Іргелі өзгерістердің алғашқы қадамы
Іргелі өзгерістердің алғашқы қадамы
Нұр-Сұлтан қаласында Рес­публикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері ре­ферен­дум­ның мән-маз­мұнын түсін­діру мақсатында елордалық зиялы қауым өкіл­дерімен және мәдениет ұйым­­дарының қыз­мет­­кер­лері­мен кездесуі өт­кізді. Республикалық қоғамдық қол­дау штабы «Қазақстан мәслихат­тары депутаттарының бірлестігі» респуб­ликалық қоғамдық бірлес­тігінің тө­рағасы Төребек Мұқа­шев­тің бас­та­масымен құрылған. Штаб ре­ферендумды халық ара­сында түсін­діру бойынша мәсли­хат жұмыс­та­рын белсенді жүргізу­ге атсалысады. «Ел тарихындағы елеулі оқи­ғаға екі аптадай уақыт қалды. Ендеше, Конституциялық рефор­маға бей­жай қарамай, белсенділік таныту – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл тек бүгінгі ке­зеңге ғана емес, келешек ұрпақ­тың да тағды­рына тікелей әсер ете­­тін маңызды сәт. Қазіргі өз­ге­ріс­тер Президенті­міз­дің сай­лау­ал­ды бағдарламасы­ның логикалық жалғасы. Бұл елі­міздің әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық дамуының жаңа сатысына аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді», – дейді Республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Төребек Мұқашев. Қазақстан әлемдегі дамыған елдермен терезесі тең болып, өр­кениеттің даму көшінен кенжелеп қалғысы келмесе, қоғамдық бол­мысына демократиялық құнды­лық­тар­ды терең сіңіріп, заң үстем­дігі мен азаматтардың бостандығы мен құқын жоғары қоюы тиіс. Конс­­титуциялық реформа – мем­лекеті­міздің баянды болашағының кепілі. Штаб мүшелерінің зиялы қауым және мәдениет өкілдерімен кез­десуінің бір түйіні осы болды. «Халық арасында «неге Конс­титуцияны өзгертуге мәжбүр бол­дық?» деген заңды сұрақ туындап жатыр. Ендеше кешегі Қаңтар оқи­ғасынан кейін заман өзгер­ге­нін көріп отырсыздар. Заман өз­гер­ген­нен кейін, заң өзгеріп жа­тыр. Бұған дейін Конституцияға өзгерістер енді. Бірақ оны тек қана Парламент арқылы енгізді. Халық арасында дәл бұл жолғыдай тал­қы­ланып, тү­сіндірілген жоқ. Сон­дықтан да түсін­діру жұмыстарын жан-жақты жүр­гізуіміз қажет. Ал бұл жолғы өз­герістер бізге жедел түрде, тұғыр­лы шешімдер қабыл­дау үшін керек болады», – дейді заң ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы Қо­ғамдық ке­ңе­сінің мүшесі Алаухан Есбергенов. Оның айтуынша, бүгінде қолға алынған өзгерістердің ішіндегі ең бір қуантатыны – Конституциялық соттың қалпына келтірілуі. Өйт­кені халықтың мұң-мұқтажы бұ­ған дейін Конституциялық Кеңес­ке жет­­пейтін, оған заңмен шектеу қойыл­ған. Енді қайта пайда бола­тын жаңа орган Бас прокурор ар­қылы және Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл арқылы азаматтардың ша­ғымын қарайтын болады. Жиын­­дағылар сөз еткен тағы бір мәсе­ле халықтың билікке деген сені­мі туралы болды. «Осыдан жиырма жыл бұрын мен Шерхан Мұртазаның кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің мен­шікті тілшісі болып жүргенімде, «Әкім болдың неше күн?» деген ма­қала жазғанмын. Сол кезде әкім­­дердің тағайын­далатыны, халық сайламаған соң оған есеп бермей­тіні, өзінен жоғары басшы­лыққа ғана бағынышты екенін сынаған едім. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Қазіргі өзгерістерде де, мә­селен, Президент облыс әкімі­нің лауазымына облыстық мәслихатқа бір-ақ адамды ұсы­нады. Ол бір адамнан қандай таң­дау болады. Бұл жерде таңдау жоқ. Енді екі адамнан таңдайды. Мәс­лихатқа қадағалаушы пәрмен бе­ріліп отыр. Міне, мұны енді билік­ті халықпен бөлісудің бір формасы деп айтуға болады», – дейді Astana aqshamy газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр. Жиын соңында осыдан соң да сөз алған зиялы қауым өкілдері де, мәдениет саласының қызметкер­лері де референдумға бірауыздан қолдау білдіретінін жеткізді.