Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің өкілдері елорда тұрғындарына алаяқтардан сақ болу жөнінде ескерту жасады. Департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, елорда тұрғыны тарапынан «Сарыарқа» ауданының полиция бөліміне сағат 11.50-де белгісіз біреудің өзін экономикалық қылмыс бойынша «Ұлттық банк» қызметкерімін деп таныстырып, 3 млн 455 мың теңгесін қолды еткенін айтып шағымданған. Күдікті жәбірленушіге оның жинақтарын қауіпсіз сақтау мақсатында Бейбітшілік көшесіндегі «Центр Кредит» банкіне ақша аудару керектігін түсіндірген. Биыл осындай әрекеттен елорданың 180-нен астам тұрғыны опық жеген. Жалпы, материалдық шығын 150 млн теңгеден асады. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде. Көршілес елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жүргізілуде, себебі қылмыс іздері шетелден бастау алады деген болжам бар.
«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ескертеді! Егер сізге осындай қоңырау түссе, ешқандай жағдайда деректеріңізді бермеңіз, бұл – алаяқтар! Әңгімені үзіп, банктің колл-орталығының ресми телефондары бойынша барлық ақпаратты нақтылаңыз. Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалмайды және дербес деректерді жинамайды! Есептік жазбаның құпия сөздерін және банк карталарының пин-кодтарын мезгілімен өзгертіп отырыңыз»,-делінген полицияның хабарламасында.