Атыраудағы Хиуаз тойы
Атыраудағы Хиуаз тойы
426
оқылды
Атырау жұрты Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Әуелі атыраулықтар Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуе­жайын­дағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналды. Бұл рәсімге облыс әкімі Серік Шәпкенов, ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров пен туыстары Алматыдан арнайы келді. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Ұланның 5546 әскери бөлімінің сарбаздары, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және мәдениет майталмандары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты жиын сол күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Халық Қаһарманына арналған салтанатты жиында ұшқыштың өмірі мен шығарма­шылығына арналған бейнефильм көр­сетілді. – Батыр халықтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова майдан аспанына 300-ден астам көтеріліп, жау нысандарын бомбалауға қатысты. Бірнеше рет ауыр жарақат алғанына қарамастан ұрыс даласын тастап кеткен жоқ. Батырлығы мен батылдығы арқасында соғысты Берлин қаласында аяқтады. Осының өзі оның бойындағы қайсарлықтан хабар береді. Біз өз кезе­гімізде өткенді құрметтеу арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие береміз. Бүгінгі іс-шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік дәнін егуге арналады, – деді облыс әкімі Серік Шәп­кенов өз сөзінде. Ол кеш барысында бірне­ше адамды Халық Қаһарманы, қоғам қай­рат­кері Хиуаз Доспанова атындағы медалімен марапаттады. Бұдан бөлек, ұшқыштың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған таэквондодан Батыс аймақтық ашық турнирінің, облыстық жас ақындар мүшәйрасы мен патриоттық әндер байқауының бас жүлдегерлеріне де арнайы төсбелгісі табыс етілді. Бұл жиынға Хиуаз Доспанованың немере інісі Бақытжан Доспанов та Алматыдан арнайы келді, әпкесі туралы естелігін бөлісті: – Хиуаз әпкеміз бізді ең алдымен арлы болуға, бар нәрсеге өз еңбегіңмен адал жетуге тәрбиеледі. Отан үшін от кешкен, ар-ұятын бәрінен биік қойған Хиуаз Үкіметтен ештеңе сұраған емес. Хиуаз апама 1951 жылы мемлекеттен үш бөлмелі пәтер берілді. Осы пәтерде алты отбасы бірге тұрдық. Хиуаз 2008 жылы осы пәтер­ден бақиға аттанды. Біз – Доспановтар әулеті қарапайым жандармыз. Апамыз осындай адам еді деп ол үшін ештеңе сұрамадық. Апамыз да атақ-даңқ қуған жоқ, атақ та, абырой да Хиуазды өзі іздеп тапты. Соның бір мысалы, атыраулықтар өздері кірісіп, бастамашыл топ құрып, Хиуаз Доспанова есімін есте қалдыру мақсатында аянбай жұмыс істеді. Доспа­нов­тар әулетінің атынан сол адамдардың бәріне алғыс білдіремін, – деді Бақытжан Белмергенұлы. Ал ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров еліміздің барлық өңірінде аэроклубтар ашылса деген ұсынысын жеткізді. – Қазақтан шыққан ұшқыштардың қай-қайсысы да әуелі аэроклубтарға барған. Аэроклубтар олардың авиацияға қызығушылығын оятып, ұшқыш болуына ықпал еткен. Әрине, бүгінгідей мәдени, тағылымды іс-шаралар керек. Десе де, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде аэроклубтар ашылғанын қалар едім. Жер көлемі жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреміз. Алтай мен Атыраудың арасына қатынау үшін ұшақ тиімді, ұшақ көбірек ұшуы үшін ұшқыштар мен авиация мамандары жергілікті кадрлардан шығуы үшін оларды бұл салаға қызықтыру үшін аэроклубтар керек, – деді Ерболат Шәкуұлы. Салтанатты іс-шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты. Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова­ның ғасыр тойына арналған іс-шаралар легін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сахналаған «Хиуаз» драмасы қорытын­­дылады. Спектакльдің бір ерекше­­лігі, көрермен қойылымды сахнада отырып тамашалады. Хиуаз Доспанова «Хиуаз» драмасының авторы белгілі ақын Әлия Дәулетбаева, ал режиссері Мұқанғали Томанов, суретшісі Темірбек Мұхтаров. Хиуаз Доспанованың жас кездегі бейнесін театр актері Нұргүл Шманова, егде жасқа келген шағын Сәуле Байменова сомдады. Қойылым арқылы көрермен майдан психологиясын сезіне алды. Соғыстағы махаббат пен бауырмал­дықтың жасандылықтан ада болатынын көрді. Қайсар қыздың қаусаған қарияға айналған кездегі жан азабын сезінді. «Хиуаз» драмасының театр репертуарына енгізілуі театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де үлкен олжа. Айтарлығы, батырдың ұрпағы Ерболат Әміров Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне анасының жеке тұтынған көзіл­дірігі мен партиялық билетін, партия мектебінде білім алғандағы дипломдарын табыс етті. Құрманғазылықтардың құрметі айрықша Хиуаз Доспанованың 100 жылдығын қанатты қыздың кіндік қаны тамған жері – Құрманғазы ауданы да атап өтті. Аудан халқы батыр қызының тойына жан-жақты дайындалғаны көрініп-ақ тұрды. Әуелі орталықтағы боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін жасады. Мерейтой одан әрі Жаңаталап ауылдық округі, Хиуаз ауылында жалғасын тапты. Хиуаздықтар меймандарды ауылға кіреберістегі ескерткіш ұшақтың жанында күтіп алды. Қонақтар этноауылдағы киіз үйлерге кіріп, Хиуаз Доспановаға арналған мұражайдағы суреттер, естеліктер мен кітаптарды тамашалады. Экскурсия жаңадан бой көтерген Хиуаз саябағында жалғасты. Алдағы уақытта бұл саябақта батыр анамыздың ескерткіші орнатылмақ. Мұнан соң «Қанатты қызға – құрмет» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шарада аудан әкімі Марат Мурзиев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Екінші дүниежүзілік соғысқа Құрманғазы ауданында 7 мыңға жуық адам аттанғанын атап өтті. Оның ішінде ерлігімен танылған Екінші дүние­жүзілік соғысқа ауданымыздан 7 мыңға жуық адам аттанды. Соның ішінен ерлігімен танылған Александр Афанасьев, Филип Мазуров, Мұқат Мұсаев сынды құрманғазы­лықтар Кеңес Одағының Батыры атанды. Ал Сақып Қызылов, Ғизат Әліпов және Хиуаз Доспанова «Даңқ» орденінің толық иегерлері болды. Мерекелік іс-шарада сөйлеген сөзінде Ерболат Шәкуұлы нағашы жұртына, анасының жерлестерінің қонақжайлығына ризашылығын білдірді. «В небе ночные ведьмы» фильмінде Хиуаз рөлін сомдаған, Маңғыстау өңірінен келген кеш қонағы Маржан Аюпова аудандық мұражай қорына Хиуаз әжей туралы балалар салған суреттер коллекциясы мен туды сыйға тартты. Іс-шарада жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, З.Исмағұлов атындағы халық театрының «Қанатты қыз – Хиуаз» атты көрінісі сахналанды. Аудан әкімі Хиуаз анамыздың ұрпағы Ерболат Шәкуұлының, актриса Маржан Аюпова, батырдың туысқан сіңлісі Диляра Доспанованың өңіріне төсбелгі қадап, арнайы дайындалған естелік сыйлықпен марапаттады. Осы мерекелік іс-шарада бір топ еңбек ардагерлерін, аудандық аналар кеңесі ұйымдастырған «Батыр ана ізімен» айлығына қатысып белсенділік танытқан округтердің аналар кеңесінің жетекшілері де төсбелгімен марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов мерейтойға орай өткізілген әндер мен мүшәйра байқауында жеңімпаз болған түрлі сала өкілдері мен мектеп оқушы­ларына төсбелгі табыстады. Салтанатты жиын С.Көшекбаев атын­дағы аудандық мәдениет үйі әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Атырау облысы