Талап болса, таңдау бар
Талап болса, таңдау бар
369
оқылды
Кеше елордадағы «Тұлпар» сауда орталығының автотұрағында қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ жоғары оқу орындары түлектері мен жұмыссыз жастар үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараның негізгі мақсаты жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнатып, жұмыссыздар санын азайтуға бағытталған. Халықты жұмыспен қамту мен тұрақты табысын сақтау абсолютті басымдық болуы тиіс. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында да жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамыту мақсаты маңызды рөл атқаратыны жиі айтылады. Президент пәрменін орындау мақсатында іске асқан шараны «Астана жастары» КММ мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірге ұйымдастырып жатыр. Жәрмеңкеге келушілер таңнан бері өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерделеуге және бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік алған. Сондай-ақ жұмыс іздеушілерге «Бастау Бизнес» бағдарламасы, мемлекеттік гранттар бойынша да кеңес берілді. Өз кезегінде мансаптық жолын бастаған жас буын өкілдері де қызметтің алғашқы баспалдағын басуға бірнеше мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, өз мамандығының «құнын» анықтауға көмектеседі. Мәселен, Екібастұз қаласынан келген Әнуар бұған дейін де Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы өз қаласында жұмыс тапқан. Алайда арман қуып, ел астанасына келген ол жәрмеңке ұйымдастырып жатқандарға алғысын білдірді. «Жұмыс іздеп жүргендерге тамаша мүмкіндік жасап жатыр. Бұл жұмыссыз жүрген адамдардың екі қолға бір күрек табуына көмектеседі деп ойлаймын. Айлығы тәуір, тұрақты жұмыс іздеп жүрмін. Бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім. Нақты мамандығым болмаған соң барлық жұмыс көңілімнен шығып тұр. Бірақ айлыққа аздап көңілім толмай тұр», – дейді ол. Айтуынша, Екібастұзда 200 мың айлық бір ай өмір сүруге жеткен. Себебі Әнуар өз қаласында ата-анасының үйінде тұрыпты. «Бірақ басқа қалада пәтер жалдайтын болғандықтан, айына 200 мыңнан жоғары жалақысы бар жұмыс іздеп жүрмін. Өйткені бұл қалада 200 мыңнан аз айлықпен өмір сүру өте қиын. Күнделікті пәтерақы мен жолақы, ішіп-жейтінің мен киімге қара басым жүріп 200 мыңды жеткізе алмай- мын», – деп ағынан жарылды Әнуар. таңдау Алайда жұмыс берушілер тарапынан жақсы ұсыныстар да жасалған. Мысалы, «Фолиант» баспа үйі 22 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. «Оның ішінде полиграфиядан басталып, кеңсе жұмыстарына дейін бар. Баспада нақты бір мамандық алмаған адамдар да істей береді. Жалақы да жұмыс көлеміне байланысты. Орта есеппен ораушылар мен жапсырушылар 150-180 мыңдай жалақы алады. Сондай-ақ кеңсе жұмыстары бар. Қазақ және орыс редакцияларына корректорлар мен кеңсе қызметкері керек. Менеджерлер мен сату жөніндегі кеңесші мамандықтарға да адам іздеп жатырмыз. 1-2 курс студенттерін де уақытша жұмысқа шақырамыз. Жазғы демалыс кезінде оларға да жақсы ұсыныстар бар. Жаз айларында кітап жәрмеңкелері болады. Олардың айлығы 100 мыңнан жоғары. Жұмыс уақыты кеңседе болса, 5 күн істеп, екі күн демалады. Уақыты 9-дан кешкі 6-ға дейін. Ал егер жәрмеңкеге шықса, түстен бастап кешкі 10-ға дейін», – дейді баспа үйінің бас директоры Жанна Жұмабаева. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Әлфараби Нұркенұлының айтуынша, жәрмеңкеге 10-ға жуық жұмыс берушіден 100-ге тарта бос жұмыс орны ұсынылған. Бір айға дейін жалғасатын мұндай жәрмеңкені Халықты жұмыспен қамту орталығы тұрақты өткізіп тұрады. Ал «Астана жастары» КММ да айына бір рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды қолға алып келеді. «Келушілердің талабы әртүрлі. Кейбіреулері тұрақты, енді біреулер уақытша жұмыс іздеп келеді. Егер ұсыныс ұнап жатса, тәжірибеден өтуге шешім қабылдап жатқандар бар. Ең төменгі жалақы 70-80 мыңнан басталып, орташа есеппен алғанда 150-200 мың теңгеге дейін. Жұмыс берушілер де әртүрлі. Кейбір бос жұмыс орындарына орта білім жеткілікті. Сондай-ақ жоғары білім мен тәжірибе талап етілетін мамандықтар да бар», – дейді Әлфараби Аймақ.