Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері референдумның мән-мазмұнын түсіндіру мақсатында елордалық зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесуі өткізді. Республикалық қоғамдық қолдау штабы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төребек Мұқашевтің бастамасымен құрылған. Штаб референдумды халық арасында түсіндіру бойынша мәслихат жұмыстарын белсенді жүргізуге атсалысады. «Ел тарихындағы елеулі оқиғаға екі аптадай уақыт қалды. Ендеше, Конституциялық реформаға бейжай қарамай, белсенділік таныту – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл тек бүгінгі кезеңге ғана емес, келешек ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Қазіргі өзгерістер Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының логикалық жалғасы. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық дамуының жаңа сатысына аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді», – дейді Республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Төребек Мұқашев. Қазақстан әлемдегі дамыған елдермен терезесі тең болып, өркениеттің даму көшінен кенжелеп қалғысы келмесе, қоғамдық болмысына демократиялық құндылықтарды терең сіңіріп, заң үстемдігі мен азаматтардың бостандығы мен құқын жоғары қоюы тиіс. Конституциялық реформа – мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі. Штаб мүшелерінің зиялы қауым және мәдениет өкілдерімен кездесуінің бір түйіні осы болды. «Халық арасында «неге Конституцияны өзгертуге мәжбүр болдық?» деген заңды сұрақ туындап жатыр. Ендеше кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін заман өзгергенін көріп отырсыздар. Заман өзгергеннен кейін, заң өзгеріп жатыр. Бұған дейін Конституцияға өзгерістер енді. Бірақ оны тек қана Парламент арқылы енгізді. Халық арасында дәл бұл жолғыдай талқыланып, түсіндірілген жоқ. Сондықтан да түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуіміз қажет. Ал бұл жолғы өзгерістер бізге жедел түрде, тұғырлы шешімдер қабылдау үшін керек болады», – дейді заң ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Алаухан Есбергенов. Оның айтуынша, бүгінде қолға алынған өзгерістердің ішіндегі ең бір қуантатыны – Конституциялық соттың қалпына келтірілуі. Өйткені халықтың мұң-мұқтажы бұған дейін Конституциялық Кеңеске жетпейтін, оған заңмен шектеу қойылған. Енді қайта пайда болатын жаңа орган Бас прокурор арқылы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы азаматтардың шағымын қарайтын болады. Жиындағылар сөз еткен тағы бір мәселе халықтың билікке деген сенімі туралы болды. «Осыдан жиырма жыл бұрын мен Шерхан Мұртазаның кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып жүргенімде, «Әкім болдың неше күн?» деген мақала жазғанмын. Сол кезде әкімдердің тағайындалатыны, халық сайламаған соң оған есеп бермейтіні, өзінен жоғары басшылыққа ғана бағынышты екенін сынаған едім. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Қазіргі өзгерістерде де, мәселен, Президент облыс әкімінің лауазымына облыстық мәслихатқа бір-ақ адамды ұсынады. Ол бір адамнан қандай таңдау болады. Бұл жерде таңдау жоқ. Енді екі адамнан таңдайды. Мәслихатқа қадағалаушы пәрмен беріліп отыр. Міне, мұны енді билікті халықпен бөлісудің бір формасы деп айтуға болады», – дейді Astana aqshamy газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр. Жиын соңында осыдан соң да сөз алған зиялы қауым өкілдері де, мәдениет саласының қызметкерлері де референдумға бірауыздан қолдау білдіретінін жеткізді.