Екінші Республиканың негізі қалай қаланбақ?
Екінші Республиканың негізі қалай қаланбақ?
251
оқылды
«АМАNAT» партиясының Жастар қанаты «Конституция 2022 – Екінші Республиканың негізі» тақырыбы аясында өткен дөңгелек үстелде осы сұрақ бойынша талқылау жасады. Шараға Республикалық партиялық штабтың өкілдері, Жастар қанатының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер қатысты. Шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған 5 маусым күні өтетін референдумды талқылады. Сонымен қатар, Конституцияға енгізілетін өзгерістер легі ортаға салынып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. жастар Республикалық партиялық штабтың мүшесі, Жастар қанатының Төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, референдум – бұл тарихи оқиға.
«5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық дауыс беру – Екінші республиканы құрудағы негіз болатын Ата Заңымызға енетін өзгеріс бойынша маңызды шешім болмақ. Мемлекетіміздің алға қарай қарыштап дамуы үшін қазіргі таңда осындай қадам жасау керек деп ойлаймын. Өзгеріс енуі мүмкін 31 бап пен қосымша енетін 2 баптың әрқайсысының әлеуметтік-саяси тұрғыдан өзектілігі жоғары. Алдымызда болатын референдумға барша азаматтарды, әсіресе жастарды қалыс қалмай, дауыс беруге шақырамын. Осылай ғана біз Жаңа Қазақстанды құрамыз», - дейді ол.
Талқылауға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Бейсенбаев Елнұр біз халықпен кеңесіп, пікірлесу жағын сәл естен шығарып алғандаймыз дейді:
«Оның дәлелі, елімізде ширек ғасырдан астам уақыт бойы бірде-бір референдум болған жоқ. Сондықтан, дәл қазір халықтың қолдауы Қасым-Жомарт Кемелұлына өзі бастаған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру жолында батыл қадамдар жасауға жол ашады. Конституцияны жаңартпай әділетті, әрі ашық Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Сондықтан ел болып, алдағы референдумда халық өзінің салмақты сөзін, салиқалы пікірін білдіреді деп сенемін», - деп атап өтті.
Сонымен қатар, шара барысында осы тақырыптағы өз пікірлерімен Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов, белгілі блогер, журналист Әлия Әшім, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен және белгілі спортшы, қазақстандық шорт-трекші Абзал Ажгалиев бөлісті. жастар Айта кетейік, Жастар қанаты Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жан-жақты түсіндірме, насихаттау жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.