«Аппақ келінді» өзбектен ұрлаған жоқпыз – Cержан Серікбаев
«Аппақ келінді» өзбектен ұрлаған жоқпыз – Cержан Серікбаев
792
оқылды
Қайбір жылы түріктің «Шетелдік күйеубала» сериалы көпшіліктің көңілінен шыққан-ды. Сол сияқты қазір көрермен ауылдағы афроамерикалық келіннің хикаясын тамашалауға құмар. Со­­­дан ба екен, алғашқы сериясы 6,5 миллионнан астам қаралым жинады. Қуанарлығы, бұл – отан­дық өнім. Алайда кей тұсына мін тағып, сынап жатқандар да бар. Осы тұста «Аппақ келін» сериалының идея авторы, креативті продюсері әрі сценарисі Сержан Серікбаевты әңгімеге тарттық. – Келін мен ене тақырыбы әркез актуал. Дегенмен мұндай сериал тү­сіруге не түрткі болды? Әлде қоғам­ның «Келінжан» сериалын жылы қа­былдағаны әсер етті ме? – Мұндай сериал түсіруге шы­найы оқиға, әлеуметтік жағдай се­беп болды. Естеріңізде болса, осы­дан бірнеше жыл бұрын «Атырау қаласында бір отбасы афроаме­ри­калық келін түсірді» деген жаңалық әлеуметтік желіде жарияланды. Сондағы пікірлерді оқысаңыз, ха­лық ойы үшке бөлінгенін бай­қай­сыз. Бірі бақыт тілейді, екіншісі «не деген масқара» десе, енді бірі әр­кімнің өз отбасына көңіл бөлгені дұрыс екенін меңзеген. Жалпы, көп талқыланып, пікірталас тудырған тақырып болғандықтан, кеңінен зерттеуге кірістік. Өзіңіз айтқандай, әрқашан актуал тақы­рып. Соны­мен, осы жобаны бас­тауға шешім қабылдадық. – Әлеуметтік желіде бұл жобаға 1 жыл дайындалғаныңызды жазып­сыз. Осынша уақыт сценарий жазуға кетті ме, әлде ұйымдастыру жұмы­сына ма? – Иә, жобаның дайындық жұ­мы­сына 1 жыл уақыт жұмсадық. Көбіне тануға, елімізде көпұлтты отбасының тұрмыс-тіршілігін зерт­теуге күш жұмсадық. Өзге ұлттан келін алған кісілермен сөйлестік. Байқағанымыз, көп жағдайда ке­лінді отбасы түпкілікті қабылдаға­нымен, көрші-қолаң мен ауылдас­тар қабылдай алмаған. Осыдан ке­йін отбасындағы береке қашып, бір-бірін кінәлап, мін іздеу баста­ла­ды екен. Түрлі тағдырға жақын­нан үңіліп көргесін бұл сериалды арзан күлкі мен құрғақ әзілге құр­ғымыз келмеді. Басынан бастап бо­йымызды кәдуілгі қазақы коме­дия түсіруден аулақ салдық. Жалпы, қазақы табиғат біреудің пікірін тыңдап, сонымен өмір сүруге құ­мар. Сериалдың негізі де осы қо­ғамның пікірінен тұрады. Көрер­менге жеткізгіміз келетіні – отбасы бақытына жұрттың пікірі кедергі болмауы керек. «Аппақ келін» сериалын көріп жүргендер осыны түсініп жатыр деп ойлаймын. Аппақ келін – Сынға қалай қарайсыз? «Ке­линка Сабинаның» бір түрі», «Енесі неге боқауыз сөз айтады?» дегенге не дейсіз? – Сынды көтере білемін, қатені түзетуге бейіммін. «Аппақ келіннің» әр сериясы шыққан сайын Youtube-тағы пікірлерді оқитынымыз бар. Жазылған пікірдің 90%-ы туын­дының халық көңілінен шығып жатқанын көрсетеді. Біріншіден, алғыс жаудырып жатқан көрер­мен­дерге рақмет айтамын. Екіншіден, сериалды «Келинка Сабинаның бір түрі» дегенге келмейтін шығар. Меніңше, пікір авторы ойын толық жеткізе алмаған. Ал басты кейіп­кердің «ооішіңесиейін» деп айтқа­нына тоқталсақ, оңтүстік өңірде осылай сөз арасында қосатын «боевой жеңгелеріміз» бар. Өзім Қызылорданың тумасымын. Бізде жеңгелеріміз неге бұлай сөйлейді? Себебі мінезі бар жеңгелер боқауыз сөз айтып қоймайық деп ашуын осылай шығарады. Мұндай сөзді естімеген басқа өңір тұрғындары мұны боқауыз сөйлеп жатыр деп түсінуі мүмкін. Мәселен, әкелеріміз бірдеңе бүлдірсек, «ой, әкеңнің аузы» деп жатады. Қарап тұрсаң, бұл да анау айтқандай боқауыз сөз емес. Сондықтан жоғарыдағы ке­йіпкер сөзін кәдуілгі боқауыз сөз­бен шатастырудың қажеті жоқ. – «Аппақ келін» расизм мен сексизмге толы сериал» дейтін де пікір бар. Бұл пікірмен келісесіз бе? – Бұл сериалда расизм жоқ деп кесіп айта аламын. Астарына үңіл­мей, жеңіл қараған адам бірден расизм деуі мүмкін. Мәселен, көп­теген қазақ келіншегінен «мынау менің тағдырым ғой» дейтін хат келіп жатыр. Демек, бұл ұлты басқа келіннің басынан өтетін тағдыр емес, әрбір қазақ келінінің басында болатын жағдай. Сценаристердің көрсеткісі келгені де – осы. Мы­салы, отбасы, қоғам, көршілер жа­қын тартып, жылы қабылдай алса, Лия ойдағыдай келін бола ала­ды. Алайда түрлі пікірге мән беріп, мін іздей берсек, проблема туындаған үстіне туындай береді. Ал сексизм мәселесіне келсек, алдымен пікір авторы бұл сөздің мағынасын ой таразысынан өткізсе екен. Білуімше, сериалда еркектің әйелді төмендеткенін көрсететін сахна жоқ. – Расымен, бұл сериалдың Өз­бекстанда түсірілген нұсқасы бар ма? Сериал сол жақтың менталитетіне бейімделді ме? – Жалпы, Salem Social Media аудиториясын кеңейту мақсатында Ташкентте алғашқы филиалын ашты. Бұған да 2 жылға жуық уақыт болды. Ол жақтағы компания Salom Social Media деп аталады. Өзде­ріңізге белгілі, жаңа компанияның команда жинап, контент жасауына ұзақ уақыт керек. Сол жаққа Қа­зақстаннан барған продюсерлер олардың нарыққа тез икемделуі үшін көмектесіп жатыр. Мысалы, бір кеңесте «Аппақ келін» сериалы жайында сөз қозғап, реті келсе, Өзбек­станда таспалауға болатынын ай­тып, ұсыныс жасадық. Сонымен, сериалды мүлде өзгертпей, өзбек тіліне аударатын болды, жарыққа шығарды. Айта кетерлігі, өзбек менталитетіне бейімдеу кезінде бір ньюанс беташар рәсімі болды. Өзбекстанда алдымен той болып, артынша беташар рәсімі өтеді екен. Ал сериалдағы оқиғаның беташар­дан басталатыны белгілі. Сонымен, шығармашылық топ ойлана келе, оқиғаны қиюластырып таспалап шықты. Әрине, «қазақтар өзбек­терден көшіріп алыпты» дейтін қауесет боларын біліп, алдын ала дайындалдық. Бірақ әуелгіде жа­сал­ған келісім бойынша «Аппақ келін» алдымен бізде көрсетіліп, артынша өзбекше нұсқасы көрер­менге жол тартты. Дегенмен байы­бына бармай, «ұрланған