«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды. Өтінімдер мен құжаттар 1 маусымға дейін almaty-zhastary.kz веб-сайты арқылы қабылданады. Сайтта өтініштер мен құжаттарды қабылдау электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асады. Автоматты балл қою үшін электронды калькулятор енгізілген. Жеке кабинет арқылы өтініштің барысымен танысуға болады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда сағат 23:59-да аяқталып, 20 жұмыс күні ішінде бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Әрбір санат бойынша жиналған ең жоғары ұпай санына сәйкес тізім жасалады. Бағдарламаның бюджетіне 18 млрд теңге қарастырылып отыр. Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге. Сыйақы мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан 45 күнтізбелік күн ішінде үй таңдау мүмкіндігі бар. Бағдарламаға қамтылатындар саны 1 мыңға жуық. Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін «Отбасы банкіне» ұсынылады. «Отбасы банк» мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады. «Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін қалада тұрақты тіркеуде тұру міндетті емес.