Қызылодадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеленушілер еденде ұйықтайды
Қызылодадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеленушілер еденде ұйықтайды
246
оқылды
Қызылордадағы жеке оқу орталығында шу шықты. Ата-аналар балаларының еденде ұйықтап, сапасыз тамақтанып келгенін айтып шағымдануда. Ашынған олар аймақтағы "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігіне шағым түсірген. Аталмыш орталық облыс орталығында орналасқан. Осы уақытқа дейін де білім мекемесіне қатысты бірнеше мәрте шағым түсірілген. Соған қарамастан орталықтың жұмысын қадағалайтын құзырлы органдар бейқам отырғанға ұқсайды. "Мен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 7 жасар баламды мектепке даярлық тобына берген болатынмын. Өзі ерекше бала. Айына 27 мың теңгеден төлеп отырдым. Мұғалімдер баламның науқас екенін білді. Бастапқыда осындай заңсыздықтардың бар екеніне сенбеп едім, қазір шок күйде отырмын. Суретте еденде ұйықтап жатқан оқушылардың ішінде менің де балам бар. Бұл сұмдық қой", – дейді ата-аналардың бірі Гүлжан. Қазіргі уақытта ата-аналар емдеу мекемесінің үстінен құзырлы органдарға шағым түсірген. Олар балаларының құжаттары мен оқу ақысын қайтарып беруді талап етеді. Алайда, орталық басшылығы кешірім сұраудың орнына, өздеріне тап беріпті. "Бұл өте сорақы жағдай. Партаға сыймағандықтан балалар еденде отырып білім алуға мәжбүр болған. Ешқандай рұқсаты жоқ адамдар балаларға тамақ жасаған, ас мәзірі де дұрыс емес. Бұл құзырлы органдардың мүлдем жұмыс жасамайтынын білдіреді. Біз жоғары жақта мықты таныстары мен туыстары бар адамдардың балаларымыздың құқығын таптауға рұқсат бермейміз", – дейді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева. Бүгінде тиісті мекемелер ата-аналардың шағымы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуді бастады. "Орталық қызметі бақылауға алынды. Қалалық прокуратура уәкілетті органдармен бірге тексеру жұмыстарын жүргізеді және қосымша хабарланады", – деп жауап берді Қызылорда облысы прокуратурасының өкілдері.