сериал екен» деп пікір жазатындар же­тер­лік. Қазақ сценаристерінің жазған дүниесін көрші елдер жылы қа­был­дап, аударып жатса мәртебе емес пе? Осындайда демеп, қолдай­тын­дар көбейсе екен дейтін тілек бар. Аппақ келін сериалы – Сіздіңше генерал ене мен келіндер бар ма? Бұл идеяның төркіні қайда жатыр? – Жалпы, бұл қазақы қалыпқа сай ұғым. Мәселен, үлкен әулеттер­де кез келген істі басқарып, қуа­ныш­­та да, қайғыда да алдыңғы шеп­­те жүретін ене мен келін бар. Бі­­реу ас берейін десе де, қызын ұза­тайын десе де ақыл-кеңесін сұрап, жү­гінетін, әр істі қиюластырып жү­ретін жиынтық бейне. Бір сөзбен айт­қанда, әулеттің проблемасын ше­шетін, барлық жерден табылатын белсенді жан. Біз сол әулеттегі об­раз­ды алып, ауыл деңгейінде қарас­тырдық. Бірақ бір апамыздың сө­зін­ше, олардың ауылында да гене­рал ене, келін дейтін түсінік болған. Алай­да атауы басқаша екен. Мы­салы, ауылдағы той-томалақта бір кісі келе жатса, «генерал» келе жа­тыр деп орнынан тұрып, сәлем са­лып жататынын естиміз. Тәртібі қа­тал, берері көп, тәрбиесімен күллі ауыл­ға ұйытқы болып отырған ге­нерал енелер әлі де бар деп ойлаймын. – Өзіңізге оралсақ, креативті продюсердің мақсат-міндетіне тоқ­талсаңыз. Сұраныстағы мамандықты қалай игердіңіз? – Креативті продюсердің мақ­саты – жақсы жобалар ойлап табу. Идеясы бар жобаны байқай қалсақ, ары қарай дамытып, сценарийін жазуға кірісеміз. Рөлге келеді-ау деген актерлерді іздестіреміз, бе­кітеміз. Одан қалса, локация таң­дауға да септігіміз тиеді. Продю­сер­ден айырмашылығы, олар жобаның қаржылық жағына жауап берсе, шығармашылық жүгі креативті про­дюсердің мойнында. Керек бол­са, туындының монтажына кө­мек­тесіп, композитормен саундтрек жайын реттейміз. Әрине, бұл біздің компаниядағы стандарт. Жалпы, креативті продюсер болып жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды. Әлі де осы мамандықтың қыр-сырын меңгеру керек. Қазір бәрін білемін деп айту қиын. Бәрін білемін деп айтудың өзі – құр мақтан. Өйткені қазір үйренген үстіне үйреніп, оқитын заман. Орыстарда жақсы сөз бар ғой: «век живи – век учись». Мәселен, әр жобаның өзіндік сы­нағы, сабағы бар. Сондықтан білге­німізден, білмегеніміз көп. Мей­лін­ше сабақ алуға, үйренуге тыры­са­мыз. Менің осы компанияға кел­ген­де түсінгенім, адам жұмыс істеу­мен қатар оқып, ізденуі керек екен. – Сценарий жазуға қызығатын жастар көп. Осы тұста ақыл-кеңе­сіңізбен бөліссеңіз. Топ болып сце­нарий жазудың қиындығы мен қызығына тоқталсаңыз. – Қызығатын адам көп, сце­на­рист ретінде жұмыс істегісі келетіні аз. Иә, жобаларымыз трендке шы­ғып, жұрттың аузында жүргенін көріп, біразы сценарий жазуға сұ­ранады. Соның ішінде жайдар­ман­шы жігіттер де бар. Қызығушылық танытқан соң тапсырманы белгілі бір уақытта орындауын сұрайсың. Алайда күткен күні