Марапат пен құрмет
Марапат пен құрмет
435
оқылды
Генерал-майор Бауыржан Ысқақұлы Елубаевпен 1996 жылы күзде жүзбе-жүз таныстым. Бір салада істейтін болғандықтан, ол кісінің атына сырттай қанық едім. Бірінші рет жұмыс бабымен кездесіп, таныстым. Ол кезде Арқалықта Ұлттық қауіпсіздік комитеті Торғай облыстық басқармасы басшы­сының орынбасары едім. Сол уақыттарда бір қылмыс жасал­ды. Ол қылмысты ашуды про­куратура бізге тапсырды. Біздің алдымызда Мемлекеттік тергеу комитетіне тапсырған екен, олар аша алмапты. Ендігі жүкті бізге артты... Біз іске кірістік. Күдікті адамның Қарағанды жаққа қатысы болды. Біз сол облыстағы әріптестерімізбен байланысқа шықтық. Жұмыс бабымен бардым. Бауыржан аға сол жерде басшылық қызметте екен. Басқарма басшысы! Сол күн­дерде мен ол кісінің нағыз кәсіби маман, өз ісінің шебері, мықты ұйымдастырушы екеніне көз жеткіздім. Соның арқасында қылмыстық істі ашып, істі сотқа дейін жеткіздік. Сол күннен бастап хабарласып тұрдық. Кейіннен ол кісі басқа қызметке ауысқанда мен Бауыржан ағаның орнына Қарағандыға ауысып бардым. Сондағы көз жеткізгенім – ол кісі қалыптастырған ұжым өте керемет жасақталған екен. Жұмыс жүйелі. Тәртіп бар. Бұрынғы басшы дұрыс болмаса, жаңа келген басшыға қиындық туғызады. Бәрін ретке келтіремін дегенше уақыт өтеді. Ал мен Бауыржан ағаның арқасында мүлдем қиналмадым. Тек сол кісінің жұмысын дұрыс жалғас­тыру ғана қалып тұр екен. Бес жылда бәрін орнына қойып кеткен екен. Ұжым да, сондағы ардагерлер де ол кісіні керемет­тей сыйлайды екен. Абырой-беделіне қызықтым. Сол кісідей бола алсақ деп ойладық. Бір салада жүргеннен кейін кездесіп, пікірлесіп тұрдық. Ақылын, тәжірибесін аямайтын. Бір жылдары Өзбекстанда істеді. Мен ол уақытта Тараз қаласында қызметте едім. Өзбекстаннан Астанаға қатынағанда Тараз арқылы өтетін. Ташкенттен Таразға дейін келіп, Тараздан ұшақ арқылы ұшып кететін. Сол сапарлардың бәрінде маған соғатын. Өзім күтіп алып, шығарып салатын едім. Жұмыс жайынан бөлек, қарапайым әңгімелерді де айтатынбыз. Қал-жағдайымызды сұрап тұратын. Өз еліміздегі басқа құрылым­дармен байланысын айтпағанда көрші мемлекеттердегі әріптес­тер­мен де арақатынасы жақсы болды. Жұмыс бабымен де, қыз­меттен тыс та жақсы тіл табысты. Соның арқасында қорғаныс, қауіпсіздік салаларында ол кісінің аты кеңінен танылып, абыройы жоғары болды. Бұл – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Біздің салада мамандар бір орында көп отыра бермейді. Ауысып тұрасың. Қандай жерде қызмет атқарса да, Бауыржан ағаның артынан бірде-бір сөз ермеді. Барлығы да тек жақсы жағын айтады. Адалдығы мен абыройының, кәсіби білім-білігінің арқасында биікке жетті. Ресми марапатқа да жетті, бейресми құрметке де бөленді. Зейнетке шыққаннан кейін де бос жүрмеді. «Қазатомпромда» қызмет атқарды. Одан кейінгі уақыттарда Генералдар кеңесінде қоғамдық жұмыспен айналысты. Ол жерде де абырой-беделі көпшіліктен жоғары болған. Генералдар кеңесінде әр саланың генералдары бас қосады. Бәрі де Бауыржан ағаны сыйлайды. Өмір бойы сол құрметін жоғалтпай өтті. Кейін қайтыс болғанында Нұр-Сұлтандағы мешітте Бауыржан ағаның беделіне лайық қаралы жиын өтіп, ол кісіні білетіндердің бәрі жиналып, қимастықпен қоштас­ты. Қоштасу жиынында ол кісі­нің осыған дейінгі алған мара­пат­тары: ордендері мен медаль­дары, әскери шендері жастық­шаларға қойылып, құрметті қарауыл тік тұрып құрмет көр­сет­ті. Сол жерде әріптестері де, қарапайым халық та жақсы адамның ізгі қасиет­терін есіне алды. Ертерек кеткені өкінішті, әрине. Бірақ өмірге тік келіп, тік кеткені, кісілігіне кір жұқтыр­мағаны абыройы екен.

Қабдулкәрім ӘБДІҚАЗЫМОВ, генерал-майор