Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерге қысым көрсетеді
Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерге қысым көрсетеді
227
оқылды
Бизнес өкілдерінің Президентпен кездесуі өте маңызды болды. Осыған дейін біз көтерген ұсыныстар Мемлекет басшысының тапсырмасында көрініс тапты. Көбіне мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында қатынас туралы айттық. Бақылаушы және құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерді қарсы әрекет етіп, орынсыз жазалау түрі бар. Тексеру жүйесі жетілмеген. Дамыған шетелдердің тәжірибесіне қарасақ, оларда кәсіпкерлерді тексерудің 90-95 пайызы автоматты түрде тағайындалады. Ал Қазақстанда мұндай жүйе мемлекеттік органдарда бар. Әрі кетсе кәсіпкерлерге қатысты арыз-шағымдар ғана қаралады. Бұл – дұрыс емес. Әр мемлекеттік органдар жасаған тәуекелдерді басқару жүйелері сапасыз. Өздерінің саласына қатысты шикі­лік­терді анықтамаған немесе кре­терийлерді дұрыс қоймаған. Бірінші мәселе – осы. Екіншіден, қазір жаңа реттеуші саясат бойынша жұмыс істеліп жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралады. Осы жұмыс биыл және келесі жылы атқарылады. Нақты нәтижені 2024 жылдың 1 қаңтарында көреміз деп ойлаймын. Сондықтан біз 2023 жылы аяқталатын шағын бизнеске қатысты мораторийді ұзартуды сұрадық. Үшінші мәселе жалпы сот саласына қатысты. Қазір Жоғарғы Сот көптеген реформа жасауда. Мәселен, Әкімшілік процессуалдық іс жүргізу кодексі қабылданды. Соттардың статистикасына қарасақ, кәсіпкерлер шағымының 50 пайыздан астамы қанағаттандырылады. Жақсы көрсеткіш. Алайда азаматтық істер, қылмыстық істер бойынша проблемалар әлі бар. Жалпы алғанда, кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан сот жүйесіне сенімнің деңгейі жеткіліксіз деп санаймыз. Сондықтан сот саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларды бір талқылау керек. Оны бизнес өкілдерімен кездесуде Президент те айтты. Сот саласына қатысты бөлек тапсырма болады. Төртіншіден, ең маңызды мәселе, кәсіпкерлерге құқық қорғау органдары тарапынан жасалатын қысым бойынша. Бизнесмендермен жиі кездесеміз, оларға көптеген қысым болып, негізсіз қылмыстық істер қозғалады. Түрлі-түрлі заңсыз шешім қабылданады. Тінту болады, құжаттарын алып кетеді. Банктегі есепшоттарға тыйым салады. 2021 жылы экономикалық қылмыстар бойынша 1 707 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде Қаржы­лық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің де біраз істері бар. Жалпы статистиканың 20-25 пайызы ақтайтын негіздермен қысқартылған. Яғни, істер басынан негізсіз қозғалғанын дәлелдейді. Құқық қорғау органдарының өздері де, прокуратуралар да мұны мойындап отыр. Ал әр қозғалған іс кәсіпкерлерге стресс. Мысалы, қылмыстық істерден кейін қанша кәсіпкердің банкрот болғаны жайлы өзімізде бөлек статистика бар. Осы мәселелерді шешу үшін біз прокуратурамен бірлесіп, тиісті нұсқаулық жасап, талдау жүргізіп жатырмыз. Талдау нәтижелері мамырдың соңында немесе маусымның басында дайын болмақ. Соның ішінде кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына заңсыз кіргізу туралы мәселелер қаралады. Біз Мемлекет басшысымен кездесуде осындай мәселелерді талдауды тоқсан сайын жүргізуді ұсындық. Актуалды проблемаларды талдап, прокуратураға көрсетеміз, прокуратура құқық қорғау органдарының тәжірибесін тексереді. Одан кейін мәселе кәсіпкерлер қосылған кездесуде талқыланады. Жалпы қорытындылар жарты жылда бір рет Бас прокурордың алдында қаралуын ұсындық. Прокуратура бастаманы қолдап отыр. Осындай амал құқық қорғау органдары тарапынан болатын қысымды төмендетеді деп сенеміз.