«Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
«Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
443
оқылды
Түркістан қаласында мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына – 2022» фестивалі мәресіне жетті. Салада абыройлы еңбек етіп, көптің көзіне түскен байқау жеңімпаздарын Мәдениет және спорт министрлігі марапаттады. Байқауға еліміздің 17 өңірінен кітапхана саласы бойынша 125, мәдени ойын-сауық саласы 87 және музей саласы бойынша 73 үміткер қатысуға ниет білдірген. Аптаға созылған байқаудың қорытындысы бойынша сан саладағы үздік 44 маман арнайы сыйлықтармен марапатталды. Фестивальдің құрметіне киелі Түркістан шаһарына арнайы барған Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жүлдегерлерді марапаттап, мәдениет және өнер саласының үздіктерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Фестиваль жеңімпаздарына Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, Ұлттық кітапхана директоры, қазылар алқасының төрағасы Бақытжамал Оспанова, «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» кәсіпорнының директоры Сәуле Бөрібаева, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжінің директоры, Жеңіс Сейдуллаұлы және дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажановалар да ыстық ықыласын білдіріп, қомақты қаржылай сыйақы табыстады.