Биыл жиырма жеті жылдан соң референдум үшінші рет өткелі отыр. Алғашқы екеуі 1995 жылы ұйымдастырылған. Сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту, ал тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтті. Ал кейінгі 4 түзету Парламентте дауыс беру арқылы жүзеге асты. «Алғашқы референдум мен қазіргінің мәні бөлек» деген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент Айжамал Құдайбергенова өткен референдумдардың аражігін тарқатып айтып бермек. – Бұған дейін өткен референдум бізге қандай өзгеріс әкелді? – Жалпы, референдум – азаматтардың заңдық негізі бар мәселелерге қатысты тілегін білу, қалауын анықтау, дауысқа салу арқылы шешім қабылдау. 1995 жылы елімізде референдум екі рет өткен, осы жолы үшінші рет өткізілмек. Ол референдумдардың бірі – Н. Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға, екіншісі жаңа Конституцияға өзгерістер енгізу болса, одан кейінгі Конституцияға өзгерістер Парламент арқылы жүргізілді. Өткен референдумдардың біріншісі қарапайым халықтың әл-ауқатының жақсарылуынан көрі, ат-төбеліндей топтың халық есебінен баюына тегеурін қоя алмайтындай жағдайдың тууына әкелді. Екіншісі – Конституцияға өзгерістер енгізсе, ол да жекелеген адамдар мен топтардың ел байлығына ие болып, лауазымды тетіктерді жеке пайдасына емін-еркін пайдалануына жағдай туғызды. Ендігі үшінші, биылғы референдумда Конституцияның 33 бабы бойынша Қазақстан халқы өз қалауын білдіреді деп күтілуде. Еліміздің 30 жылдық дамуы кезінде жетістіктермен бірге халық игілігіне тиімсіз болған заң баптары да бар екенін тарих көрсетті. Оған бір мысал, Қаңтар оқиғасы. Сөйтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шоғырын халықтық талқыға салды. – Сіздіңше, қай заңның баптарын өзгерту керек? – Жаңа редакциядағы Ата заңымызда:
- Жерге, жер асты байлығына, суға, өсімдік пен жануарлар әлемі, т.б. табиғи ресурстардың халықтың (мемлекеттің) меншігі екені аталды. Бұл жерде «Қазақстан халқының меншігі» деген сөз нақтырақ болар еді.
- Адам өмірін тоқтату құқығы ешбір адамға тиесілі емес екеніне шешім айту көзделді.
- Президент ешқандай саяси партияның ықпалында болмауы, оның туыстары да шешуші саяси мемлекеттік, квази мемлекеттік субъектілерде басшылық қызмет атқармау керегі ұсынылды.
- Сондай-ақ мемлекеттік құқық қорғау саласындағы органдар мен қызмет адамдарының саяси партиялар мен кәсіподақтардың мүддесін көздемеуі үшін ешбір партия қатарында болмауына ерекше назар аударуда және т.б.