Жас инспекторлар жарысы
Жас инспекторлар жарысы
Өскеменде «Жол қозғалысының жас инспекторлары» слёті өтті. Ба­лалар жылына орай облыстық По­лиция департаменті мен Білім бас­қармасы бірлесе ұйымдастырған шараға ұзын саны сегіз команда қатысты. Жол ережесін жетік мең­герген полиция қызметкерлерінің ал­дында өзара сынға түскен 15 жас­тағы балалар әртүрлі кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Әуелгі ке­зеңде бес минут ішінде 100 сұраққа жауап беру талабы қойылды. Біле білсек, бес минут дегеніміз, жүргізу­ші куәлігін алу үшін емтихан тап­сыр­ғандағы уақыттан екі есе кем. Бұл сыннан мүдірмей, сүрінбей өтіп, сұрақтарға сақылдата жауап бер­ген балалар болды. Сонымен қа­тар жолда түрлі оқыс оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуден де сынға түсті. Мұны әр азамат білуі тиіс. Себебі қандай да бір оқыс оқиғада алғашқы көмек көр­сете алмай, абдырап қалатыны­мыз жасырын емес. Ал жас инс­пекторлар алғашқы медициналық көмек көрсетуге сақадай сай екенін паш етті. «Балалардың дайындығы қуантты. Жалпы, мұғалімдер, ата-аналар оқушылардың жол ережесін есте ұстауына, сақтауына ерекше мән беруі керек. Ойлап қарасақ, жолдан ұялы телефон ұстап немесе жаяу жүргіншілер белгісі жоқ жер­ден ке­сіп өту сияқты өрескел қа­те­ліктердің соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол ережесіне салғырт қарауға бол­майды», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық Жергілікті по­лиция қызметі басқармасы бас­ты­ғы­ның орынбасары Андрей Ларионов. Жарыс барысында қазылар алқа­сы «Қауіпсіз жаз» атты қабырға газеттерін де шолып шықты. Оқу­шылар мұнда жол қауіпсіздігіне қатысты мақалаларын жариялап, ақпараттық суреттермен көркем­депті. «Өзім бұл сайысқа екінші рет қатысып отырмын. Көліктің көбей­ген заманында жол ережесін әр адам­ның білуі міндет. Өзім қала ішін­дегі жол жүру ережесін жақсы бі­лемін. Бұл ең әуелі өзіміздің қауіп­сіздігіміз ғой. Менің ойымша, мек­теп оқу­шы­ларының әзірлігі по­ли­ция қыз­мет­керлерінің көңілінен шық­ты», – дейді қаладағы №49 мек­тептің 8-сынып оқушысы Асанәлі Қайрат. жас инспекторлар Сайысқа қатысқан команда­лар­дың ешқайсысы қара жаяу емес. Жол ережесін біршама меңгерген. Себебі олар Өскемендегі жол жүру ережесін оқытып-тоқытатын балалар клуб­тарына барады. Ол клубтың бірқа­тары республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Топ жа­рып жүргендерін бүгінгі сында тағы бір рет дәлелдеді. «Біздің мектептің оқушылары аптасына екі рет клубқа барады. Сонымен қатар мектепте де дайындалады. Бүгінгі сайысқа 10 бала келіп отыр. Жалпы, 40-қа жуық оқушы үйірмеге қатысады», – дейді қаладағы Ахмет Байтұрсынов атын­дағы №20 орта мектептің мұғалімі Еркежан Қайсарханова. Иә, бұл күні осы мектептің оқу­шы­лары үздік екенін дәлелдеп, жал­пы командалық есепте 1-орынды ие­ленді. Екінші орын Шоқан Уәли­ханов атын­дағы №3 мектеп-ли­це­йінің «Ақжол» командасына, 3-орын №22 орта мек­тептің «Дорожный патруль» коман­дасына бұйырды. Жа­рыс қорытын­дысына сәйкес ко­мандалар I, II, III дәрежелі диплом­дармен марапат­талды. Жүлдеге ілін­беген қатысу­шы­ларға да серти­фикаттар берілді. Ерекше атап өтерлігі, облыс мек­тептерінде оқушыларға жол ережесін үйретуге жіті мән беріледі. Шығыс Қазақстанда 4 мыңнан астам мек­тепішілік үйірме мен секция бар. Онда 177 мың бала тәрбие алып жа­тыр. Ал Өскеменде «Жігер» балалар-жасөспірімдер бірлестігі жұмыс істейді. «Балалар мен жасөспірімдер­ге арналған «Ақ жол» атты клубымыз бар. Мұнда оқушыларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін, жолда қалай жүруді, өзін-өзі ұстауды үйретеміз. Клуб 2014 жылы ашылған. Тегін. Кез келген бала қатыса алады. 10 жастан бастап қабылдаймыз. Қаладағы бар­лық мектеппен жұмыс істейміз. Бір­лестігімізге 150-ден астам бала қа­ты­сады», – дейді бірлестіктің педагог-ұйымдастырушысы Ирина Ли.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы