Биыл 1 мамырдағы мәлімет бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған 43 мың адамға әлеуметтік төлем төленді. Биыл 36,1 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Заңға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер МӘСҚ-қа қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді. Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін: – eGov.kz порталында тіркелу; – «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдау; – онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жіберу қажет; – бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады; – егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен ХЖҚО қызметкері хабарласады). Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелген соң министрліктің ақпараттық жүйесі проактивті форматта SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.