Кибершабуылдың құрбандары
Кибершабуылдың құрбандары
295
оқылды
Қарағанды облысында интернет алаяқтық өршіп тұр. Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы Қарағанды қаласы бойынша интернет арқылы жасалған 1 113 алаяқтық қылмыс тіркелген. Ал 2022 жылдың басынан облыс бойынша дәл осындай сипатқа ие 346 қылмыс жасалған. Онлайн сауда әлегі Алаяқтар айласын асыру үшін әлеуметтік желілерде танымал адамдардың атын жамылып, қаржылай көмек сұрайды, жалған интернет дүкендер мен фейк парақшалар ашады, сайттар құрады. Қарапайым адамдар олардың уысына оңай түседі. Адамдар өз қажеттілігіне сай түрлі заттарды онлайн сатып алуға үйренген. Тауарды арнайы сайт арқылы іздеп, көрсетілген банктік есепшотқа ақша аударады. Ал жеке деректерді, сондай-ақ банк картасының нөмірін қолға түсірген алаяқтар сол кісінің атын жамылып, ақпараттық шабуыл жасайтын жайттар жиіледі. Сондай-ақ әркімге электронды поштадан түрлі сілтемелер келеді. Киберқылмысты орындайтын адам сол аккаунтты алып, өзінің пайдасына шешеді. Мұндай жайттар күнделікті өмірде болып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, елімізде ақпараттық шабуыл жасауды үйрететін арнайы «мамандар» бар екен. Алаяқтың қолға түсірген қомақты қаржысының бір бөлігін арнайы оқытқан сол «мамандары» алады. Қарағанды облысында еліміздің бірнеше өңірінің 100-ден астам тұрғынын 15 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен қос келін­шектің қылмысы анықталды. 29 бен 32 жастағы екі алаяқ киім сататын дүкендер жабылғалы жатыр, сол себепті әйелдерге арналған қымбат киім-кешектер арзан бағаға сатылады деп хабарлама таратқан. Онлайн сауда жасаған тұрғындардың ақшасын қалтаға басқан екі келіншек Шымкент қаласында отырып-ақ арам ойын іске асырған. Алаяқтар адамдардың жеке мәліметтерін қалай қолға түсіреді, нөмірлерін, аты-жөнін қалай анықтайды? Мұның мәнісін білу үшін Қарағанды облыстық По­лиция департаменті криминалдық полиция бас­қармасының бөлім басшысы, полиция ма­йоры Мәди Бағдатты сөзге тартып көрген едік. – Бізде де «алаяқтар бұл мәліметтердің бар­лығын қайдан алады, кімнен біледі?» деген ой болды. Осыған орай арнайы талдау жұмыстарын жүргіздік. Қазір өздеріңіз білесіздер, банктің мо­бильдік қосымшасына кез келген нөмірді терсеңіз, тұтынушының аты-жөні шыға келеді. Яғни, қылмыскерлер үшін сол нөмір арқылы тауып алу түк те қиын емес. Алаяқтар бұл ашық ақпаратты да ұтымды пайдаланады. Осыған орай, біраз уақыттан бері мобильді қосым­ша­ларда клиенттің тек есімі мен тегінің бірінші әрпін ғана жазу қолданылып келеді, – деп түсіндіреді. Қыз болып танысып... Интернет алаяқтық тек онлайн саудамен ғана шектелмейді. Жақында Қарағандыда күш қолдану арқылы бірнеше рет бопсалады деп айыпталған алты қала тұрғыны сотталды. Жігіттер әлеуметтік желіде қыздардың жал­ған профильдерін ашып, ер адамдармен танысып, кейін оларды құрықтарына түсірген. Қыл­мыстық іс Октябрь аудандық сотында қаралды. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушылар бопсалау арқылы заңсыз баюдың ерекше жоспарын құрған. Олар әлеуметтік желілерде қыздардың профильдерін салып, ер адамдармен танысып, кездесулер ұйымдас­тыр­ған. Шындығында қыздардың орнына өздері кездесуге барған. «Сотталушылар әлеуметтік желідегі қыздардың ағаларымыз деп айтып ер адамдарды кәмелетке толмағандармен та­ныстыңдар деген айыппен кінәсін мойындауға мәжбүрлеп, сол сәтті видеоға түсіріп алған. Со­дан кейін жәбірленушілерден ақша боп­салаған. Сонымен бірге олар жәбірленушілерді ұрып-соққан», – делінген сот ісінде. Тергеу сотталушылардың екі ұқсас эпизодқа қатысын дәлелдеді. Жәбірленушілер саны көп болуы да мүмкін. Сотта осы іске қатысты аза­маттар өз кінәларын толық мойындап, про­ку­рормен процессуалдық келісімге келді. Жә­бір­ленушілер кінәсін мойындау туралы келісімнің шарттарымен келіскен. Октябрь аудандық соты айыпталушыларды 3 және 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сот оларды да пробациялық бақылауға алды. Цифрландырудың шексіз мүмкіндігін алаяқ­тар да өз мүмкіндіктеріне қарай пайда­лануға көшкен. Сондықтан желідегі алаяқтан абай болайық!

Қарағанды облысы