Тапқаны қапқанынан қалмайды
Тапқаны қапқанынан қалмайды
© коллаж: Әсел Балтақызы
Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері салық заң­на­масының жетілдірілмегеніне наразы. Олар корпоративті табыс салығын төмендетуді, коммуналдық шығындарды есептеу тәртібін өзгертуді, тауарды таңбалауды алып тас­тауды, салық мораторийін ұзартуды, түбіртекке жаңа та­лаптарды енгізбей қоя тұруды және жүйедегі сәйкессіздіктерді түзетуді сұрап отыр. Осы мәселемен олар «AMANAT» партиясы Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінді. Соңғы кезде барлық сала автоматтанды­ры­лып, дүкендерде есеп айырысу негізінен pos-терминалдар арқылы жүргізілетін болды. Жеке кәсіпкер Татьяна Данильченконың айтуынша, оның шағын дүкеніндегі есеп айы­рысулардың 80 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Бұл дегеніңіз – табыстың 3 пайызы екінші дең­гейлі банктердің қалтасына түседі деген сөз. «Енді корпоративті та­­быс салығы 3 пайыз болса, жағдай тіптен қиындауы мүмкін. Сондықтан банктерді ешкім ырыққа көндіре алмаса, тым болмаса мем­лекет тарапынан бізге қолдау көрсетілгенін қалаймыз. Табыс са­лы­ғы 1 пайызға дейін азайтылғанын қалаймыз», – дейді жеке кә­сіп­кер. Дүкендердің pos-терминалдар орнатпауға хақысы жоқ. Сауда орындарының иелері мемлекет мұн­дай талапты енгізген соң, банк­тер де оған атсалысып, пайыздық көрсеткіштерін азайтуы тиіс деген ойда. Немесе мұндай төлемдерді қосымша құн салығын есептеген кезде есепке алмау керек дейді. Сондай-ақ 2023 жылдың ба­сы­нан бастап арнайы салық режи­мінің талаптарына енгізілетін өзгерістер де кәсіпкерлердің көңіліне қаяу тү­сірген. Атап айтқанда, «сауда алаңы жалға берілетін болса, жеке кәсіп­кердің жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істеуге құқығы жоқ» деген бап олардың наразылы­ғын туғызды. Олар сауда алаңдарын сатушыларды тарту мақсатында тез бүлінетін жеміс-көкөніс, ойыншық, тұрмыстық химия сатуға және тер­миналдарға жалға беретінін айтады. Айына 2 мыңнан 15 мың теңгеге де­йінгі жалдау ақысы – олар үшін қосымша табыс көзі. Әрі жалгерлер үшін де азын-аулақ тиын-тебен, отбасын асырауға мүмкіндік. Ал Са­лық кодексіне өзгеріс енгізіл­ген­нен кейін дүкен иелері олардан бас тартқаннан басқа амалы жоқ. «Жал­герлер жұмыссыз қалады. Сатып алушылар банкоматтан ақша алу үшін басқа жаққа баруға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде кезектің ұлғаюына, сәйкесінше әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыруы мүм­кін. Мәселен, менің дүкенімде Kaspi банктің терминалы тұр. Оның орын жалдауда түскен ақысына са­тушыларымды ынталандыру үшін сыйақы төлеймін. Әрі бұл терми­налдың клиенттерге де пайдасы зор. Ал жаңа заң қабылданса, мен бұл терминалдан бас тартуға мәжбүрмін. Бұл клиент санының азаюына, та­быстың төмендеуіне әкеліп соғады. Тұтынушылар да жолақысын шы­ғындап, қаланың басқа аудандарына сабылуға мәжбүр болады», – дейді Татьяна Данильченко. Сондықтан «AMANAT» партия­сы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабыл­дауына жүгінген бір топ кәсіпкер микробизнес өкілдерін жеке санат ретінде қарастыруды ұсынады.. Салық заңнамасындағы «шикіліктер» Сауда саласын толық автомат­тандырып, әр тауардың атауы, сал­мағы, көлемі, бағасы жазылған ке­ңейтілген чек беру туралы талап та көңіл көншітпейді. Ол үшін супер­маркеттегідей бағдарламасы орна­тылған жаңа бақылау-кассалық ма­шина сатып алып, штатта бух­галтер мен оператор ұстау қажет бо­лады. Сондай-ақ компьютер, ска­нер және тағы басқа техника ке­рек. Мұны да әр кәсіпкердің қал­тасы көтере бермейді. Әрі үй ма­ңындағы шағын дүкендердің сатып алушылары негізінен зейнеткерлер мен бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар болғандықтан, олар әр тауарды там-тұмдап қана алады. Сонымен қатар кәсіпкерлер 2020 жылы салық төлемдеріне жа­рияланған мораторийдің «қызығын көре алмағандарын» айтып, оның мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды сұрап отыр. Бұл жеңілдік енгізіл­геннен кейін бірден пандемия басталып, шағын дүкендер күндерін әрең көрді. Табысы азайып, қарызы қордаланып, санитарлық тазалық құралдарына арналған қосымша шығын қосылды. Қаңтар оқиғасы олар үшін тағы да жығылғанға жұ­дырық болды. Сондықтан олар ес­те­рін жию үшін әлі де салық же­ңілдігі