Алматыда «Атакентте» болған өрт сөндірілді
Алматыда «Атакентте» болған өрт сөндірілді
232
оқылды
Алматыдағы «Атакент» Сауда іскерлік орталығындағы павильондардың бірінде өрт болды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, тілсіз жау 600 шаршы метр аумақты шарпыған. «18.05.2022 ж. 16 сағат 41 минутта «Атакент» орталығындағы №9 павильонның аумағында өрт орын алды. Алғашқы қызмет шақыру орнына 16-46 (5 минут) келді, жақын жердегі өрт сөндіру бөлімінен қашықтық 1,5 км құрайды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, өрт сөндірудің екі учаскесі құрылды. Сондай-ақ арнайы өрт оқпандары іске қосылып, автоцистерналар батыс және шығыс жағынан гидранттарға орнатылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт 17-11-де ауыздықталып, 17-23-те толық сөндірілді», – деп хабарлады қалалық төтеншеліктер. Олардың айтуынша, осы № 9 павильонда бұрын "Дельфин" бассейні бар SPA-орталық орналасқан. Қазіргі уақытта ғимаратта қайта жаңарту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан. Өртті сөндіруге 17 бірлік техника мен жеке құрамнан 58 адам жұмылдырылды. Абырой болғанда қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.