23 мамырда Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Саяси процестің жаһандық мәселелері» конференциясы өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, ректор Дархан Біләлов, «AMANAT» партиясының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және жастар істері жөніндегі басқарма/студенттік өзін-өзі басқару органдарының төрағалары, белсенді студенттер қатысты. Мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңының жобасымен таныстыру, алдағы референдумға қатысу бойынша азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Дархан Біләлов ел экономикасын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер жүктелген мемлекеттілігіміздің дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы үшін өте маңызды қадам жасағанын атап өтіп, саяси реформалардың қажеттігі туралы айтты.
«Негізгі заң Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мүдделерін ескеруі тиіс. Референдум – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы алғашқы нақты әрі батыл қадам. Бұл қадамдарды жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық ел дамуына өз үлесін қосуы керек», – деді ректор.Кездесу барысында спикерлер ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі айтып, еліміздің қолданыстағы Конституциясына ұсынылатын түзетулер демократияны нығайтуға, заңның үстемдігіне бағытталғанын атап өтті. Референдум жаңа Қазақстанды құрудың нақты қадамы екені, саяси реформалардың негізгі тетігі – Президент алға қойған конституциялық өзгерістерді халықтың қолдауы, әрбір қазақстандықтың еліміздің дамуына үлес қосуы керектігі айтылды.