қажет деген пікірде. Бұл ұсы­нысты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қолдап отыр. Жеке кәсіпкер Наталья Апре­това салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер бизнестің жұ­мы­сын шатастырып отыр деген пікірде. «Кодекске енгізіліп жатқан өз­гер­тулер мен түзетулердің көбі «шикі». Салық органдарының өз­дері оларды дұрыс түсіндіріп бере алмайды, дегенмен орындауымызды талап етеді. Порталдағы жүйе жиі істен шы­ғады. Мәселен, мен өз та­уарым­ның, яғни үрленген шардың кодын енгізсем, планшетке арнал­ған плас­тина шығады. Бұл – бар­лық кәсіп­керлерді толғандырып отыр­ған мәселе», – дейді Наталья Апретова. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директо­ры­ның орынбасары Жеңіс Қазиев бизнес субъектілеріне қойылатын барлық артық талаптар жойыла­ты­нын, егер 2023 жылға қарай Салық кодексіне түзетулер мен басқа да талаптар пысықталмаса, онда кә­сіпкерлерге қатысты тәртіптік жа­залар қолданылмайтынын жеткізді. Шағын бизнес иелеріне әртүрлі заңбұзушылықтар үшін салынатын айыппұл көлеміне қатысты нара­зы­лық көп. Айына 150-200 мың теңге пайда табатын дүкен иесіне 600 мың теңге айыппұл салу ақылға сый­май­ды дейді олар. Сондықтан айыппұл мөлшерін табыс деңгейімен сәй­кестендіру туралы мәселе көтеріп отыр. Шағын дүкен иелерінің алко­гольдік өнімдердің лицензиялық алымына қатысты да айтар уәжі жетерлік. Шағын дүкен иелері са­лықтан басқа жұмысшыларының еңбекақысы, коммуналдық және басқа шығындар, кейбірінің ғи­марат жалдау ақысы бар екенін алға тартады. Жабылып тынуға мәжбүр Кәсіпкерлердің коммуналдық төлемақыға қатысты да базынасы бар. Бұл шығындарды олар заңды тұлға ретінде төлейді. Халықты жы­лу, су, жарықпен қамтитын мо­нополист компаниялар белгілеген тұтынушылардың төрт санатының бірде біреуі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолдануға келмейді екен. Өйткені Кәсіпкерлік кодек­сіне сәйкес жеке кәсіпкер – заңды тұлға құрмай кәсіпкерлікпен ай­налысатын жеке тұлға болып табы­лады. Заңды тұлға өзінің жарғылық капиталымен, ал жеке тұлға болып табылатын жеке кәсіпкер тек өз мүлкімен жауап береді. «Дегенмен коммуналдық төлемдерді заңды тұлғалармен бірдей төлегеніміз – қос стандарттың белгісі. Табыс дең­гейі де әртүрлі екенін ескеру керек. Соңғы кезде кәсіпкерлердің табысы өзін-­өзі жұмыспен қамтыған­дардікімен бірдей. Сол себепті жеке кәсіпкерлердің дені қаржы үнемдеу мақсатында өздері жұмыс істеуге мәжбүр: аула сыпырушы, еден жуушы, сатушы – бәрі өзі. Жеке тұлғаның заңды тұлғалар үшін бе­кітілген тарифтер бойынша төлема­қы төлеуі әділетсіз әрі бұлай бол­мауы тиіс деп есептейміз», – деді кәсіпкер Татьяна Данильченко. Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының, шағын және орта бизнес республикалық қоғам­дастығының мүшесі Татьяна Да­нильченконың айтуынша, бұл – бүкіл республика бойынша шешуді талап ететін өзекті мәселе. Алматы­лық әріптестері келтірген мысалға сүйенсек, есептегіш құралы жоқ жеке кәсіпкер жылудың 1 Гк-ы үшін тұрғындар 2 400 теңге төлесе, жеке кәсіпкерлер 10 200 теңгесін ғана шығындайды. Қатты тұрмыстық қал­дықтарды шығару үшін тұр­ғын­дардан – 250, жеке кәсіпкерлерден 1 500 теңге талап етіледі. Су мен электр жарығы тарифтерінде де айырмашылық бар. Кәсіпкерлер коммуналдық қызметтердің ұдайы қымбаттап бара жатқанын, сауда саласында бәсекелестік артқанын, табыс деңгейі төмендегенін ескере отырып тарифтерді қайта қарауды өтінуде. Олардың айтуынша, та­уарлардың бағасы коммуналдық шығындарға да байланысты, ал бүгінде табыстың жартысы, кейде одан да көп бөлігі коммуналдық шығындарды өтеуге жұмсалады. Мәселен, айына 57 мың теңге та­бысы бар дүкен электр жарығы үшін айына 47 мың теңге, жылуға 30 мың теңге төлейді екен. Осыны ескере отырып, кәсіпкерлер «өзге де тұты­нушылар» деген тармаққа «микро­кәсіпкерлік субъектілері» деген сөздің қосылғанын және тарифтің төмендетілгенін қалайды. Осы мәселелер оң шешімін таппаса, тапқаны қапқанынан қалмайтын шағын кәсіпкерлер өз кәсіптерін жауып, жұмыссыздардың қатарын толықтыруға мәжбүр. Шағын кәсіпкерлердің оли­гархтармен бірдей табыс тауып отырмағаны аян. Қазіргі жаңа­шыл­дықтардың кейбіреуі оларды одан сайын тұқыртып, табыстан айыруға бағытталған ба деген ой туындайды.

Солтүстік Қазақстан облысы