Таразда 57 жастағы әйелді пышақтап өлтіріп, үйін өртеп кеткен күдікті қамауға алынды, – КТК арнасы. Күдікті өзі от қойған баспананың терезесінен қашып шыға бергенде ұсталып қалған. Оқиға кеше түнгі сағат он екі шамасында болған. Куәгерлердің сөзіне сенсек, ішімдікке сылқия тойған 32 жастағы жергілікті тұрғын азаматтық некедегі күйеуі бар әйелдің үйіне келіп мазасын алған. Сол жерде жанжал туындап, арты төбелеске ұласыпты. Қаскөй әйелді пышақтап өлтіріп, күйеуін жаралған. Қаза тапқан кісінің кәмелетке толмаған екі қызы қантөгіс кезінде қашып үлгеріп, полицейлерді шақыртқан. Ал күдікті қылмысын жасыру үшін үйді әдейі өртеп ізін суытпақ болыпты. Бірақ терезеден сытылып шығамын дегенде ұсталып қалған. 32 жастағы азамат бұған дейін екі мәрте сотты болған. Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова: «ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жедел іздестіру нәтижесінде, полицейлер осы қылмысты жасады деген күдікпен 32 жастағы Тараз қаласының тұрғынын анықтап ұстады. Барлық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деді.