Он үш жастағы қызды бұралқы иттер талап тастады, – деп хабарлайды КТК. Оқушының басынан бастап, қол-аяғы мен денесінің ит тістемеген жері қалмаған. Оны тұрғындардың бірі арашалап қалған. Ал қаптаған қаңғыбас иттердің көзін құртуға ветеринарлардың қолы қысқа. Жануарларды қорғау туралы заң күшіне енгенімен, бірақ бұралқыларды аулауға қатысты ереже әлі күнге дейін қабылданбаған. 13 жастағы қызға иесіз иттер мектептен қайтар жолда шапқан. Куәгерлер сол жерде он бес шақты қаңғыған ит жүргенін айтады. Бірі оқушының аяғынан, бірі қолы мен басынан тістеп жұлмалапты. Қазір денесінің сау-тамтығы қалмаған қыз ауруханада жатыр. Баланың шошынғаны сонша, тек дәрінің көмегімен ұйықтайды. Оқушы қыздың анасы Алтынгүл Жарылғапова: «Жеуге қалған ғой тек. Дым жоқ. Табанына дейін. Тек бетін жапқан. Мойны, беті ғана сау қалған. Басын кәдімгідей жұлып алған. Үкімет менің баламды өлтіріп отыр, шынын айтқанда. Үкімет өлтіріп отыр. Заңдарымен, қолданбаған шараларымен өлтіріп отыр. Тағы бір 3-4 минут кеткенде, кеңірдегінен үзіп өлтіретін еді», – дейді. Ветеринарлар иесіз ит-мысықты атуға жаңа заң тыйым салғанын айтады. Ал аулап, күтіп-бағуға қатысты ережені экология министрлігі әлі бекітпеген. Енді соның кесірінен ветеринария басқармасындағылар бұралқыларға қатысты түк істей алмай отыр. «Жануарларды қорғау туралы» заң наурызда ғана күшіне енген. Ал қосымша қағидаларын орман шаруашылығы комитеті қабылдауға тиіс. Тіпті иесіз ит-мысыққа қатысты мәселенің шешілмеуіне, осы экология министрлігіндегілер кінәлі деп сөгіс те жарияланған.