келмей, артын­ша мүлде хабарласпай кетеді. Ақи­қаты – көпшілігі бірден байып кеткісі келеді. Сценарийді бастауын бастап алып, «мұны аяқтасам қан­ша теңге қаламақы төленеді?» деп сұрақ қояды. Әрине, бұл – ХХІ ға­сырдың дерті. Жұмыс істемей жа­тып ақшасын санаймыз. Негізі, өзім де сценаристпін. Осыдан 3-4 жыл бұрын әркімге алданып, тегін жұмыс істеген кездер де болды. Бі­рақ ақшамды төлемеді екен деп сце­нарий жазуды тоқтатқаным жоқ. Себебі менде ақшадан гөрі жа­зу­ға деген махаббат басым. Қазір соның жемісін көріп жүрмін. Сон­дықтан жобаға барыңды салып кіріссең, міндетті түрде өтеусіз қал­майды. «Аппақ келіннің» сце­на­ристеріне келсек, туындыны бірне­ше сценарист бірігіп жаздық. Менімен қоса, «Ұлы дала комедия» фильмінің сценарийін жазған Абду­саид Төлегенов, Нұрлан Қоян­баев­тың «Қазақша бизнес», My Love is Aisulu-ын жазған Бұқар Марат бар. Топтасып жазудың өзінің қиын­дығы мен қызығы тағы бар. Сериал идесы бөлек дүние, ал оны ары қарай өрбіту – нағыз бас қатыратын іс. Бір-біріңмен келіспей, ренжісіп, қайта татуласатын кез болады. Мысалы, әріптесің «мына ситуа­ция­да осылай істесек, өтімдірек болады» десе, оны құптамай сөзге келіп қаласың. Үйге келгеннен кейін түнімен ойланып, ертесінде «сенікі дұрыс екен» деп қолын алған сәттер жетерлік. Жалпы, ішіне кірсең, шығармашылық өте қызық дүние. Кейде басың ауыр­ған­нан басқа жұмыспен айналы­суды қалайсың. Бірақ жұмысқа деген махаббат бізді керісінше қамшылайды, біріктіреді, тоқ­татпайды. – «Қазақтар мұндай қарқынмен жақында Netflix-ке шығады» дейтін пікірлер бар. Ұтымды жобаны қалай «көздейсіздер»? – Әлеуметтік желіден осы пікір­ді оқығанда іштей марқайып қал­ғаным бар. Дегенмен мұндай пі­кір­лер бізді одан сайын қанаттан­ды­рады. Salem Social Media-ның не­гізгі мақсаты – әлем нарығына шы­ғу. Әлемге қазақ деген ұлттың болмысын таныстыра отырып, бә­секеге қабілетті контент ұсыну. Сол себепті Netflix-ке шығу – кезекті белес. Ал біздің одан да биік жоспа­рымыз бар. Әзірге жобаларды көр­ген алыс-жақын шетелдіктер таң­данысын жасырмайды. Мысалы, «Сержан братан», «Шекер», «5:32», сериалы біраз уақыт трендтен түскен жоқ. Әрине, шығарған әр өнімнің танымал болмайтыны тағы бар. Мәселен, сіз бен біз атаған Netflix жылына 20 сериал түсірсе, соның үшеуі нысананы дәл көз­дейді. Сол сияқты біз де белгілі бір жобаға кіріспес бұрын кеңес өткі­земіз. Әр жұма сайын бас продюсер Қуат Садықовпен бірге бірнеше жобамен танысып, талқылаймыз. Осылайша, идеяны «пісіріп», өтімді жоба болады-ау дегенін жарыққа шығаруға кірісеміз. Кейде идея авторының алтыншы түйсігіне се­нетін кез болады. Өйткені шығар­машылық адамы туындының қай жерге дейін «шабатынын» іштей біледі. Сондықтан ұтымды жобалар ұзақ сүзгіден кейін дүниеге келеді.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