Жаңғызтөбенің желі ел кәдесіне жарайды
Жаңғызтөбенің желі ел кәдесіне жарайды
871
оқылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде Шығыс Қазақстандағы алғашқы жел электр стансасы пайдалануға берілген еді. Бүгінде Жаңғызтөбенің үзбей соғатын үдемелі желі елдің игілігіне айналып, дала төсінде ондаған мегаватт электр энергиясын өндіріп жатыр. «Қазақстан табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған жасыл экономикаға және баламалы энергетикаға көшу тұжырымдамасын ұстанатын мемлекеттердің қатарына кіреді. 2013 жылы қабылданған тұжырымдама аясында әлеуметтік маңызы бар энергия көздерінің жаңартылуы бойынша Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Жарма ауданында осындай ауқымды құры­лыс­ты іске қосу мүмкіндігі пайда болды. Бұл – біздің өңірде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан алғашқы ірі жоба емес. 2019 жылы «Жангиз солар» ЖШС жылдық қуаттылығы 30 МВт құрайтын күн электр стансасын салды», – дейді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов. Жел электр стансасының құры­лысымен «Чарск – Ветер» ЖШС шұғылданған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды. Мердігер ком­пания басшысы Данияр Сейтеновтің айтуынша, Жаңғызтөбе кентінің маңында жел электр стансасы құрылысын жоспарлау кезеңінде басты назарға алынған дүние – мұндағы желдің тоқтаусыз, тынбай соғуы. Бұл жел генераторларының тұрып қалуына жол бермейтін көрінеді. Жел электр стансасы сағатына 30 МВт электр энергиясын өндіреді. Қазір 17 жел қапалағы жұмыс істеп тұр. Басқа құрылыс-мон­таж жұмыстары құжатта көр­сетілген мерзімде аяқталады деп жоспарланған. Инновациялық жобаға Шығыс Қазақстан облысы бюджетінен 7 млрд 400 млн теңге қаражат бөлініпті. Құрылыс кезінде мұнда 50-ден астам адам жұмыс істесе, қазір 8 адам еңбек етіп жатыр. Жел қондырғысының жанындағы қосалқы станса жаңа техно­логия­лармен, қажетті жиһаздармен жаб­дық­талған, білікті мамандармен толық қамтылған. «Бізде электр стансасын басқару компьютер арқылы жүргізіледі. Мұнда 20110 қосалқы стансасының барлық сызбалары енгізілген, олар ауа температурасын, желдің жалпы бағыты мен жылдамдығын, атмос­фералық қысымды, өндірілетін электр энергиясын көрсетеді. Жел стансасы Жаңғызтөбе кентінен бірнеше шақырым жерде орналасқан. Оның аумағында тұрғын үйлер, басқа құрылыстар жоқ. Мұнда әрдайым жел соғып тұратынын ескерсек, станса жұмысында іркіліс болмауы тиіс. Осы табиғи-климаттық жағдайларды пайдалана отырып, тек өңірдің ғана емес, елімізді электр энергиясымен жүз пайыз қамтамасыз етуге болады. Өнім өндірудің ең жоғары көлемі қаңтар-ақпан айларында тіркелді, бұл кезеңде 29,7 мегаватт электр қуатын алуға қол жеткізілді», – дейді шағын станса басшысы Қанатбек Берсүгіров.

Шығыс Қазақстан облысы