Серілер туған ауылдар тозып барады
Серілер туған ауылдар тозып барады
322
оқылды
Көкшетау, Арқа өңірі дегенде көптің көкейіне ең алдымен ел аузында сұлу да сырбаз әні мен өнерімен қалған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан салдай тұлғалардың бет-бейнесі келетіні ақиқат. Ғасырлар қойнауында кетсе де күні бүгінге дейін сал-серілердің әуелете шырқаған ән-жыры, ел мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі ел жадында сақталған. Алайда тарих бедерінде есімдері алтын әріптермен қалған жоғарыдағы тұлғалардың туып-өскен ауылдарының қазіргі ахуалының төмендеуі, ескерткіштерінің елеусіз күйде көлеңке тұста қалып жатқаны алаңдатады. Еліміздегі туристік кластерді дамытуда табиғаттан бөлек тарихи тұлғалар мен ескерткіштерге назар аударсақ жөн болмас па еді деген ой да келеді. Мәдени мұраларды қайта түлету, сақтау және қорғауға алу мәселесіне Президент те назар аударып, Пар­ламент қабырғасында да күнделікті қаралып, жергілікті жерлерде тарихи орындарға баса назар аудару жүктелген-ді. Тіпті биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ТМД елдері арасында халық шығармашылығы мен мәдени мұралар жылы деп жариялаған. Бұл орайда ел мәде­ниетінде ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғалар мен олардың мұраларының ұрпақ жадында қалуы­на аса назар аударылмай жатқаны алаңдатады. Көкшетаудан таяқтастам жерде Айыртау ауданына қарасты Ақан (Ақжігіт) Қорамсаұлының атындағы ауылы бар. Тоқсаныншы жылдардың басында жүзге жуық түтін түтеткен Ақан серінің туып-өскен жерінде құрылған бұл ауыл қазір жетімнің күйін кешкендей халге түскен. Ақан серінің 150 жылдық тойына орай мұнда 200 орындық мектеп, мәдениет үйі, 42 бірдей сол заманғы озық үлгідегі коттедж үйлер тіпті кәріз жүйелері мен ауызсуына дейін тартылған. Алайда серінің атын иемденген ауылдың бүгінде тоз-тозы шыққан. Ауылда қазір тек жиырма шақты ғана үй тұрады. Кезінде дүркіреген ауылдың қос қабатты мектебіне қазір ауыр қара құлып ілінген. Ауылдың бес-алты баласы қазір аудан орталығы Саумалкөлдегі мектеп-интернатында оқиды екен. Дегенмен ауыл тұрғындары тек малмен ғана күнелтіп жатса да, жоғары жаққа қыңқ етіп көрмеген. Тіпті, қаражат болса серінің ескерткіші маңында этно-туризмді дамытуды мақсат етіп отырған азаматтары да бар екенін байқадық. «Мен өзім қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімімін. Ауыл қазір карта бетінен сызылып кету қаупі төнген болашағы жоқ ауылдардың қатарына кіреді. Ақан серінің 175 жылдығына орай осыдан бірнеше жыл бұрын Ақан сері мен жан серігі Құлагер атына, құмай тазысы – Басаралыға, құсы – Қараторғайға ескерткіш қойылған. Ақанның Құлагері су ішкен құдығы да осы жерде. Бірақ қазіргі күйі күтімді қажет етеді. Жалпы қазір бұл ескерткіштің бәріне күтім керек. Бюд­жет қоржынынан қаржы бөлінбесе де ауылдық округ әкімдігі маңына гүл егіп, тақтайларын сырлап, әктеп жатады. Ескерткішті орнынан алып, аудан орталығы Саумалкөлге апарып қою туралы қоғам арасында тартыс жүріп жатыр. Алайда күтімі аз болған соң ескерткіш те, ауылдағы әлеуметтік нысандар да тозып кеткен. Өз басым ауылда жылқы өсіріп, бие байлаймын. Ескерткіш маңына алтыбақан қойып, келген жұртты Ақан ауылымен таныс­тыратын аттарды қойғымыз келген. Басқа да тың идеяларым бар. Алайда мұның бәріне де алдымен қаражат керек. Билік тарапынан назар аударылса деген тілегіміз бар», – дейді Ақан сері ауылының тұрғыны Ержан Алпысбайұлы. Айыртау ауданында ел жадында әсем әнімен қалған Үкілі Ыбырайдың туып-өскен ауылы да бар. Ауыл аудан орталығы Саумалкөлден 50 шақырым­дай қашықта орналасқан. Осыдан тура 12 жыл бұрын 2010 жылы ауылда мектеп ауласына әрі ақын, әрі сазгер Ыбырайдың бюст ескерткіші қойыл­ған. Бірақ ауыл әкімі ескерткіштің бүгінгі жайы күтімді қажет ететінін ашық айтты. «Бюсттің гипсі жарылып кеткен. Реставрация жасауды қажет етеді. Аудандық бюджеттен қаржы бөлінсе жөндетеміз деп отырмыз. Ескерткіш маңына үнемі сенбіліктер өткізіліп тазартылып тұрады. Ауылдың тұрмыс жағдайы жаман емес. Негізінен мал өсірумен айналысады», – дейді Қамысақты ауылдық округінің әкімі Жақсылық Әбдірұлы. Ал бүгінде өзі туған ауданға есімі берілген Біржан салдың да ауылы қазіргі Степняк қаласының іргесінде тұр. Тарихи деректерге сенсек Қожағұл ауылы болған елді мекен кезінде Мыңшұңқыр атанған. Ал қазір Степняк қаласының жанында Бұлақбасы деп аталады. Қаланың өзінде Біржан сал көшесі, музейі, ескерткіші, музыкалық мектебі де бар. «Біржан сал мазары да осы Степняк қаласында. Былтыр сал бабамыздың музейі ашылған. Сондай-ақ музыка мектебі де бар. Мен зейнет жасындамын. Дегенмен басшылықтың сұрауымен әлі де болса осы музыкалық мектепте балаларға домбырадан сабақ беремін. Біржанның әндерін, шығармаларын балаларға үйретемін. Біржан сал бабамыздың туған жері бұрынғы Мыңшұңқыр, қазіргі Бұлақбасында Біржанның ескерткіші қойылған. Үнемі абаттандырылып, жөнделіп тұрады. Дегенмен көкейде осы маңдайға біткен тұлғаларымызды насихаттаудың әлі де кемшін екендігі байқалады», – дейді Біржан сал атындағы музыка мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Тәстенбек Смағұлов.
P.S.  Елдің әдебиеті мен мәдениетіне тың серпін беріп халықтың еркесі һәм серкесі болып есте қалған арқаның сал-серілерінің ауылдары мен тарихи ескерткіштер мен естеліктерінің бүгінгі ахуалы осындай. Туған ауылдарына кезінде ескерткіштер қойылып еске алынғанымен бүгінде сал-серілер мекені мемлекет тарапынан назардан тыс қалып қойғаны анық байқалады. Бұл орайда сол серілердің ауылдарында тарихи туризмді дамытып, сол сияқты ауылдарда жыл сайын әншілер мен жыршылардың байқауларын ұйымдастырса жөн болар ма еді деген ой келеді...

Ақмола облысы