Өзгерістің бастауы – азаматтық белсенділік
Өзгерістің бастауы – азаматтық белсенділік
275
оқылды
Жалпыхалықтық референдумға ұсынылып отырған Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды ең әуелі халық қолдауы керек. Олай болмаған жағдайда қоғамдық-саяси өмірден өзгеріс күту бекершілік. Оның үстіне Конституцияның баптарына енгізілетін 50-ден аса өзгерту мен толықтырудың ешқайсысы да құпия емес. Бұл нормаларды оқып, танысу ешқандай қиындық туғызбайды. Сөз болып отырған өзгерістер мен толықтырулардың 20-дан астамы терминологиямен байланысты. Мәселен, Конституциялық кеңес, Конституциялық сотқа ауысады. Ал Есеп комитеті ұғымын жоғары аудиторлық палата алмастырады, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы бір бап енгізіледі деген сияқты. Ал тағы үш бап осы заң жобасының күшіне енгізілу тәртібін, атаулары өзгерген органдардың өкілеттік мерзімдерін реттеуге арналған. Дегенмен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге арналған нормаларды енгізу, оған қазақстандықтардың Конституция кепілдік берген құқығын қорғауда айрықша өкілеттілік беру, Президенттік өкілеттіліктерін биліктің басқа тармақтары арасында бөліп берудің нәтижесін байқамай қалу мүмкін емес. Сондықтан референдум нәтижесінде бұл өзгерістер ең әуелі Конституцияға енгізілуі керек. Мұның барлығы заң шығармашылық тәртіпке сай жүзеге асады. Сонда ғана жаңадан құрылатын немесе атауы өзгеретін органдардың, лауазым иелерінің құқықтық қызметі қамтамасыз етіледі. Мұнан бөлек Президент өзінің біраз өкілеттіліктерін Парламентке беруі, партияның мүшелігінен, басшылығынан бас тартуын, туыстарының мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлардағы басшылық қызметпен айналысуына шектеуді реттейтін заң нормалары да қолданысқа енеді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының құрамында 10 шақты заңгер ғалым еңбек етті. Олардың әрқайсысының Конституция мәтініне қатысты бұрыннан қалыптасқан ой-пікірлерІ бар. Соған қарамастан, біз дәл қазіргі сәтте ең басты бағыт Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдық. Қазіргі экономикалық-саяси жағдайға байланысты күн тәрті­бінде шұғыл өзгерістер енгізу міндеті тұрды. Бұл тұрғыда жұмыс тобының мүшелері Президент қойған межені еңсеру бағытында бірлесе жұмыс істеді. Негізінен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қазіргі жобасында Конституцияның алдыңғы нұсқаларымен салыстырғанда өзгерістер жеткілікті. Енді бір бастамалар сол кездегі кейбір нормаларды қайтаруды көздейді, мысалы Конституциялық соттың дәрежесін, атауын қайтару. Қазіргі өзгертулер мен толықтырулардың ең маңыздылары Тұңғыш Президент туралы нормаларын алып тастау және қазірден бастап Президенттің кейбір өкілеттіліктерін билік тармақтары арасында бөліп беруден, сондай-ақ кейбір құқықтарын шектеуден де көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жаңа заманның талабына сай келеді әрі олар сонысымен де құнды, сонысымен де өзекті.  

Сара ИДРЫШЕВА, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды  тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, M.S. Narikbaev atyndag`y KAZGUU Universiteti  жеке құқық департаментінің профессоры, заң ғылымдарының докторы