Ақбақайдан «арқарлар» да алтын іздейді
Ақбақайдан «арқарлар» да алтын іздейді
469
оқылды
Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы – кеңестік кезеңнің өзінде өндірісімен та­нылған өлке. Қойнауына құт қонған елді ме­кенде, әсіресе «Ақбақай» кен өндірісінің атағы алысқа кеткен. Алтын өндіруден алдыңғы қатардағы өндіріс орны облыс қана емес, ел қазынасының негізгі қайнар көзі саналады. Алайда кейінгі кездері аталған кәсіпорын аумағында ұрлық көбейген. Дубектің құпия картасы Ең әуелі «Ақбақай» кен өндірісінің құрылу тарихына тоқталсақ, кәсіп­орынның іргетасы 1968 жылы қаланған. Кеңестік кезеңнің өзінде жылына 1 тон­наға жуық таза алтын өндірген «Ақ­бақай» кенішін геолог Дубек Дүй­сен­бе­ков тапқан. Елу жылдан бері кенімен елді байытып келе жатқан «Ақба­қай­дың» астында бес ғасырға жететін алтын барын көзі тірісінде Дүйсенбеков айтқан екен. «Алтын-алмас» АҚ-ның құрамындағы «Ақбақай» бөлімшесі бүгінде жылына құрамында алтыны бар 1 миллион тоннадан артық кен өндіріп, қа­зынаға 1 милилард теңге салық құя­ды. Бауырына алтынды басып жатқан «Ақ­бақай» кеніші әлемде алтын өнді­ру­ден алдыңғы орын алатын Африка­дағы Вит­ватерсрандыдан асып түспесе, кем түспейді. Оған дәлел, Африканың кен­шілері қазір 5 шақырым тереңдіктен алтын алып жатса, «Ақбақай» елу жыл­да енді ғана 500 метр тереңдікке бой­лаған. Осының өзі «Ақбақай» кенішінің қазынаға бай екенін аңғартып тұр. Геолог Дубек өзі ашқан кен орын­дарының барлығына қазақтың ән ата­уын берген. Бүгінде «Ақбақай», «Бу­рыл­тай», «Япур-ай», «Ләйлім», «Мақ­пал», «Қаракесек», «Қараторғайым», «Ақмаңдайлым», «Ақтамақ» сияқты алпысқа жуық алтын кеніштері халық әндерінің атауымен аталады. Бетпақ­даладағы аптап ыстықта кен іздеген геолог Ақбақай маңынан тас тауып алып, оны сынамаға бергенде бірден 180 грамм таза алтын шыққан екен. Міне, осыдан кейін Дубек кен орын­да­рының картасын жасап, кезек-кезегі­мен қаздырып отырған. Геолог дүние­ден өткеннен кейін оның картасының құпиясын ешкім аша алмады деген ел ішінде аңыз бар. Тоқсанға қараған ша­ғында дүниеден озған Дубек көзі ті­рісінде қай жерде қандай көлемде кен барын тап басып айтқан көрінеді. Өзге адамдар болжамды түрде бір жерді қазса, ол жерден түк шықпапты. Осы­лайша Дубектің картасы технология дамыған бүгінгі таңда да өз құндылығын жоймай, құпиясын да сақтап келеді. 5 айда 8 қылмыс тіркелді Құзырлы органдар атауы аңызбен астасып жатқан «Ақбақай» кен орнында биыл ұрлық көбейгенін айтып, дабыл қағып жатыр. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, осы жылдың сәуір айында тәртіп сақшылары Ақбақай ауылының маңында орналасқан «Қаракөз» шах­та­сы тау жыныстарынан заңсыз алтын өндірген алты азаматты ұстады. Олар құрамында алтыны бар кенді 20 қапқа салып, алып кетпекші болған жерінен құрықталған. Күдіктілердің бесеуі – Жамбыл облысының азаматы болса, біреуі – Алматы өңірінің тұрғыны. Негізі аталған азаматтар бұл маңда ап­талап жатып, кенді тірнектеп жинаған. Оған дәлел, қылмыс орнынан префо­ратор, генератор, темір кескіш сынды бұйымдар тәркіленген. Осы сияқты жыл басында құра­мын­да алтыны бар кенді жеңіл автокөлікке басып алған мойынқұмдық жігіттер де ұсталды. Алтын іздеушілерден құрал-саймандармен қатар бірнеше қап ұнтақ табылған. Жыл басынан бері Ақбақай ауыл­дық округіне қарасты жер қойнауын заңсыз пайдалану және «Алтын-алмас» акционерлік қоғамына тиесілі құра­мында алтыны бар тастарды жымқыру бойынша 8 қылмыс тіркелді. Оның ішін­де 7-еуі ауыр санаттағы ұрлық бол­са, 1-еуі жер қойнауын өз бетінше пай­далану заң бұзушылығы. Ауыр санат­тағы қылмыс жасағаны үшін Қыл­мыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. «Мойынқұм ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің қырағы қызметінің арқасында Ақмола, Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының азаматтары қазір қамауда отыр. Олардың қылмыс­тық істеріне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта про­ку­ратура қызметкерлерімен бірлесе бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді», – дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев. Бұл қай «арқар»? Тәртіп сақшылары былтырға қара­ғанда, биыл қылмыс айтарлықтай өске­нін алға тартады. Тұрғындар да Ақбақай тау жыныстарында заңсыз алтын өндіру бұрыннан бар екенін жақсы біледі. Тіпті, ондай ұрыларды ел ішінде «Ар­қар» атап кеткен. Тау-тасты кезіп, жо­тадан-жотаға секіріп, түнделетіп жер қыртысын игеріп жүрген адамдарды көрген халық оларды арқар аңына ұқсатып осылай айдарлаған. Ал «Арқарлар» алтынды топтасып өндіреді. Қазылып кеткен шахталарға түнделетіп түсіп, жер астында апталап жатады. Ас-ауқатымен бір немесе бір­неше жетіге қамданып алған «Арқарлар» айлап та күн көзін көрмейтін кездері болады. Жарық шамымен қазылған шахта қабырғаларына су шашып жүріп, алтынның жылтыраған ізін іздейді. Егер бірін тапса, соны бойлай жүріп тасты балғамен үгітіп, қапқа сала бе­реді. Қажетті мөлшерін жинағанда жер бетіне шығып, оны Ақбақай аумағынан тығып алып өтуге тырысады. Кейіннен арнайы әзірленген жертөледе тастарды үгітіп, бірнеше мәрте сумен шаяды. Құм сумен ағып кеткенде ыдыс түбінде алтынның ұнтағы қалады. Оны күбі секілді ұрғымаға ұрып, тағы нығыздай түседі. Бұдан кейін қайта сумен шайып, алтынды артық қоспалардан әбден та­зар­тады. Жартылай дайын болған ­ұн­тақтың құрамындағы темірді маг­нитпен тартып, қышқылға күйдіреді. Осыдан кейін артық қоспаларынан ажыраған алтынды таразыға тартып, аудан көлемінде жұмыс істеп жатқан алыпсатарларға грамын 20-23 мың теңгеден өткізеді. Алайда бір қап ұнтақты шаю үшін екі-үш күнің кетуі мүмкін. Соңында алатын алтының 5-6 грамм ғана болуы ғажап емес. Мұны бізге өз аты-жөнін көрсет­пеуді сұранған Мойынқұм ауданының тұрғыны айтып берді. Оның үй жағда­йында тастан алтынды ажырату техно­логиясын егжей-тегжейлі баяндап бер­генін көріп, сөзіне сенбеске лажы­мыз болмады. Ұры қайдан шығады? Кейінгі кездері «Ақбақай» кен ор­нын­да ұрлықтың көбейгенін әркім әр­қалай болжайды. Тұрғындар халық тұр­мыстың қиындығынан «Арқар» ата­нып, ұрлыққа барып жатыр дегенді алға тар­тады. Оған себеп – ауданда жастар жұ­мыссыздығы белең алған. Ал «Алтын-алмас» компаниясы жұмыс­шы­ларды тек сырттан әкелуде. Жергі­лікті жердің аза­маттары тек вахталық жұмысқа жал­да­нады. Оның өзінде шахта­дағы қара жұ­мысқа жегіледі. Содан қаржылық қиын­дықтан халық қыл­мыс­қа барып жатыр дегенді аудан­дағылар ашып айтып отыр. Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің мамандары да ұрлық осы сырттан шақырылған мамандардан шығып жатқанын жасырмайды. «Ақбақай» кен орнында күзет қыз­меті де, жұмысшылар да жиі ауысады. 15 күндік вахтамен жұмыс істейтіндіктен көбісі кетерінде ұрлық жасауға ұмты­лып тұрады. Мәселен, жуырда компа­ния­ның екі қызметкері құны 13 мил­лион теңге тұратын мысты ұрлап, темір қабылдайтындарға өткізіп жіберген. Байқап тұрсаңыздар, ұры сырттан емес, іштен шығып отыр. Ұсталған күдіктілер аталған қылмысты алдын ала жоспар­лап жасаған. Мұндай жағдайлар өте көп. Бір сөзбен айтқанда, «Ақбақайға» жау алыстан келген жоқ, – дейді Мо­йынқұм ауданы полиция бөлімінің бастығы Жарас Тохабаев. Иә, білдей-бір үлкен «Алтын-ал­мастай» компанияда мұндай ұрлықтың болып жатқаны жақсылық емес. Бұ­қараның да сөзі орынсыз дей алмаспыз. Егер «Алтын-алмас» компаниясы жер­гілікті жердің жігіттерін негізгі жұмысқа алса, мұндай болмас па еді? Өйткені ауылдағы ағайын жұмыс орнын сақтап қалу үшін жан салып жұмыс істейтіні анық. Ал сырттан шақырылған жалда­малы жұмысшылардың негізгі ойы табыс тапсақ жетеді дегеннен аса қоймады. Сондықтан «Арқарларды» азайтып, іштен шыққан «қуларды» да құрақтау үшін компания басшылығына осы мәселені ойлану керек сияқты. Әйт­песе, өндірген өнімнен ұрланған кеннің көлемі асып түсетін түрі бар. Айтпақшы, 2018 жылғы Жер қой­науын пайдалану заңына енгізілген өз­ге­ріске байланысты алтынды заңды түрде де қазуға болады. Алайда ол үшін 1 миллион теңге кепіл қою керек. Ал бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні тағы белгілі...

Жамбыл облысы