Сырдағы көпір сыр берді
Сырдағы көпір сыр берді
247
оқылды
Соңғы күндері қызылордалықтар қаланы Сырдарияның сол жағалаумен байланысты­ратын алып көпір­дің тозығы жеткенін аңғар­ды. Жергілікті тұр­ғын­дар өткелдің адам өміріне қауіпті екенін айтады. Сол жағалаудан бой көтерген жаңа қаланы ескі қаламен байланыстыратын өткел құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Екі жылға жуық уақыт құрылысы жүргізілген көпір 2016 жылы ел игілігіне пайдалануға берілді. Негізінен бұл жобаға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында облыстық және республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Мост отряд-25» ком­паниясы жүргізіп, көпірді екі жылда салып шықты. Көпірдің жалпы ұзындығы – 386 метр, ені – 22 метр. Көпір төрт жолақты автомобиль және жаяу жүр­гіншілер жолымен жасақталған. Алайда бес жылдан астам уақыт ел игілігіне пайда­ланылып келе жатқан көпірдің сапасы сыр бере бастаған. Тұрғылықты халық «Көшербаев көпірі» атап кеткен көпірдің іргесі үгітіліп, жарықшалар пайда болғанына алаңдайды. Ерсілі-қарсылы жүрген көліктердің салда­рынан онсыз да қабырғасы қақырап тұрған көпір опырылып құламай ма деген қауіп басым. Осы мәселе төңірегінде құзырлы орындарға хабар­ласып, мәселенің мән-жайын анықтап көрдік. «2016 жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің теңгеріміне берілген құрылыс нысанын күтіп-ұстауға қалалық бюд­жеттен жылма-жыл қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал осы жылға көпірді жөндеу, қалпына келтіру жұ­мыстарына 12 мил­лион теңге қаралды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нә­ти­же­сінде «Армир-Сервис» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігімен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар қолға алын­ды. Сон­дықтан да алаңдауға негіз жоқ. Бар олқылық жойы­лады», – деп түсіндірді Қызылорда қалалық құры­лыс бөлімінің басшысы Біржан Далабаев бұл жайында. Негізінен қала аумағындағы көпірлерді жөндеуден өткізуге жылына 6 млн теңге қаражат бөлінеді екен. Алай­да бұл қаржы нысандарды әктеу, сырлау сынды жұ­мыс­тардан артылмайтын көрінеді. Соның салдарынан көпір­дің сапасы сын көтермейтін күйге жеткен. Қалай дегенде де жаяу жүргіншілер мен темір тұл­парды тізгіндегендер өткелден қорқынышпен өтуге мәж­бүр. Ал құ­зыр­лы орындар биыл болып жатқан олқылықтарды қалпына келтіру жүмыстары ойдағыдай жүргізілетініне сендіріп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы