Түркі әлемінің қос қанаты
Түркі әлемінің қос қанаты
Қазақстан мен Түркия – ортақ тарих, тіл, дін, мәдени құн­дылықтардан қуат алған, жаңа заманда мықты байла­ныс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Тәуелсіздік дәуі­рін­де Түркия Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бі­ріне айналды. Енді екі ел арасындағы қарым-қатынас «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көте­рілді. Қос мемлекет өзара сауда-саттықты 10 млрд дол­лар­ға жеткізу міндетін қойды. Президент Қ.Тоқаевтың мем­лекеттік са­пары арқасында осы межені жақындататын ірі инвестициялық жобалар қолға алынады. Сауда-саттық көлемі 100 есеге артты Тарихи факт: 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» конституциялық заң бекітілісімен, Қазақстанның азаттығын мойындаған әлемдегі №1 ел Түркия болды. Бұл жас қа­зақ мемлекеті үшін түрік аға­йын­дардың көрсеткен моральдық де­меуі, сондай-ақ бауырмалдық пен достықтың символы іспеттес еді. Сонымен бірге Түркия Қазақ­стан­мен дипломатиялық қарым-қа­ты­нас орнатқан алғашқы ел. Түр­кияның дипломатиялық миссиясы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш шетелдік өкілдік болды. Осының бәрі екі ел арасындағы берік экономикалық және ин­вестициялық ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Мысалы, Қа­зақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық 1992 жылы 30 мил­лион доллар болыпты. Ол кез үшін мұның өзі үлкен жетістік саналды. Ал пандемия қарсаңында, 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,1 миллиард долларды құрады. Осының арқа­сында Түркия қазақ елімен бел­сенді сауда жасайтын TОП-8 елдің сапына қосылған. Оған дейінгі жылдарда 13-орында орналасты. Яғни, соңғы жылдары бұл тұрғыда ғаламат серпін байқалады. Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы қазанда Анкараға сапары аясында тараптар өзара тауар айналымы көлемін 5 млрд долларға жеткізу туралы уағдаласқан-тын. Ол белес бағынған екен. Таяуда, 10-11 мамырда Түркияға мемле­кеттік сапар жасаған Қ.Тоқаев алыс-берісіміз былтырғы 2021 жыл қорытындысында 5 миллиард долларға жеткенін мәлім етті. Сөйтіп, бұл ел біздің басты серіктестеріміздің бестігіне кірді. Егер алда 10 миллиардтық асу алынса, Түркия басты сауда се­ріктестеріміздің үштігіне кіруі мүмкін. Аз уақытта қос ел ара­сын­дағы экономикалық байла­ныс­тардың бұлайша өрлеуінің үлгісі әлемде сирек! Мұның сыртында Түркия Қа­зақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында: экономикамыздың дамуына 4 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 млрд доллардан асты. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бүгінде тағы 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Басқаны айтпағанның өзінде, еліміздегі ең көрікті, туристік тартымды, сәу­летті нысандар мен ғимараттар­дың көбін түрік құрылыс компа­ниялары тұрғызды. Қазақстанда жасыл эко­номика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық иге­рілмеген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын ком­мерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Қазір Түркия Қазақстанда бір­лескен кәсіпорын құру жөнінен Ресейден кейінгі екінші орынға ие. Республикамызда түрік капи­та­лы­мен жұмыс істейтін 4 мың­дай ком­пания бар. Демек, елі­міз­дегі әрбір 9-10-шы шетелдік кәсіп­орын – түріктікі. Түріктер Қазақстанда не өндіреді? Жалпы, батыстық ауыр санк­циялардан Ресейдің шаруасы шат­қаяқтап, өз қолы өз аузына жет­пейтін халге түсе бастағанын, ал қытай капиталы Африка, Америка құрлықтарына ден қойғанын ес­керсек, болашақта Түркия ірі сауда серіктестеріміз арасында бірінші тұғырға көтерілуі ғажап емес. Оның негізі қаланып жатыр. Мем­лекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрік инвес­тор­лары жаңа инвестжобаларын та­ныстырды. Және бұл қағаз жүзін­дегі, не макет күйіндегі жобалар емес, барлығы да дәл қазір Қа­зақстанда іске асырып жатыр. Мәселен, Yildirim Group Жам­был облысының Сарысу ауда­нында кальций қосылған сода өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауытты салып жатыр. Кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Оның бірінші кезегі 500 мың тоннаны құрайды және 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Құрылыс кезінде шамамен 1000 мың маман, негізі­нен жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Кәсіпорын өндіріске кіріскен соң 300 жаңа жұмыс орны және 1 мыңдай жана­ма жұмыс орындары құрылуы тиіс. Бұл жоба жүзеге асса, еліміз каль­цийлен­дірілген сода өндіру жөні­нен Қытай, Түркия, АҚШ және Ре­сей қатарлы жаһандық бестікке кірмек. Сондай-ақ республикамыз өнімнің осы түрінен импортқа тәуел­діліктен 100 пайызы құты­лады екен. Iskefe Holding Алматыдағы индустриалдық аймақта 27 мил­лион доллар тұратын, желатин өндіретін зауыт салады, онда ірі қара мал терісі өңделмек. Яғни, сиыр терісінен желатин жасалады. Жоба 2022–2023 жылдары жүзеге асады. Қолданысқа берілгеннен кейін, 2023 жылы 100-ден аса жұмыс орны ашылады. Зауыттың өндіріс қуаты жылына 7 мың тонна өнім шығаруға жарайды. Бұл үшін 28 мың тонна тері талап етіледі. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің дерегінше, бүгінде Қазақ­станда теріні бастапқы өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Белбеу, киім, аяқкиім, қап-чехол, диван қаптамасын жасайды. Алай­да олардың өнімінің қосылған құны төмен болғандықтан, фер­мерлерге, мал ұстайтын ауылдық­тарға тартымды баға ұсына алмай­ды. Сондықтан адамдар мал сой­ғанда бас қатырмай-ақ, оның те­рі­сін қоқысқа лақтырады. Сөйтіп, құнды шикізат рәсуа болады, әрі түрлі аурудың тарау қаупі туады. Оның үстіне қазақстандық кәсіп­орындар коронавирус пандемиясы кезінде жұмыстарын уақытша тоқтатты. Түрік холдингінің сиыр желатині бойынша әлемдік нарықтағы үлесі – 6%. Салмақты инвестор саналады. Мұның сыртында Eczacıbaşı Holding геологиялық барлау жүр­гізіп жатыр. MFA Maske – меди­циналық және респираторлық бетперделер шығарады. Tiryaki Holding – агроөнеркәсіп тауар­ларын өндірмек. YDA Group құ­рылыс материалдарын, медици­налық жабдықтар мен жиһаз жасайды. TAV Havalimanlari Holding Алматы қаласының халық­аралық әуежайында жаңа халық­аралық терминалдың құрылысын жүргізіп жатыр. түркі әлемі Panelsan сэндвич панельдерді жасайды. Kayatürk Group сауда ор­талығын салды. Koç Holdıng агро­өнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысады. Isıklar қағаз өнімдерін шығаруы тиіс. Çalık Holdıng гео­логиялық барлау және агроөнім­дерді өндіруге ниетті. Goknur Gida компаниясы жеміс-көкөніс өнім­дерін дайындайды деп күтілуде. Түрік алпауыты Atabay Kımya Sanayı Ve Tıcaret AS Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер өндіру­ге кірісетінін шетелдік БАҚ та жазды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, Atabay және Nobel атты екі түрік компа­ниясымен келісімге қол жеткізілді. «Atabay Алматыда фармзауыт салуды жоспарлап отыр. Инвес­тицияның алдын ала көлемі – 10 млн доллар. Бұл Еуропада да өте танымал фармкомпания. Бүгінде 20-дан астам дәрілік препаратын халықаралық тіркеуден өткізген. Ол әртүрлі препараттар шығарады, оған суық тиюге, қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын дәрі-дәр­мектер, антибиотиктер кіреді», – деді А.Ғиният. Nobel компаниясы 50 млн дол­лардан астам инвестиция салып, Қазақстанда фармзауыт тұрғызбақ. Ол клиникалық зерттеулер жүр­гізуді, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек, антибиотиктер және қабынуға қарсы өзге де препараттарды жа­сауды мақсат етіп отыр. Атап өтер жайт, Президент Қ.Тоқаевтың Түр­кияға мемлекеттік сапары аясында екі елдің үкіметтері ара­сында денсаулық сақтау және медицина саласындағы ынтымақ­тастық туралы жаңа келісімге қол қойылды. ДСМ дерегінше, бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге және ынтымақтастықтың бірлес­кен жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Халықаралық дәліз халықтар ауқатын арттырады Қазақ-түрік ықпалдастығы бір­лескен кәсіпорындармен шек­телмейді. Украинадағы жағдайдан кейін Ресей жерімен жүк тасы­малдау шектелді. Ал Қазақстан үлкен теңіздерге шыға алмайды, құрлықта қысылған. Сондықтан Ресейді айналып өтетін халық­ара­лық дәліздер қарастырыла баста­ды. Оның бірі – Транскаспий ха­лықаралық көлік бағдары. Бұл бағыт бойынша жүк тасымалы 6 есеге артпақ. «Биыл контейнерлік тасымал­дар 2021 жылға қарағанда 2 есе ұлғайып, 50 мың жиырма футтық баламаға дейін жетеді деп жоспар­ланған. Сонымен қатар 2022 жылы тасымалдың жалпы көлемі 6 есеге – 3,2 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл ретте 2022 жылдың 4 айында Транскаспий халықаралық көлік маршрутімен 733 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл – 5 мыңнан астам вагон немесе 10 мың кон­тейнер діттеген жеріне жеткізілді деген сөз», – деп хабарлады «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлттық ком­паниясы. Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) Қытайдан бастау алып, Қазақстан аумағы және Каспий теңізінің аквато­рия­сы арқылы Әзербайжанға, Гру­зияға, Түркияға, сондай-ақ Қара теңіз арқылы Еуропа елдеріне дейін барады. «ТХКБ» қауым­дас­тығына 20 компания мүше: темір­жол әкімшіліктері, порттар, 8 ел­дің кеме қатынасы және логис­ти­калық компаниялары кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде және айналада қалыптасып жатқан жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағдарының рөлі күрт артты. – Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қор­ғастан Ыстанбұлға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қы­тай мен Еуропаға экспорттау жол­дарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бас­тадық. Мұнай құбырларының өткізу қа­білетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұ­мысы басталды, – деді Президент. Түркия да қазақ мұнайын ірі көлемде тұтынушы елдердің бірі: шамамен екі миллиард долларға «қара алтынымызды» алады. Қа­зақстандық мұнайшылар үшін Түркия – сегізінші, ал Азияда – екінші ірі нарық. Туысқан қос елдің ынтымақ­тастығы – өзге елдер үшін көрнекті үлгі. Сарапшылардың бағала­уын­ша, Қазақстан мен Түркия – Еура­зия құрлығының, түркі әлемінің қос қанаты. Қазақстан түркі әлемі үшін шығысқа, ал Түркия батысқа жол ашатын қақпа саналады. Ен­деше екі мемлекеттің экономика­лық, ин­вестициялық байланыс­та­рының нығаюынан өзге елдер тек ұтады.