Түркістанда 2 зағип әйел қайтыс болған адамның үйінде тұрып жатыр
Түркістанда 2 зағип әйел қайтыс болған адамның үйінде тұрып жатыр
© CC0 / sabinevanerp
Түркістан облысында анасы мен қызы адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Екеуі де көру қабілетінен айырылған. Зағип жандардың ауыр тағдыры туралы «Харекет» қайырымдылық қорының Instagram парақшасында жарияланды, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбада отбасының өте қиын жағдайда тіршілік етіп жатқаны көрінеді. Үйде тазалық тұрмақ, қарапайым жарық та жоқ.
«Жағдайымыз осы, құжатымыз жоқ. 15 жыл болды», – дейді Қазына әжей.
Олардың айтуынша, көмек қолын созатын туыстары да жоқ екен. Тұрып жатқан үй де өздерінікі емес.
«Бұл – өлген адамның үйі. Ол қайтыс болып кеткен. Көр адамның үйі осындай болады», – дейді әжей.
Жергілікті жомарт жандар арасында әйелдерге азық-түлік әкеп тұратын көрінеді.
«Адамдардың әкелгенін аламыз, жейміз. Макарон, картошка, күріш әкеледі. Сонымен отырамыз. Ораза кезінде печенье әкелді», – дейді Қазына әжейдің қызы Жанат.
Жанаттың бұрындары көзі көрген екен. Алайда қандай себеппен зағип болып қалғаны белгісіз.
«Көзім ашылып кетсе, бұрынғыдай пойызға шықсам деймін. Пойызға шыға алмай, соған күйіп отырмын», – дейді Жанат.
Белгілі болғандай, қор өкілдері қиын жағдайда қалған анасы мен қызын уақытша пәтерге орналастырыпты. Сондай-ақ қордағылар зағип жандарды көз клиникасына апарып, мамандарға көрсеткен.
«Көз клиникасына апарып дәрігерлерге апамыздың көзін тексерттік. Тексеру қорытындысы бойынша егер көзіне ота жасалатын болса, көріп кету мүмкіндігі өте жоғары деген жауап алдық. Алла бұйыртса, елордамыздағы ең мықты деген көз клиникасына апарсақ деген ниет бар», – деп жазылған қордың ресми парақшасындағы жазбада.
https://www.youtube.com/watch?v=mV-QjLXxRgA