры: – Шынын айтсам, мен бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Күлкілі. Мектеп директорлары миллиондап ақша талап етеді деу қисынға келмейді. Мұны арандатушылық деп санаймын. Қазір директорлар тапшы. Өйткені біздің еңбекақымыз қарапайым мұғалімнің еңбекақысына да жетпейді. Білім және ғылым министрі мұғалімдерге барлық жағдайды жасаса да, директорларды назардан тыс қалдырды. Бахтияр БИГЕЛДИЕВ, Шымкент қаласы Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп гимназия директоры: – 33 жыл директор қызметіндемін. Мектепке мұғалімдерді жұмыспен қамту орталығы жібереді. Пара алады дегенге келіспеймін. Өзім де пара алған емеспін, қасымдағыларға да алмаңдар деп айтамын. Шымкент қаласында мұндай жағдай кездеспейді. Разия ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ, Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев атындағы мектеп директоры: – Солтүстік Қазақстан облысында мұндай оқиғалар жоқ. Маған осы уақытқа дейін ешкім пара ұсынбады. 18 жыл директорлық қызметтемін. Арым таза. Керісінше біздің өңірге мұғалімдер жетпейді. Біз жас педагогтарды мектепте ұстап қалуға барымызды саламыз. «Серпін» бағдарламасымен жұмыс істеп жүрген жастар «Қалай солтүстікте парасыз жұмыс істеуге болады? Біз жақта барлығы ақшамен шешіледі» деп таңғалып жатады. Фарида ШОРТАНБЕКОВА, Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы гимназия директоры: – Біз гимназияға педагогтарды конкурс арқылы қабылдаймыз. Директорлар пара алады деу шындыққа жанаспайды. Олай ойлайтындар ең бірінші келіп біздің жұмысымызды істеп көрсін. Желіде әркім ойына келгенін жаза береді. Өткенде техникалық қызметкерлерді де 300 мың теңгеге жұмысқа қабылдайды деп жүр. Біздің мектепке сантехник, екі еден жуушы керек. Ақша алмақ түгілі, қызметкер таба алмай отырмыз. Мен пара алған емеспін. Директорды балағаттап жазған желідегі постқа пікір жазуға ұялдым. Бектөре БӨКЕНОВ, Қарағанды қаласы Ж.Жабаев атындағы мектеп директоры: – Біздің өңірде керісінше мұғалім тапшы. Еңбек порталы арқылы жас мұғалімдерге барлық жағдайды жасаймыз деп хабарлассақ та, жұмысқа келмейді. 30 жыл директорлық қызметті атқарып жүрмін. Тәжірибемде мұндай жағдай кездеспеген. Жұмысқа алыңызшы деп маған пара ұсынғандар да болмады.