Өңірлерде Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайы түсіндіріліп жатыр
Өңірлерде Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайы түсіндіріліп жатыр
232
оқылды
Түркістан қаласында референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың кездесуі  өтті. Оған оңтүстік өңірдің, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мәслихатының хатшылары, жергілікті депутаттар мен облыс, қала, аудан Қоғамдық кеңестері және  Ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты. Жиынды жүргізіп отырған «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің және аталған штабтың төрағасы Төлеубек Мұқашев  5 маусым күні  Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша өтетін бүкілхалықтық Референдумның маңыздылығын атап өтті.    width= Референдум – халық билігінің айқын үлгісі.  Әрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы Жаңа Қазақстанды құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі.  Мемлекет Басшысының Жаңа Қазақстанды, екінші республика құру идеясының Референдум өткізуден бастау алуы -  тарихи оқиға. Өйткені, бұл 27 жылдан кейін өткізіліп отырған екінші Референдум. Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер Парламентте талқыланып, енгізіліп келген. Өткізілгелі отырған Референдумның тарихи мән-маңызы ол тұтастай ұлттың тағдырына қатысты мәселелерді халықтың талқысына шығару, оның мемлекеттік билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ете отырып, демократия негіздерін орнықтыру, – деп атап өтті Төлеубек Төлеуұлы. Одан соң сөз алған  республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов референдумның ел болашағы және ұрпақ келешегі үшін қажеттілігіне тоқталса, Түркістан облыстық маслихатының хатшысы Қайрат Балабиев тағдыршешті референдумның жаңа Қазақстан құрудағы рөлін атап өтті.    width= Республикалық кәсіподақ федерациясы басшысының орынбасары Н.Өтешов, Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы Ө.Көпеев, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, Алматы облысы мәслихатының депутаты Ә.Төлепбергенова, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты С.Өсербаев, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Қ.Жантөреева, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов өңірлерде референдумды өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өңіраралық кездесу барысында облыс кәсіпкерлермен де жиын өтті. Оған «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов қатысты. Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев референдум мәселесінен бөлек, кәсіпкерлерге Президент тарапынан көрсетілетін қолдауды атап өтіп, кәсіпкерлердің ел экономикасына қосқан үлесін, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өзекті мәселелерін еске салды. Жиынға қатысушыларды ел тарихында өткізілетін екінші референдумға бір үйдің баласындай қатысуға шақырды.    width= Республикалық қоғамдық штаб өкілдерінің кездесулері Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі егіс алқабында шаруа қожалықтарының төрағалары мен диқандармен кездесумен жалғасты. Кездесу барысында республикалық штабтың және «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Мұқашев, облыстық қоғамдық штаб төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының  хатшысы Қ.Балабиев өз ойларымен бөлісіп, Референдумның мән-маңызын түсіндірді.  width= Атап өтейік, Референдум өткізу жөнінде ел азаматтарының алдына қойылған міндетті жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен республика көлемінде және өңірлерде Қоғамдық штабтар құрылды. Аталған қоғамдық штабтарға үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және  саяси партиялар («Аmanat», «Ақжол», «Ауыл») өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас мамандар, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу  орындарының ректорлары, этно-мәдени бірлестіктердің және білім саласының өкілдері енген.  «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы өткізген 508 іс-шараға  22 мыңға жуық тұрғын қамтылып, оларға Конституциялық түзетулер жайлы түсіндірмелер берілген.

Түркістан облысы