Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың жанындағы жеке дәріхана ғимаратында болған жарылыстан үш адам қайтыс болды.
«Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші, 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған 1 сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомство барлық қажетті шараларды қабылдайды», – делінген министрлік хабарламасында.Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Шымкенттегі перзентхана маңындағы жарылыстан қайтыс болған күзетші туралы айтты.
"Оқиға орнында көз жұмған перзентхананың күзетшісі Ж.Бүркітбаев 1979 жылы туған. Туыстарының айтуынша, келіншегінің аяғы ауыр. Біз оны бақылауға аламыз, қолда бар көмекті жасаймыз. Кредиті бар екен. Ол жағынан да көмектесеміз", - деді Пашимов.Ал қайтыс болған жұмысшыға жұмыс беруші тарапынан материальдық көмек көрсетіледі. Одан бөлек жарылыс кезінде сегіз адам зардап шеккен. Олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылған.