Алматыда күдікті ретінде ұсталған әйел полицейлерге пышақ ала жүгірген
Алматыда күдікті ретінде ұсталған әйел полицейлерге пышақ ала жүгірген
162
оқылды
Алматыда 36 жастағы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін шешуге көмектесемін деген желеумен бірнеше адамнан қомақты ақша алған. «Күдікті – 1986 жылы туған М. есімді азаматша қала орталығында ұсталды. Ол полицияға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, пышақпен шабуылдады. Содан кейін өтіп бара жатқандардың назарын аудару үшін қатты айғайлады», – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов. «ҚазАқпарат» таратқан полиция өкілінің сөзінше, күдікті бірнеше адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға уәде беріп, қомақты қаржы алған. «Бізге бірінші өтініш өткен жылдың қазан айында түскен. Қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін шешуге көмектесемін деген желеумен аталған әйел «клиенттен» 20 мың доллар алған. Азаматтар мамыр айында екінші өтінішпен жүгінді. Бұл жағдайда күдікті қылмыстың квалификациясын өзгертуге уәде беріп, 2,5 млн теңге алған. М. есімді азаматшаға қатысты ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді спикер. Қазір тәртіп сақшылары ұсталған азаматшаның осыған ұқсас эпизодтарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Полиция қызметкерлері М. есімді әйелдің әрекетінен зардап шеккендердің барлығын 8-708-707-92-02 және 8-775-774-44-41 телефондары арқылы хабарласуын сұрайды.