Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті түрколог, профессор, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының 75 жасқа толуына арналған «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға отандық түрколог ғалымдар мен Түркия, Ресей, Корея және Моңғолия сарапшылары қатысты. Пікірталас форматында өткізілген жиын түркі халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға және түркітілдес мемлекеттердің мәдени интеграциясын өткізуге, сондай-ақ түркологияның өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды. Конференцияны ашқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің және тағы басқалардың құттықтау хаттарын оқып берді. Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының еліміздің өркендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті. «Сіз Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығын құрып, Түркі жазуы тарихы мұражайының ашылуына үлес қостыңыз. Сіз түркі халықтарының баға жетпес рухани байлығы саналатын ежелгі дереккөздерді зерттеуде үлкен жұмыс атқардыңыз. Сіздердің арқаларыңызда бүгінгі ұрпақ тас мүсіндерде, соның ішінде Күлтегін ескерткішінде қалдырылған ата-бабаларымыздың жазбалары мен өсиеттерін біледі.Орхон ескерткіштері атласының монографиясы ғалымдар арасында жоғары бағаланды. Бүгінде Ұлы дала өркениетіне және оның жетістіктеріне деген қызығушылық артып келеді. Сіздің ізбасарларыңыз жоғары жеңістерге жетіп, еліміздің даңқын арттыруын тілеймін. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір және бақыт тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Проректор Дихан Қамзабекұлы Ғылыми кеңестің шешімін жеткізе келіп, Қаржаубай Сартқожаұлын университеттің құрметті де ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалімен марапаттады.