Бейжің Олимпиадасында Ту ұстап шыққан спортшылар киімін мұражайға табыстады
Бейжің Олимпиадасында Ту ұстап шыққан спортшылар киімін мұражайға табыстады
636
оқылды
Лозаннада Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының Ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың  ашылу салтанатындағы формаларын Олимпиада мұражайына ресми табыстау рәсімі өтті. Экспонаттарды «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» жинағына тапсыру туралы ХОК президенті Томас Бах қол қойған тиісті сертификат Қазақстан ҰОК-не табысталды.    width= Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақстандық шеберлердің туындысы көптің назарына бөленіп, үздіктердің бірі деп танылды. Қазақстанның Туын ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдованың киімі Халықаралық олимпиада қауымдастығын  таңғалдырды. Көптеген әлемдік БАҚ қазақстандық дизайнерлер жасаған образға тәнті болды. Британдық беделді The Guardian газеті Ойындардың ашылу салтанатынан кейін: «Қазақстан костюмдер байқауында жеңіске жетті», – деп жазды. Америкалық The Insider басылымы «Екатерина Айдова классикалық алтын әшекейлермен безендірілген киімімен таңғалдырды» деп мойындады. Сонымен қатар азиялық БАҚ, соның ішінде Жапонияның жетекші ұлттық газеті «Уомиури» де баса назар аударып, «Токиодағы Олимпиададан кейін қазақстандық Ту ұстаушылардың әдемі киімдері Бейжіңде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды» деп атап өтті.    width= Қазақтың хас батыры образында шыққан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың көйлегінде бейнеленген сақ патшайымы Томирис бейнесіне жоғары баға берілгенін растай отырып, Олимпиада мұражайы костюмді «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» топтамасына енгізуді және оны табыстау барысында салтанатты рәсім ұйымдастыруды ұсынды. Коллекцияда спортшылардың ең жақсы жабдықтары бар – ол Олимпиада ойындарының тарихын және олардың елдердің тарихы мен мәдениетімен тығыз байланысын айқын көрсетеді. Экспонаттардың көпшілігін спортшылар Олимпиада кезінде немесе Олимпиададан кейін сыйға тартқан.    width= Осы сәттен бастап Қазақстанның Ту ұстаушыларының киімдері ұйымның штаб-пәтері орналасқан швейцариялық Лозаннадағы ХОК бас мұражайы – әлемдік олимпиадалық қозғалыстың «қазына қорларына» келушілердің назарына ұсынылады. Мұражай жұмысын 1915 жылы бастаған, 30 жылға жуық тарихы бар. Қазір мұражайда ойын тарихының мыңдаған құнды экспонаттары сақталған. Жыл сайын оларды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен 500 мыңнан астам адам келеді. ХОК Мәдени мұра департаменті Олимпиада ойындарының тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, бүкіл әлемнің спортшыларын біріктіреді. Дизайнерлер Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатының қарсаңындағыдай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірге ою-өрнек элементтерімен де жұмыс істеді. Костюмді қазақстандық дизайнер Виолетта Иванова дайындады. Ол өткен жылы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның Ту ұстаушыларының образдарымен жұмыс істеген. Viled Group компаниясы костюмдерді тігу үшін Иванованың дарынды командасын ұсынды, ал дизайнер мен оның шеберлері кезекті рет жауапты тапсырманы тамаша орындап шықты. Рәсімге ХОК өкілдері Оливье Ниямки және Эдвард Кенсингтон, сондай-ақ қазақстандық сыйлықты қабылдаған Олимпиада мұражайының өкілі Патрисия Рэймонд қатысты. Экспонаттарды олимпиадалық спортшы Екатерина Айдова музейге сыйға тартты. – Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына Абзал Әжғалиев екеуміз аяқ басқан сәттен бастап алғашқы минуттардан-ақ бар назардың киімдерімізге аударылғанын түсіндік. Әріптестеріміз бен көрермендердің бізге деген көзқарасы біздің киім образымыздың ерекше екенін дәлелдей түскенін түсіндік. Уайымдадық, сонымен қатар мақтаныш пен таңданыс та болды. Шеберлер ұжымы шедевр жасады деп есептеймін. Біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміз лайықты түрде ұсынылғанда, сіз ерекше мақтаныш пен қолдау сезінесіз. Міне мен кезекті рет толқып отырмын, өйткені енді біз киген керемет костюмдер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды қазақ халқының қайталанбас салт-дәстүрлерімен және тарихымен таныстыруды жалғастырады, – деп әсерімен бөлісті Екатерина Айдова. Лозаннадағы костюмдерді тапсыру рәсімінен кейін Айдова ХОК мұрағатына енетін олимпиадалық мәдениет және мұра қорының «Words of Olympians» арнайы жобасына сұхбат берді.