Атырауда босанған 37 жастағы әйел қайтыс болды. Оның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлер кінәлі деп есептейді. Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, келіншектің өліміне қатысты модульді аурухана дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған, – деп хабарлайды Ақ Жайық. Марқұм Гүлдана Сарөзенова - ата-анасының жалғыз қызы. Ол төртінші баласын дүниеге әкелуі керек еді. Анасының айтуынша, босанардан бір апта бұрын дәрігерлер оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Кейін оған үйде емделуге кеңес берген. 17 қаңтарда келіншектің толғағы басталып, модульді ауруханаға жеткізілген.
"Қызым босанар кезде ішін қатты басқаны сонша, көкбауыры жарылып кеткен. Оның ұйқы безі де жарылған. Адамның барлық мүшесі бір-бірімен байланысты ғой. Олар қанның қайдан шыққанын білмеген. Дәрігерлер бәрін түсінген кезде кеш қалып, қызым қайтыс болды", – дейді марқұмның анасы Светлана Сарөзенова.Гүлдана Сарөзенова 18 қаңтарда қайтыс болған. Қазір сәби үш айлық, оны нағашы ата-әжесі қарап жатыр. Денсаулығы жақсы. Одан бөлек Гүлдананың артында тағы үш ұл қалған.
"Мен ол тіркелген емханаға бардым. Анализдері денсаулығында еш кінәрат болмағанын көрсетіп отыр. УДЗ-де еш ауытқушылық анықтамаған. Не болғанын және кім кінәлі екенін білмеймін. Денсаулығы жақсы еді. Кесарь тілігін жасауға болмас па еді? Ауыр жағдайда жатқанда күйеуі барғанда ол: "Мені әбден қинады" деп айтып үлгеріпті", – дейді марқұмның анасы.Осы ретте Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазір бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-тармағы ("Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы") бойынша тергеу жүріп жатыр", – деді Ердәулет.