Қауіпті нысанды көзге ілмей жүр
Қауіпті нысанды көзге ілмей жүр
221
оқылды
«Апат айтып келмейді». Десек те, сақтықта қорлық жоқ екенін әсте естен шығаруға болмайды. Әсіресе, Алматы сияқты түрлі нысан мен құрылыс біріне-бірі жапсарлас орналасқан ірі қалада сақтық шаралары қатаң сақталуы қажет-ақ. Өкінішке қарай, қаладағы жүздеген жанар-жағармай бекеті тұрғын үйлермен, өзге де әлеуметтік нысандармен қатар тұр. Алда-жалда әлгі бекеттердің бірін жалын шарпыса, жағдайдың қалай боларын болжау мүмкін емес. Алматы қалалық әкімдігі бер­ген мәліметке сүйенсек, мега­полисте 220 жанармай құю бекеті бар. Солардың біразы қаладағы көпшілік орынмен жапсарлас орналасқан. Мәселен, қаладағы ең ірі автовокзал халықаралық «Сайран» автобекеті мен қасын­дағы Sinooil жанармай құю бекеті­нің арасы бар болғаны 20-30 метр. Біз осы бекетті салғанда қан­дай қауіпсіздік нормаларына сүйен­генін білмек болып аталмыш компанияның Алматыдағы кеңсе­сіне неше рет хабарласып көрдік. Алайда мардымды жауап ала ал­мадық. Ал «Сайран» автобекетінің басшылығы жанармай құю бекеті тұрған жер учаскесі вокзалға тие­сі­лі емес екенін айтады. Сондық­тан қандай да бір шараны қолға алуға қауқарсыз. «Бұл май құю бекеті біздің вокзалдың жанында 2007 жылдан бері тұр. Бірақ бұл нысанды са­лар­да бізбен ешкім ақылдасқан жоқ. Се­бебі бекет тұрған жер бізге қара­май­ды. Қаншалықты қауіпті еке­нін біз де білеміз. Бірақ әкім­дік­тен рұқ­сат алып сала береді. Оған қар­сылық көрсете алмай­мыз», – дей­ді «Сайран» халық­аралық ав­то­вокзалы жолаушылар тасы­мал­дау бөлімінің басшысы Ерлан Әбіл­даев. Тұрғын үйдің дәл түбінде тұр Автобекетке қарама-қарсы жақ бетінде тағы бір жанармай құю бекеті бар. Ол да жерде тоғыз қабатты бірнеше тұрғын үйдің дәл ір­гесінде тұр. Құрылысты жоспар­лау­да, жаңа нысанға жауапты орын­дар тарапынан мұндай сора­қылыққа қалай жол берілгені бел­гісіз. Ол аз десеңіз, қауіпті нысан Тө­ле би мен Момышұлы көше­лері­нің қиылысындағы тойханаға жапсарлас салынған. Бұрын бұл бекетте тек жанармай сатылып келсе, қазір сұйылтылған газ да са­­тылатын болған. Тойхана маңын­­­дағы тұрғын үй тұрғын­дары­ның айтуынша, сұйылтылған газдың алып цистерналары ашық аспан астында тұр. қауіпті нысан «Біздің үйімізге жанармай бе­ке­ті өте жақын орна­лас­қан. Оның жанына жақында авто­мобильге арналған сұйыл­тылған газ құю жүйе­сін орнатып қойды. Қаңтар оқи­ғасы кезінде тура сол жерде әл­гі дыбысты гранаталарды аямай жар­ды. Өрт тұтанып кете ме деп зәре­міз қалмады», – дейді қала тұр­ғыны Гүлнар Мағзұмова. Заң бар, тыйым жоқ Біз бекет­тердің қала ішінде тұр­ғын үйлер­мен қатар орналасуы, олар­ды құзырлы органдар тарапы­нан бақылауға алу мәселелері бойын­ша Алматы қаласы әкім­дігіне сауал жолдағанбыз. Әйтсе де, әкімдік қала ішіндегі тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың жанында салынған әртүрлі жанар­май құю бекетіне тексерулер жүр­гізіл­мегінін хабарлады. Қала­лық Төтенше жағдайлар департаменті­нен алған жауабымыз да осыған саяды. «Кінәлі тұлғаларға қатысты заңбұзушылықтар анықталған жағдайда 50 АЕК-ке дейінгі мөл­шерде айыппұл сала отырып, Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабы бойын­ша әкімшілік іс қозғалады. Құрылыс кезінде ҚР Құрылыс саласы нормативінің 3037-2013 және ҚР құрылыс салу жөніндегі қағидалар жинақтарының, 3.03 -107-2013 бөліктері мен өрт қауіп­сіздігі саласындағы басқа да талаптарды сақтау қажет», – деп жауап берді Алматы қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқар­масының бастығы Александр Рау. Өкінішке қарай, төтенше жағ­дайлардың алдын алуға жауапты мекемеден қала ішінде орналасқан жанармай құю бекет­терінің саны және оларды жауап­кершілікке тарту бойынша мар­дым­ды жауап ала алмадық. Төтен­ше жағдайлар департаменті қала­лық әкімдікке, шаһар басшы­лығы құтқарушы­ларға сілтеп, мойнына жауапкер­шілік алғысы келмейті­нін аңғарт­ты. Қысқасы, мега­полисте жанар­май құю бекет­терін қалауынша салатындарға әй дей­тін әже, қой дейтін қожа табылмай тұр. Айтпақшы, төтеншеліктер айтқан нормативтер мен қағида­лар жинағын парақтап көргенбіз. Құжаттарда қауіптілігі жоғары нысандарды салуда оның тұрғын үйден, өзге де әлеуметтік нысан­дардан қашық не жақын орна­ласуы­ның өз заңды­лығы бар еке­нін аңғардық. Онда қауіпті нысан мен қандай да бір тұрғын үйлер, мек­теп, аурухана, вокзал және бас­қа да қоғамдық орындар­дың ара­сы кем дегенде 300 метр қа­шық­тықта болу ережесі қатаң сақ­талуы керек екені тайға таңба бас­қандай жазылыпты. Қолданыстағы заң осылай дегенімен, тиісті орындардың жауабы әлгіндей. Демек, бізде қандай да бір нақты істі түбегейлі қолға алу үшін алдымен қайғылы жағдай болуы керек сияқты. Сол кезде ғана тиісті орындар ұйқысы­нан оянып, «бұл қалай болды?» деп бас қатырып, әлекке түседі. Жанармай құю бекетінің күні ертең төңірекке төндірер қаупін біле тұра көз жұматындар да со­лар­­дың кебін киіп жүргендей.

Алматы