Су азайып, егіс алқабы кеміді
Су азайып, егіс алқабы кеміді
214
оқылды
Былтыр құрғақшылықтан шөп шықпай, төрт түлік қырылған Қызылорда облысының жағдайы биыл да мәз емес. Сырдарияның ұлтаны құрғап, жылыстап аққан дария суы жылтырап қана көрінеді. Биыл да оңтүстік өңірлерде құрғақшылық болатыны ерте көктемнен сирек болса да айтылып жүргені бекер болмаса керек. Салаға жауапты орындар тарапынан да биылғы дария деңгейінің төмен болып тұрғанын жоққа шығармайды. Соның сал­дарынан диқандар бірнеше жыл­дан бері күріш және көкөніс да­қылдары алқабының көлемін азайтуға мәжбүр. Тек биылғы көктемде жауын-шашынның жылдағыдан мол болуынан Жер-Ана көкке оранып, төрт түліктің азығы мол болатын сыңайы бай­қалады. Алайда дария деңгейінің төмендігі күн тәртібінен түспек емес. Мамандардың айтуынша, Сыр­дария өзенінен облыс аума­ғына 500 текше метр су келіп жа­тыр. Соның негізінде нақты кезеңде Шардара су қоймасында 4,81 млрд текше метр су болса, Көксарай су реттегіш қоймасына 139 млн текше метр су жиналған. Ал Қызылорда су торабынан Сыр­дария өзенінің төменгі ағысына 56 текше метр су көлемі жіберілген. «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметіне сү­йенсек, биыл су деңгейінің төмен болуына байланысты өңірде күріш дақылын 78 346 гектарға егу межеленген. Негізінен Шар­да­радан жоғары орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемі 16,7 млрд текше метрді құ­райды. Ал Тоқтағұл су қойма­сында 10 текше метр су жиналған. Нақты уақытта Көксарай су реттегішінде 140 млрд текше метр су бар». Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасы да соңғы жыл­дары дария деңгейінің төмендігі анық сезілгенін айтады. Көлдер­дің құрғауынан шаруалар ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін азайтуға мәжбүр. Осын­дай кедергілерді еңсеру мақса­тында тыңнан 20 жоба жүзеге асырылмақ. «Биылғы су тапшылығын еңсеру мақсатында 1 034 шақы­рымдық 164 каналға тазалау жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Жаңақорған ауда­нын­дағы Сырдария өзенінің үрмелі су тоспасының істен шығуына орай «Келінтөбе» магистралдық су торабы суландырылатын бо­лады. Оған қоса «Келінтөбе» ма­гистралды каналының 9,2 ша­қырымы тазаланып, секундына қосымша 14-15 текше метр су бе­ру жоспарланып отыр», – деп тү­сіндірді бұл жөнінде басқар­маның бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова. Ал «Қазсушар» РМК Қызыл­орда облыстық филиалы өкіл­дерінің ай­туынша, әлі де Сыр­дария өзе­нінде су тапшылығы сезілуі мүмкін. «Бүгінде облыс аумағына барлық каналдардан секундына 424 текше метр су алынып жатыр. Дейтұрғанмен су тапшылығы әлі де байқалуы мүмкін. Әсіресе, Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы аудандарында су жетіспеушілігі болуы ықтимал. Сондықтан да босаңсуға негіз жоқ», – дейді фи­лиал директорының орынбасары Жорабек Есназаров. Осы орайда су тапшылығы болуы мүмкін өңірдің бірі – об­лысқа қарасты Қармақшы ау­да­нының бүгінгі ахуалын саралап көрдік. Бұл тұрғыда Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ер­сұл­танов соңғы бірнеше күннен бері су деңгейі көтерілгенін тілге тиек етті. Дегенмен әлі де су тапшы­лығы болуы бек мүмкін екенін де жоққа шығармады. «Жалпы, бұған дейін ауданда дария деңгейінің төмендігінен егістік алқаптың жағдайы қиын­дық тудырғаны рас. Алайда соңғы күндері диқаншы қауым үшін су тапшылығы шешімін тауып, жет­кілікті деңгейде су беріліп жатыр. Алайда су тапшылығын ескеріп биылғы егістік көлемін 633 гек­тарға азайттық. Оған қоса қо­сымша су сорғыларын да алып қойдық. Қандай да бір қиындық туындамас үшін осы су сорғы­ла­рының көмегіне жүгініп келеміз. Қазір 7 дана электрлі, 7 дана ди­зельді, барлығы 14 дана СНП 500/10 маркалы су сорғы қондыр­ғылары жұмыс істеп тұр. Алдағы аптада тағы 2 дана электрлі су сор­­ғы іске қосылатын болады», – деді бізбен әңгімесінде аудан әкімі. Ал аудандағы іргелі шаруа­шылықтың бірі «Жаңажол» жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігі де су тапшылығын сезінді. Ша­руашылық төрағасының айтуын­ша, биылғы 4 585 гектарға егін егу межеленсе, оның 2900 гектарға күріш дәнін себу көзделген. Қазір 2 000 га жерге дән себіліп, 1 500 гектары суға бастырылған. Ал­да­ғы онкүндікте егін орналастыру жұмыстары толықтай аяқталмақ. «Диқандар егіске су жеткізе алмай, көптеген қиындықтарды сезінді. Десек те бүгінде шаруа­шылықта 8 дана су сорғы жұмыс істеп тұр. Оның 5-і электрлі, 3-еуі дизельді. Су баруы қиын жерлерге осы су сорғыларды орнатып, тір­шілік етіп келеміз», – деп мәлім­деді шаруашылық төрағасы Орын­басар Төлепов. Қазір ауданда межеленген 12 523 гектар күріштің 8 922 гектары себіліп, 6 440 гектары суға бас­ты­рылған. Бүгінде аудан шаруа­ла­ры­ның егіске пайдалануына жо­ға­рыдан 45,15 м3/сек су түсуде екен. Аудан әкімінің айтуынша, бұл көрсеткіш белгіленген көр­сеткіштен аз болса да аз суды ұтымды пайдаланып, дала жұ­мыстары қалыпты жүргізілуде. Негізінен су тапшылығының ал­дын алу мақсатында аудан ша­руашылықтары су тарту қон­дыр­ғылары арқылы қашыртқылардан қосымша су пайдалануға мәжбүр. Жалпы, жыл басынан бері облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы арқылы елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін 12 дана су сорғы қондырғылары алынған. Егіске су жеткізу үшін маусым айында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы қо­сымша 9 дана су сорғы қондыр­ғыларын іске қосу көзделіп отыр екен. Осылайша, қармақшылық диқан қауымы су сорғылардың көмегімен су тапшылығын се­зін­бей, берекелі күзде мол өнімге ке­­нелуді көздеп отырғанын жеткізді. Жалпы, Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бо­йын­ша, нақты уақытта облыс көле­мінде 55 927 гектарға күріш да­қылы егілген. Құзырлы орындар та­рапынан облыс аумағында 1 мау­сымға дейін егін егу жұ­мыс­та­рын толықтай аяқтау міндет­теліп, хат та жолданған. Ең бас­тысы атыз жағалаған ағайынға су тап­шы­лығын қаперден шығар­май, егіс­тік алқаптың көлемін арт­тырмай, егінді төкпей-шаш­пай жинап алу міндеті жүктеліп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы