Жамбыл облысындағы Шу ауданынан тағы шу шықты. Айдың-күннің аманында жас жігіттер тәртіп сақшыларын сабап тастады. Желіде желдей ескен бейнежазбада жұдырықтың астында қалған полицейді бірнеше баланың тепкілеп жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ бейнежазбадан тапаншадан оқ атылғаны да көрініс тапқан. «2022 жылдың 7 мамырына қараған түні Шу аудандық полиция бөліміне белгісіз адамдар тобының полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті. Патрульдік полиция қызметкерлері Шу қаласының теміржол бекеті алаңының жанында алдыңғы мемлекеттік нөмірлік белгісі жоқ «ВАЗ-21014» маркалы автокөлігін тоқтатқаны анықталды. Мән-жайларды анықтау барысында автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, басқа таныс азаматтармен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен. Аталған дерек бойынша Шу аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК 380-бабы 1-бөлігімен (билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану) сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір заңға қайшы әрекеттердің барлық қатысушысы анықталды, олармен жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Билік өкілдеріне қатысты күш қолданған белсенді адамдар ҚР ҚПК 128-131-бабы тәртібінде ұсталды», – деді облыстық Полиция департаменті ресми мәліметінде. Департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова оқиғаға қатысы бар 8 күдіктінің ұсталғанын, оның 2-еуі қыз баласы екенін, олар үй қамағына алынғанын хабарлады. Тағы бір азаматқа іздеу жарияланған. Әрине, мұндайда құзырлы органдар әккі әдетіне салып барлық мән-жайды тергеуге байланысты құпия ұстайды. Сондықтан біз куәгерлердің сөзіне құлақ түрген едік. Шулықтардың айтуынша, жастар мен полицейлер арасындағы жанжал «Шыңғыс хан» мейрамханасының алдынан басталған екен. Тәртіп сақшыларымен сөзге келгендердің дені 1996,1999 және 2002 жылы туған жастар. Осылайша, кафе алдынан басталған жанжал көше бойында жалғасып, бұзақыларға көлікпен тағы жігіттер келіп жеткен. Нәтижесінде, екі тәртіп сақшысын олар екіге бөліп әкетіп, жұдырықтың астына алған. Полицейлердің бірін жастар жабылып ұрса, екіншісі тапаншасымен аспанға оқ атып, әріптесі үшін араша түскен. Оқиға орнына қосымша жасақ жеткенде бұзақылыққа белсенді қатысқан екі жігіт қашып кеткен. Қазір полицейлер бір емес, негізінде екі азаматқа іздеу жариялап жатқан көрінеді. Әрине, бұл біздің емес, бұқараның сөзі. Сондай-ақ ел арасында аталған оқиғаға қатысты түрлі нұсқалар айтылып жүр. «Жастардың тәртіп сақшыларын жерге жатқызып тепкілейтіндей не себеп болды?» деген сауал да көпшілікті толғандырады. Жастар мас болған күннің өзінде құқық саласының қызметкеріне қол көтеру үшін үлкен себеп пен тәуекел керек қой. Полицейге қарсылық көрсеткеннің жақсы болмасын кімде болсын жақсы біледі. Сондықтан бұл жерде жастардың ашуын шақырып, атылған тапаншадан да сескенбей төбелесуге итермелеген бір себеп бар секілді. Үй қамағында отырған қыздармен тілдесу мүмкін болмады. Алайда бір анығы, бұл Шу ауданында болған бірінші оқиға емес. Алдыңғы жылы елді мекенге қарасты «Батыс «шағынауданында жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан полицейді екі тұрғын ұрып, қызметтік көлігін айдап кеткен болатын. Ол аз десеңіздер, бұзақылар аудандық полиция бөліміне тиесілі көлікті аялдамаға соғып тастады. Кейіннен белгілі болғаны, екі жігіт полиция көлігіне жол бермей қойған екен. Салдарынан тұрғын мен тәртіп сақшылары арасында кикілжің туып, бір-біріне жұдырық алып жүгірген. Тәртіп сақшысы қосымша жасақ шақырғанда екі азаматтың бірі полицейдің қызметтік көлігін айдап кетіп, оны аялдамаға соғып тастаған. Сондай-ақ былтыр Шу ауданында 37 жастағы азамат учаскелік полицейді пышақтап тастады. Отбасылық жанжал бойынша шақыртуға келген тәртіп сақшысына бағынудың орнына тұрғын оған пышақ ала жүгірген. Бірнеше жерден пышақталған полицейдің өмірін аудандық аурухананың дәрігерлері сақтап қалды. Аудандағы осы сарындас оқиғалардың көбеюіне полиция бөлімінің басшыларымен бірге жергілікті тұрғындар да алаңдайды. Негізі полиция формасын көрсе адам сескеніп, бойын жинауға тырысушы еді. Ал шулықтардың бірі тәртіп сақшысына жұдырық алып жүгірсе, екіншісі пышақтап тастап жатыр. Тіпті, тәртіп сақшыларына тиесілі қызметтік көлікті соғып тастап жатқандар да бар. Демек, ауданда құқық саласының қызметкерлеріне деген құрмет азайып, халықтың сеніміне селкеу түскен сияқты. Оған себеп те жоқ емес. Олай дейтініміз шулық полицейлер тұрғындардың көліктеріне ескірткі жасырып, қолдан қылмыстық іс қозғайды деген әңгіме ел арасында жиі айтылады. Халықтың полицейлерге қырын қарауының басты себебі осында секілді. Сондықтан Шу аудандық полиция бөліміне арнайы тексеріс жүргізіп, жұмысын бір зерделеген жөн-ау. Әйтпесе тәртіп сақшылары мен тұрғындардың текетіресі жақсылыққа апармайтыны анық.
Жамбыл облысы