"Басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатты": куәгер бес жасар баланың мәйітін қоқыстан қалай тапқанын айтты
"Басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатты": куәгер бес жасар баланың мәйітін қоқыстан қалай тапқанын айтты
229
оқылды
Алматы облысының Сарқан ауданында бес жастағы қыз баланың денесін қоқыстан тапқан куәгер оқиғаның қалай болғанын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бас киім киген кішкентай баланың басы қоқыста жатқанын сарқандық тұрғын Мәди Мұхаметқалиевтің балалары көріпті. Әкесі балаларынан сұмдық жайтты естіп, балалар айтқан жерге барған. Полицияны шақыртқан. "Осыдан екі күн бұрын, яғни 17 мамыр күні түскі сағат 11:00 шамасында үйде демалып жатқанмын. Ұлым келіп "Әке, әке! Ана жерде нәрестенің сүйегі жатыр. Көріңізші, көріңізші!" дейді. Келсем, тура осы қоқыстың жанында баланың бас сүйегі жатыр. Еті ағып кеткен. Денесі төменде жатыр екен. Басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатты", – деді Мәди Мұхаметқалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Мәди Мұхаметқалиев оқиғаның өткеніне екі күн болса да әлі өз-өзіне келе алмай жүргенін айтады.
«Жануар да өз баласын қорғайды, мынау енді сұмдық қой. Баланың денесі қоқыста жатыр. Әлі дұрыстап тамақ іше алмай жүрмін. Өзім де бала өсіріп отырмын. Бала киімімен жатты», – деді Мәди Мұхаметқалиев.
Бұған дейін Алматы облысы Сарқан ауданында бес жасар баланың мәйіті қоқыстан табылғанын хабарлаған болатынбыз. Құзырлы органның ақпаратына сәйкес, баланың анасы анықталған. Ол 2002 жылы туған Сарқан қаласының тұрғыны болып шықты. Баласын 2017 жылы, яғни 15 жасында дүниеге әкелген.