Оқыс оқиға 21 мамыр күні Шымкент қаласында болған. Видеодан полицейлердің жанкүйерлерге алаңға ұшып түскен шатырдың қирандысына "жақындамаңдар" дегенін байқауға болады. Соған қарамастан, жанкүйерлер жалма-жан қираған шатырдың астына кіріп, тұғырдан құлаған көк Туды қирандының астынан алып шыққан. Айта кетейік, Шымкентте Қажымұқан атындағы орталық стадионда «Ордабасы» мен «Ақсу» командасының ойыны кезінде дауылға шыдас бермеген стадион шатыры алаңға ұшып түсті. Төтенше жағдайға байланысты футболшылардың ойыны тоқтатылды. Ресми мәлімет бойынша стадиондағы апаттан ешкім зардап шекпеген.
Алайда дәл осы күні Шымкентте дәріханада жарылыс болып, апат салдарынан 3 адам қаза тапты. Жаралағандар жансақтау бөлімінде жатыр. Облыстық перинаталды орталықтағы жүкті әйелдер мен сәбилер қаладағы өзге перзентханаларға шұғыл ауыстырылды.